11:38
Абай әлемі

НҮРКЕҚЫЗЫ

нүркеқызы (т. – ө.ж.б.) – Абай бостандық әперген қыз. Нүрке Шынқожаұлы – Көкен болысы Қанқожа аулынан шыққан бай саудагер, қала мен қырға беделі бар сыйлы адам болған. Ол Абаймен досжар, сыйлас еді. Абайдың баласы Мағауия Нүркенің бойжеткен қызын әуелде аламын деп бір қысырақтың үйірін қалыңға берген. Кейін Мағауия қызды ұнатпай сырғақтап алғысы келмейді. Соны сезген қыз Ертістің ішкі жағындағы Белағаш болысының адамы Айтқазы Жексенейұлымен уәделесіп, қашып кетеді. Абай бұл істі намыс санамайды, қайта екі жастың қылығын ушықтырмай, қыз әкесі Нүркемен достық қарым-қатынас сақтаған.

 

ҚҰДАЙБЕРДІ

Құдайберді Құнанбайұлы (1829 – 1866) – Абайдың ағасы. Құнанбайдың бәйбішесі, Найман Ағанас бидің қызы Күнкеден туған. Құдайберді жастайынан атасы Өскенбай мен әжесі Зеренің тәрбиесінде мінезі орнықты, өнегелі болып өседі. Түрікше, арабша сауат ашады. Ер жеткен соң, әкесі Дегелеңді жайлаған Қаракесек ішіндегі Кедей руынан шыққан әйгілі би Алдабергеннің қызы Төлебикені айттырып, алып береді. Төлебике арабша, түрікше оқыған сауатты, білімді, кесте тігіп, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын өнерімен елге танылады. Ырғызбай ұрпақтары оны Дәметкен деп атайды. Дәметкеннен – Омар, Мұртаза, Шаһмардан (Шәке), Шәкерім, ал екінші әйелі Тобықты ішінде Мамай руынан шыққан Дулат батырдың қызы Ботантайдан – Әмір, Жылқыайдар, Ырзықбай туады. Омар мен Жылқыайдар жастай шетінеп кетеді. Құдайберді балалары Әмір, Мұртаза, Шаһмарданды Семей медресесінен тыңғылықты білім алып шыққан Өтебай деген молдадан оқытады. Құдайбердіні Абай қатты қадірлеп, Семейден дәрі-дәрмек әкеліп тұрған, сырқаттығына қарамай ұзақ әңгімелесетін болған. Оның сүйегі Жидебайдағы зиратқа жерленеді. Абай аяулы ағасына деген қимастық білдіріп, жоқтау жазған. Құдайбердіден қалған інілерін, әсіресе, Шәкерімді тікелей өз қамқарлығына алып, тәрбиелеп оқытады.

 

АЛШЫНБАЙ

Алшынбай Тіленшіұлы (1783 – ө.ж.б.) – Әйтеке, Шаншар елінің басты адамы. 1826-1846 ж.ж. Айбике-шаншар болысын басқарған. Арғын ішінде – Қаракесек. Қаз дауысты Қазыбектің шөбересі. Алшынбайдан: Қақабай, Бану, Бәпи, Шәпи, Қосық, Жанығұл, Жүсіп тарайды. Абайдың бәйбішесі Ділдә – Жүсіптің қызы. Патша үкіметінен старшина, поручик шендерін алған. Санкт-Петербургтегі патша сарайында болып, Анна лентасына тағылған алтын медальмен марапатталған. Сұлтан Кенесары Қасымовтың көтерілісі кезінде елін тыныш ұстап, патша үкіметіне көмектескені үшін Анна лентасына жазылған күміс медаль алады. Ел аузында Абайдың Ділдәні алған соң, Алшынбайға сәлем бере барып, Шұбар айғырдың үйірін сұрағанда, мұны бере алмай, «батамды алсын» деген ұлы атасына «Ондай батасын сатқан шал өзімде де бар» деген өкпелі сөзі қалған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: