11:48 Абай әлемі | |
ҚУАНДЫҚ Қуандық Сабырбайқызы (1843 – 1928) – ақын, әнші. Сыбанның он жеті ақыны шыққан ақындар әулетінде дүниеге келген. Айтыс өнерінің шебері Сабырбай қызын жас күнінен сөз өнеріне баулып өсірген. Қуандық шаршы топта жыр додасына түсіп, әншілік, ақындық өнерімен ел құрметіне бөленген. Қара өлеңге өте жүйрік болған. Абайдың Қуандықпен кездесуі оның жан дүниесінде үлкен серпіліс туғызған. Талантты ақын қыз Абай назарына ілігіп, тіл табысқан. Қуандық ақындық дәстүр бойынша өткір тілмен міней сөйлеп, Абаймен айтысуға дейін барған. Көлемі 2-3 шумақтан аспайтын бұл сөз қағысулары зілсіз әзілмен бір-біріне сәлем жолдау ғана. Екі жастың жарасқан көңілін байқаған Сабырбай ақын оларға өлеңмен басу айтқан. Ел аузындағы естеліктерге қарағанда, абай Қуандыққа үйленбекші де болған. Бірақ Абайдың ата-анасы Ділдаға құда түсіп, сөз байласып қойғандықтан, оның бұл тілегі орындалмаған. Қуандық ақын замандасының өлеңдері мен әндерін халық арасына таратуға көп еңбек сіңірген. Қуандықтың Абай шығармаларын сақтап, насихаттаудағы еңбегіне М.Әуезов жоғары баға берген. Абайдың Сабырбаймен және қызы Қуандықпен кездесуі туралы М.Әуезов орыстың белгілі жазушысы П.Кузнецовқа жазған хатында айтқан. Қуандықтың Абай және әкесі Сабырбаймен т.б. ақындармен айтыстары Қазақстан Республикасының ҰҒА-ның орталық ғылыми кітапханасы қорында сақтаулы.
ШАМИЛЬ Шамиль (1797 – 1871) – Дағыстан мен шешен (чечен) халықтарының патша отаршылдығына және жергілікті феодалдарға қарсы қозғалысының басшысы. Абайдың баласы Тұрағұлдың естеліктерінде Абайдың қазақтан басқа, өзге ел адамдарымен танысуы туралы былай баяндалады: «Патша үкіметімен алысып, каторгіге айдалып, Сібірден қашқан кавказдықтардың бінешеуі Абайды табады. Бұлардың ішінде Шамильдің баласы, Таштемірдің баласы деген адамдардың да Абай қолына келіп, ат мініп, жолдарына кіре пұл алып кетіп жүргендері болған. Абай Таштемірдің баласын бір жаз бойы қонақ етіп, аттандырған деседі. Бұл естеліктер М.О.Әуезовтің мұражай қорында сақтаулы.
ЖИРЕНШЕ Жиренше Шоңқаұлы (1834 – 1915) – Тобықты руының Көтібақ атасынан. Ел басқарған би. Жиренше ауыл-аймаққа ықпалды, ұтқыр әзіл мен уытты тілге шебер болған. Сөз қадірін жоғары бағалаған Абай әуелгі кезде Жиреншені іш тартып, қадір тұтқан. Бірақ кейін Жиреншенің әділетсіз, қиянатшыл қылықтарына байланысты суысып кеткен. Жиренше кейін Оразбай, Күнтулармен Ши деген жерде уағда байласып, Абайға қарсы топ құрады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |