22:25
Абай айнасы – рухани кемелдену

ХАКІМДЕР

Абай ұстаздардың бұл тобындағы адамдар жайлы отыз сегізінші қара сөзінде былай дейді: «Олай болғанда хикмет Құдайға пенде өз ақылы жетерлік қадарін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды». Құдай хикметтерін білу дегеніміз – Оның жарату сырлары мен жаратқандарын, яғни қоршаған табиғатты және оның заңдылықтарын танып білу. Оны әркім өзінің ақылының шамасына қарай біле алады.

Хакімдер өздерінің Құдай тағалаға деген сенімін одан әрі арттырып, Жоғары Жаратушыға берілуін ұлғайту үшін Оның қасиеттерін, жарату сырларын сезініп-білуге ұмтылады. Кәміл мұсылмандар жетілудің бірінші дәрежесінде болса, ал хакімдер жетілудің екінші дәрежесіне көтерілгендер.тән ықпалынан әлі толық арыла қоймағандықтан, өмір көріністерін қалай және не нәрсенің қанағаттандыруына байланысты жақсы мен жаманға бөліп айырады.

«Бұлар... адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртәбәда қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады», - дейді Абай отыз сегізінші қара сөзінде хакімдердің тақуалық ерекшелігіне назар аударып.

Хакімдер табиғатты Алла тағаланың хикметтерінен бөлмей зерттегендіктен, олардың білімі – толық білім. Сондықтан Абай «әрбір хакім – ғалым» дейді. Айналамыздағы таңғажайып кереметтерді Құдай тағаланың Өзімен, Оның бұйрығымен байланыстырып зерттегендіктен хакімдер өз істерінде зор жетістіктерге жете алады. Сол үшін хакімдер Алла тағала хикметтерінің себебін іздеп, олардың сырын ашумен шұғылданады. Бұл әрекеттер олардың Құдайға құлшылығы болып табылады. Кәміл мұсылмандарға қарағанда хакімдер рухани білімді игеріп қана қоймай, оны бойына сіңіре білгендер. Соның нәтижесінде олардың нәзік болмысы да өзгеріп, ерекше қасиеттерге ие болады. Мәселен, әлемдегі күрделі байланыстарды ашып, бұларды дұрыс бағытта өзгерте алады. Көру, болжау қабілеттері өте зор. Олардың тазарудың жоғары деңгейіне тез көтеріледі. Бірақ кемелдігі қанша жоғары болса да, бұлар да әулиелер жеткен деңгейге әлі де көтеріле қоймаған.

Адамдарға магнетизм, спиритизм, телепатия, қазақша айтқанда, көріпкелдік, диуаналық, бақсылық делінетін мистикалық қасиеттер екі жолмен беріледі: бірі – материалдық, ал екіншісі – рухани жол.

Әркім нәзік денелерін түрлі жаттығулар арқылы өзгерте отырып материалдық жолмен ерекше нәзік қасиеттерге ие бола алады. Ол қасиеттер кейде адамға туғаннан, яғни ата-тегін қуып та беріледі. Қазіргі заманда оларды «экстрасенс» деп атап жүрміз.

Рухани жолмен пайда болған ерекше қасиеттер, адам өзі сұрамаса да Алла тағаланың құдіретімен беріледі. Бұған бірнеше мысал келтіре кетейік. Құдай тағалаға берілген Мұса пайғамбар өзінің жұртымен Перғауын әскерінен қашып Мысырдан шығып, Ніл өзеніне келгенде, өзеннен өте алмай Құдайға жалбарына бастайды. Сол кезде Ніл өзені ашылып, өтетін құрғақ жол пайда болады. Мұса жұртын сол жолмен келесі жағаға шығарып алады, ал оларды қуып артынан келген Перғауын әскері сол жолға түскенде су жауып қалып, бүкіл әскер суға кеткен екен. Қазақ батыры Райымбек туралы ел аузында мынадай әңгіме бар: Ол өзінің әскерімен шөл далаға тап болып, енді судың тапшылығынан қырылар кез келгенде батыр Құдайдан көмек сұрап, найзасын жерге қадаған екен. Сол кезде жерден су атқылап шығып, әскері шөлін қандырыпты. Ел аузында да, түрлі қиссаларда да бұл сияқты Құдай тағаланың әмірімен болған керемет оқиғалар көп. Мұны Құдайдың құдіреті десек, ал материалдық жолмен алынған қасиеттерді сиқыр деуге болады. Құдайдың құдіретімен келген қасиеттер адамға тек қана игілік әкеледі, ал сиқыр қасиеттерді кейде имандылығы төмен адамдар өз пайдасына қолданып, адамды алдап-арбауға, оған зардап әкелуге қолданады (қара магия). Сондықтан ислам сиқырлықты қолдамайды.

Ерекше қасиеттері бар хакімдер өткен замандарда хан уәзірі, көмекшісі, ақылшысы болғандары. Нәзік әлемдерге ену қабілеті арқылы зор білімге ие бола алатын осы адамдарға сүйенген мемлекет басы – хандар өз істерін нәтижелі жүргізген.

Хакімдердің ерекшелігі – олар рухани жолда болғандықтан, Құдай тағала шапағатына бөлене бастайды. Осылайша олар Құдайға сүйіспеншілігін өсіреді. «Құдай тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, Құдайдың осы шеберлігін танып, құмар болып, ғибрат алушыларға тию жоқ, бәлки шеберліктің себебін білмекке құмарлықтан Жаратушының Өзіне ғашықтық шығады», - дейді данышпан. Бұл арада хакімдік ізденістің «үш сүюге», яғни Құдайға ғашықтыққа әкелетіні айтылып отыр.

Бірақ жетілудің белгілі бірі дәрежесіне жетпей ғашықтықты ойлауға болмайды. Бұл жалған құлшылыққа әкеледі. Осындайларды көріп кейде ел арасында сопыларға деген теріс пікір қалыптасады. Осыдан сақ болу үшін Абай былай дейді: «Құдай тәкәраканың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз» (отыз сегізінші сөз). Бұл сөзінде Құдай тағаланың затын түсінуге адамның ынта-жігері, ақыл-есі жетпесе жұртты алдауға болмайды деген мағына бар. (жалғасы бар)  

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 740 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: