22:44
Абай әлемі

КӘМИЛА

Кәмила Мағауияқызы (1900 – 1932) – Абайдың немересі. Кәмила молдадан ескіше сауат ашқан. Шыныбай дегенге тұрмысқа шығып, көп кешікпей ажырасады. Ағасы Жағыпар Мағауияұлының қолында жүрген кезінде Мұхтар Әуезовпен отасады. Әуезовтен Зере, Мағрипа деген балалары (жастай қайтыс болған) дүниеге келген. Конфискелеу зұлматы кезінде ерлі-зайыптылар ажырасуға мәжбүр болды. Кәмила убо-форфост деген жерде ағасы Жағыпардың қолында қайтыс болған. Сүйегі Шульба СЭС-інің астында қалатын болғандықтан 1982 ж. Қазып алынып, ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің зиратына қойылды. Кәмила Абай әндерін нәшіне келтіріп айтатын шебер әнші болған. Оның күйеуі Мұхтарды сағынып шығарған арнау өлеңдері Абайдың әдеби-мемориалдық музейі қорында сақтаулы.

 

ӘБДІРАХМАН

Әбдірахман (Әбіш) Өскенбаев (1869 – 1895) – Абайдың Ділдәдан туған баласы. Абай Әбдірахманды Семей қаласындағы уездік мектепке (1882) береді. Әбдірахман 1886-1889 ж.ж. Түмен қаласындағы Александров реалдық училищесінің 5,6,7-кластарын оқып бітіреді. 1889-1892 ж.ж. Санкт-Петербургте Михайлов артиллерия училищесінде 3 жыл оқып білім алады. Училищеге әуелі қатардағы юнкер дәрежесінде түскен Әбдірахманға 1890 ж. Унтер-офицер, 1892 ж. Портупей-юнкер, сол жылы тамызда подпоручик деген әскери атақ беріледі. Әбдірахман училищені өте жақсы деген бағамен бітіреді де, 1892 ж. Ташкенттегі бекініс гарнизонының артиллериясына қызметке жіберіледі. Әбдірахманға 1892 ж. Берілген мінездемеде мінез-құлқының өте жақсы, ашық жарқын екені, әскери қызметіне жауапты қарайтыны, таңдаулы офицер болғалы тұрғаны, бірақ денсаулығының нашар екені жазылып, оның құрметті қазақтың баласы екені де ескертіледі. Осыған қарағанда Абайдың қандай адам екендігі Петербургте де белгілі болған. Әбдірахман 1892 ж. Елге демалысқа келгенде Мағрипаға (Мағыш) үйленеді. Мағыштан Рахила деген қызы туады.

Г.Р.Державин, Н.М.Карамзин, В.А.Жуковский, И.А.Крылов, М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, А.С.Грибоедов, И.В.Гете шығармаларын ден қойып оқыған. Әбдірахман неміс тілінде еркін сөйлеп, жаза білген. Ол училищеде оқып жүрген кезінде әкесіне қажетті кітаптарды мезгілінде жіберіп тұрады. Ұғымға ауыр сөздердің мағынасын қоса жазып жолдайды. Сөйтіп, Абайдың дүние жүзі тарихынан, әлем әдебиетінен сусындап, Крылов, Пушкин, Лермонтов, Гете шығармаларын аударуына көп көмегін тигізеді.

Өзінің ой-қиялына, әлеуметтік көзқарасына, ақындық шабытына рухани дем беріп, ақылшысы, сырласы да бола білген Әбдірахманға Абай зор үміт артқан. Әбдірахман 1895 ж. 15 қарашада Ташкентте қайтыс болады да, сүйегі елге әкелініп, ақмолаға жерленеді. Абай Әбдірахманға арнап: «Алланың рахматын...», «Орынсызды айтпаған...», «Көзімнің нұрысыз...», «Тілім, саған айтайын...», «Арғы атасы қажы еді...», «Кешегі өткен ер Әбіш...», «Тұла бойың ұят, ар едің...», «Жиырма жеті жасында...», «Талаптың мініп тұлпарын...», «Бермеген құлға, қайтесің...», «Жылағанды тоқтатып...», «Айналайын құдай-ау...» атты хат-өлеңдер, жоқтаулар жазған.  

 

ӘЗІМБАЙ

Әзімбай Тәңірбергенұлы (1866 – 1918) – Абайдың немере інісі. 1895 ж. Шыңғыс болысына басқарушы болып сайланған. 1902-1905 ж.ж. Шыңғыс болысының 4-ші аулында халық соты (биі) болған. Әзімбайдан Бердеш (Фердауси), Басари, Қашым, Ғабділманап, Зұлғарыш, Зұлпықар, Дінісіләм (Шөпіш), Шайхыслам, Нығыман, Аңсары тарайды. Әзімбайдың Зұлғарышынан туған Қатира Әзімбаева 40 жылдан астам қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. Әзімбайдың қабірі Әзімбай қыстағы аталатын «Домалақ төбеде», анасы Қаражан бейітінің жанында. Әзімбай бейнесі М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында жан-жақты суреттелген.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: