22:13 Абай әлемі | |
ТҰЛПАРДАН ТҰҒЫР ОЗБАС ШАБЫЛСА ДА... Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 3 шумақтан тұрады. Әлеуметтік лирика. Шын дарынды дарынсыз күндеу, мықтыны пысық билеу – өмірде де, өнерде де ежелден етек алған, жиі кездесетін құбылыс. Әдебиет пен өнерде әр қырынан айтылған бұл ойға Абай екі тұрғыдан келеді. Ол – жалпылық пен жалқылық бірлігі. «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да, Оған да үкі, тұмар тағылса да» деп өмірдегі кері кеткен келеңсіз құбылысты жалпылық деңгейде типтендіріп береді, әрі ұлттық пішінде бейнелеп айтады. Соның негізінде өз басының («Қажыртпай мені сырттан жүре алмайды») халін көрген теперішті соны нақтылайды. 19-ғасырдағы қазақ халқының басына кесапат болып тиген көреалмаушылықтың асқынған түрі – орыспен ауыз жаласып, арыз жаздырып, жоғары ұлықтарға кісі жамандау сияқты келеңсіз жайларды ұтқыр байқап, ұтымды бейнелейді. «Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» деген жолдарға қарағанда өлең нақты оқиғадан өріс алған. Ойды үдемелі образбен бейнелеу өлеңнің аяғына дейін созылады. Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Алғаш рет ақынның 1954 жылы жарық көрген толық жинағында (1-том) жарияланды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |