20:46 Абай әлемі | |
«САҒАТТЫҢ ШЫҚЫЛДАҒЫ ЕМЕС ЕРМЕК...» Абайдың 1896 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады. Абайдың философиялық лирика жанрына жататын өлеңі. Өтер өмір, мәңгілік және адам тағдыры жайлы толғаныстарға толы бұл өлеңінде Абай сағатты, оның шықылдағын өмірдің тоқтаусыз, толассыз өтіп жатқанын білдіретін, әрдайым біркелкі жылжып отыратын уақыт өлшеуіші т.т... Осы сияқты минут, сағат, күн, ай, жыл деп қандай өлшемдердің қай-қайсысымен өлшенсе де уақыт үнемі ілгері жылжи береді, шегінбейді, барған сайын ұзара түседі. Уақыттың үздіксіз зымырап өтіп жатуы заманның бірқалыпта тұрмайтынын, өзгеріп отыратынын, өткен өмірдің айналып келмейтінін, өткен шақтың қайта оралмайтынын танытады. Мәңгілік тұрғысынан алғанда бір адамның өмірі – бір минут, қас қағым уақыт қана дерлік. «Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас» дейді Абай. Уақыттың, өмірдің үздіксіз өтіп жататыны, заманның ауысуы дүние-болмыстың айнымас, мызғымас заңдылығы деген тұжырым жасай отырып, ақын адам баласы өмірдің тұрлауы жоқ деп шарасыздығына бой алдырмауы керек деп түйеді. «Өткен өмір белгісі – осы сыбдыр, Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр, Ақыл анық байқаған қылығыңды, Қу шыққансып қағасың болса бұлдыр...» - деп, түкке тұрғысыз ұсақ қулық, өнбес іске уақыт кетірмей, ақылмен ойлап, баянды, көңіл толарлықтай іспен айналысу ләзім екенін аңғартады. Өзінің жасы ұлғайғанын, өмірдің өрін тауысуға жақындап қалғанын ойына алған ақынның көңілі діншілдік наным, имандылық сезім арқылы жұбаныш, тыныштық тапқандай болады. «Күн жиылып ай болды, он екі жыл, Жыл жиылып, қартайтып қылғаны – бұл, Сүйенген, сөнген дәурен жалған болса, Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қып...» Бұдан біз «Сағаттың шықылдағы емес ермек» атты өлеңінде ақынның философиялық ой-толғауы нақтылы сезім әсерлерімен, ұлғайған шағындағы көңіл күйінің бір көрінісімен ұштасып келетінін көреміз. Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
