22:49 Абай айнасы – рухани кемелдену | |
ХАКІМДЕР Хакім мен ғалым түп төркінінде бір сөз, екеуінің де мақсаты – өмір заңдылықтарын, ақиқаттарды ашып, тану. Алайда тану жолдары бөлек. Хакімдер өмірді рухани ғылым-білім арқылы таныса, ғалымдар материалдық тұрғыда, яғни өздерінің сезім мүшелері арқылы таниды. Ғалымдар көбінесе тұрпайы материалдық әлемнің заңдылықтарын ашады, алайда ол заңдылықтарды Құдай тағаланың жасағанына мән бермейді. Олардың тұжырымдары Түпкі Себеппен байланыспағандықтан, табиғат заңдылықтарын толық түсінуге мүмкіндік бермейді. Материалдық әлем біртұтас зерттелмей, оның әрбір бөлшегі жеке зерттелуіне байланысты ғылымның түрлі салаларындағы жетістіктеркөбінесе өзара келісімін таба алмайды. Тіпті олардың нәтижесі қоршаған ортаға, табиғатқа зиян келтіріп те жатады. Материалдық әлемді зерттеу барысында кейбір Нильс Бор, м:Планк, Е.Вигнер, Эйнштейн тәрізді әйгілі ғалымдар бір Жаратушының барына көздері жетіп, имандылық жолына түскен. Табиғаттың түпкі сырын танып-білуде ғалымдардың ізденіс бағыты төменнен жоғары қарай немесе қарапайымнан күрделіге қарай индуктивтік әдіс деуге болады. Бірақ бұл жолмен бүкіл болмысты танып білу мүмкін емес екенін Абай былай деп білдіреді: (Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмайды. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі». Хакімдер Абсолюттік Ақиқатты ғалымдартәрізді төменнен жоғары қарай емес, керісінше жоғарыдан төмен қарай, яғни дедуктивтік әдіспен таниды. Бұл өте тиімді әдіс болғандықтан, олардың білімі толық. Олар туралы Абай былай дейді: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым». «Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе иман якини[i] болады», - деген Абай сөзіне үңілейік. Еріп иман қылу – ұстаз соңынан шәкірт болып еру. Бұл арада айналамыздағы Құдай тағала хикметерін ғалымдар ашқан заңдылықтарарқылы тану, білу деген мағынада айтылып отыр. Ғалымдар зерттеулері бойынша, табиғаттың керемет үйлесімді заңдылықтарын білгеннен кейін адам да бұл заңдылықтардың түпкі себебін ойлайды. Сөйтіп бүкіл рухани және материалдық болмыстың заңдылықтарын тануға, шын (нағыз) иманға жол ашылады. Шын иман – болмыс заңдылықтарын Алла ісі деп мойындай отырып тану. Бұл – өмірді имандылық жолмен рухани білім арқылы тану деген сөз. Абай өз ілімінде хакімдерге адамзат ұстаздары ретінде өте жоғары баға береді. Сонымен хакімдер – бүкіл адамзатқа рухани ұстаз, ал хакімдік ілім – Құдайға құлшылық жолы, баршаға ортақ рухани қазына болып табылады. Абайдың өзі «толық адам» сатысындағы «хакім» деңгейінде болды деп жүрміз. Ендеше соған дәлел ретінде Абайдың кейбір рухани қасиеттерін көрсете кетелік. Абай өз ішкі дүниесін елу жасында, 1895 жылы жазған «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде ашады. Бұл фәни өмірді лай сумен салыстыра отырып, оны қанша сапырса да алақтап түк тапағанын айта келіп, көңілінің шарықтап шартараптан бір тиянақ таба алмағанын білдіреді. Әрі қарай: Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған оның өмірі. Халиққа[ii] махлұқ ақылы жете алмайды, Оймен білген нәрсенің бәрі - дәһрі[iii], - деп күні-түні Тәңірі ойынан шықпайтынын білдіреді, сонымен бірге Оны өзіне мұндай құмар қылған Тәңірінің Өз өмірі екенін айтады. Абайдың Тәңірге құмарлығы – Оның шапағаты екенін білеміз. Сөйтіп Абай өзінің Тәңірмен байланысын білдіріп, Оған толық тәуелді екенін және бойсұнғанын көрсетеді. Бұл, сөз жоқ, хакімдік деңгейді білдіреді. Әрі қарай ойшыл Тәңір туралы қанша ойлағанмен Халиққа (Жаратушыға) махлұқ (бұл арада адам) ақылы жете алмайтынын айтады. Алла – шексіз, ал адам баласы – шектеулі. Сондықтан оймен білген нәрсенің бәрі дәһрі (күдікті) екенін білдіреді. Адамның ақылы, сезімдері материалды, ал Тәңірі болса – таза Рух. Екеуінің қасиеті – екі басқа, сондықтан рухты материалды сезіммен білу мүмкін емес. Ақын бұл өмірде барлығын шешіп, ойға қондырғанымен таза Рухты біле алмайтының былай деп толықтыра түседі: Өзгені ақыл ойға қондырады, Біле алмай бір Тәңірі болдырады. Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен, Талпынып тағы да ойлап зор қылады.
Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын, Сонда да оны ойламай қоя алмаймын. Ақылдың жетпегені арман емес, Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын. («Лай суға май бітпес қойөткенге», 1895 ж.) Ақын осылай өзінің Тәңірге деген ғашықтығын ашады. Бұл –оның ішкі сыры. Осылай Абай елуге келген кезінде Тәңірге деген махаббатқа ие болғанын көруге болады. Ол ойлаумен Оны біле алмай болдырып, талып ұйықтап, қайтадан көзін ашса, ойы тағы да талпынып Тәңірге ұмтылатынын айтады. Бұл – өте жоғары рухани деңгей. Көңілге шек қойып, оны Тәңірге әдейілеп бағыттамайтынын, сонда да Оны ойламай қоя алмайтынын айтады. Бұл – Алла тағалаға деген махаббат белгісі. Ол ақылдың Тәңірге жетпегені арман емес, бірақ Оған құмарсыз құр мүлгіп ойлауға тоя алмаймын деп өзінің Аллаға деген ғашықтық құмарлығын паш етеді. Сөйтіп Абайдың осы өлеңінен Тәңірге деген сүйіспеншілікке жеткенін айқын көруге болады. Ол Тәңір туралы ойламай бір сәт те өмір сүре алмайды. Міне осылардың барлығы Абайдың хакімдік сипаттарын көрсетеді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |