12:43 Абай айнасы – рухани кемелдену | |
СЕЗІМ ҚАНАҒАТЫ Абайдың он бесінші қара сөзінен есті кісі мен есер кісінің әрекетін салыстыруға болады. «Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызықтамай жүре алмайды» деп өмірден ләззат іздеу барлық жан иелеріне тән қасиет екенін тағы да атап көрсетеді. Өзінің мақсатына жеткен кезде адам бойында мастану сезімі пайда болады. Есті адам мұндай жарамсыз әсерге түгел беріліп кетпей, өзін ұстай біліп, өмірден тағылым алып, өз болмысын тазартып, жетіле береді. Ал есер адам болса сезімдерін басқара алмайды, әр істің керекті мөлшерін де білмейді, сондықтан ондай жағдайда «... ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім» дейді. Ондайлар сезімдерінің құлына айналып, тойымсыз нәпсі ықпалымен төмен құлдырайды. Бойларына түрлі жаман қасиеттерді жинайды. Сезім қанағатына жеткендер жан құмарын ұмытып, имандылықты өздерінің тән құмарын, яғни сезімдерін қанағаттандыру үшін пайдаланады. Бұлар өздерін денеге балағандықтан, күш-қуатты тән мен нәзік болмыстарын жетілдіру арқылы ләззат тапқылары келеді. Бұлар туралы ақын «Дененің барша қуаты өнерге салар бар күшін» дейді. Сөйтіп олар Алла тағаладан спортпен, ғылыммен, түрлі өнермен шұғылдану, байлық жинау немесе мансапқорлыққа салыну тәрізді фәнилік тілектерді сұрап, ләззат табады. Әсемдік, сұлулықа ұмтылу да осыдан шығадыү. Олар атақ-*даңқты теріс көрмейді. Мұндай адамдар қол жеткен жетістіктерін көрсетіп, мақтан етуге бейім. Кейбіреулері өзімшілдік мінездер байқатуы да мүмкін. Олар өздерінің беделі үшін әрекет етеді. Бұл жағдай қоғамдағы тартысты бәсеңдетпейді, керісінше үдете түседі. Сонымен, Абайдың айтуына қарағанда, кейбіреулер өмірдің ағымымен жүре береді, соған өздері риза. Ал кейбір ақылдылар бұл өмірдің қызығына әбден тойып, жалығып, тұйыққа тіреледі. Сонымен данышпан Абай сезім қанағатына бөленген адамдардың үш деңгейін көрсетеді. Біріншісі, өмір хикметін көрсе де, оның мәнін ұқпаған, өзінің өмірдегі орнына толық қанағат ететін, басқаны керек қылмайтын, қайғы-мұңсіз ақылы төмен адамдар. Олар азаппен өмір кешеді. Екіншісі, бұл өмірдің барлық қызығын көріп болған, бірақ оның барлығынан жалыққан, енді тығырыққа тіреліп, одан жол тауып шыға алмай жүрген ойлы адамдар. Жанға батқан қайғы-қасіреттен төзімі таусылып, өзіне-өзі қол салушылар осылардың арасынан шығады. Үшіншісі, өмірдің қызығы тек денені қанағаттандыратын нәпсіқұмарлық қана емес, онан да жоғары мән барын түсіне бастаған, имандылығы жетілген адамдар. Бұлар фәни өмірдің алдамшы екенін түсініп, рухани ізденіске түсіп, жетілудің келесі деңгейіне бет бұрғандар. Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?! («Жүректе қайрат болмаса», 1898 ж.) Бұл үзіндіден ойға қалып, ізденіс жолына түскен адамның сымбатын көреміз. Жетілудің бұл дәрежесіне жететін адамдар өте сирек. Ондай адамдар тәнін қанағаттандыруды қойып, енді жанын қанағаттандыруға ұмтылады. Бұл оны рухани тығырықтан шығарады. Оның бұл фәни өмірге деген құмарлығы азаяды. Ол енді рухани ізденіс жолына түседі. Мұны Абайдың өз өмірінен көруге болады. Ол дәулетті ортада өмірге келгендіктен, өмірін осы сезім қанағаты деңгейінен бастады. Фәнилік барлық қызық жалықтырғаннан кейін рухани ізденіске түсті. Әрі қарай жетіліп, хакім деңгейіне дейін көтерілді. Бұған Абайдың бірінші қара сөзі мен көптеген өлеңдері дәлел. Жан ләззатқа толы болғандықтан, адамның ләззатты іздеуі – табиғи нәрсе. Ол бүкіл болмыс өміріне рақат, ләззат беріп, оның тіршілігін жігерлендіруші күш болып табылады. Жан иелерінің барлығы да ізденісте. Бірақ олардың көпшілігі рухани білімнің жоқтығынан ләззатты басқа жерден, ол жоқ жерден іздеп адасуда. Рухани білімі тереңдеп, имандылығы өскен сайын адам өзінің адасқанын біле бастайды. Сөйтіп ол рухани өмірге ұмтылады. Бұл – бүкіл қоғам жетілуінің кепілі. Яғни жетілу дәрежесі жанның ояну деңгейіне байланысты. Жан оянған сайын жетілуге ұмтылыс та ұлғая береді. Бұның өзі жетілу үшін жанды тазарту керек екенін білдіреді. Сондықтан Абай «Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» болды. Жаны тазарған сайын тәнді билеп, адамның рухани білімді қабылдау мүмкіндігі артады. Рухани білімге ие болған адам болмыс заңдылықтарын игереді. Ол бұл өмірдің қайғы-қасіретке толы уақытша екенін, адам өмірінің негізгі мақсаты Түп Иеге қайтып, мәңгілік жоғары ләззатқа ұмтылу екенін түсінгенде бұл фәни өмірге көзқарасы өзгереді. Ол енді бұл өмірді өзін қанағаттандыру үшін емес, өзінің болмысын түсіну үшін пайдалана бастайды. Рухани білім молайған сайын әлем заңдылықтарын түсініп, көкірек көзі ашылғаннан кейін өмірін бір жүйелі қалпына келтіріп, үрей-қорқыныштан арылады. Мұндай рухани білімді Абай еңбектерінен керегінше алуға болатыны мәшһүр. Сонымен, оянған жүрек адамның сезімдерін тазалауға мүмкіндік береді, ал таза сезімдер рухани қуатты қабылдап, жүректің тазаруын күшейте түседі. Осылай жүрек пен сезім бір-бірін қолдап отырады, ал имансыз адамда керісінше, жүрек пен сезімдер бір-бірін кірлетеді. Адам білім алып, өзінің жан екенін түсіне бастағанда жоғары деңгейдегі ләззат алуға ынталанып, келесі деңгейге көтерілу мүмкіндігі туады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |