11:55 Абай айнасы – рухани кемелдену | |
ДӘУЛЕТКЕ ЖЕТУ Ақиқатында, дәулетке жету деңгейіндегі адамда терең рухани білім жоқ. Ол тек қана өмір заңдылығын бұзбайтын, адал еңбек етіп, адал өмір сүретін адам. Бұндай адам туралы Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде былай дейді: «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап[i], мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы, керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап*ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә – әр түрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не болмаса үйретейін деп ойына жақсы түседі». Міне, Абайдың бұл данышпандық сөзінде осы деңгейдегі адамның болмысы берілген. Бұл деңгей – адамның әрі қарай жетілуінде маңызды орын алатын кезең. Абайдың айтуынша, оқу-білім, өнер үйрену тәрізді өзін жетілдіру тек қарын тойғаннан кейін ғана болмақ. Әуелгі материалдық дәулетке жету – барлық жан иелерінің мақсаты. Яғни адамның рухани жетілуі үшін әуелі өмір сүруге қолайлы жағдай болуы керек. Үйленіп, үй болып, балалы-шағалы болғаннан кейін оларды мұқтаж етпей, тұрмыс-тіршілігіне қажетті тағаммен, киім-кешекпен қамтамасыз ету керек. Ол үшін адам қоғам өміріне араласып, еңбек етіп, қаражат, мал табады. Осы тәрізді өмірлік қажеттерді қанағаттандырғаннан кейін ғана адам өзін әрі қарай жетілдіруге көңіл бөле алады. Осы деңгейдегі қарапайым адамдарға Абай көбінесе еңбек етуді, мал табудың жолын үйренуді ұсынған. «Ақыл дәулетке бітпейді, ақылға дәулет бітеді, - деп Абай Дәулетиярға. – Ақылды орнымен жұмсап, бақыт, дәулет табу – әрбір адамның жігер, талап, қайраттылығына, еңбек, өнеріне байланысты». Стамбек дегенге ол: «Кедейліктен еңбек қылсаң құтыласың, жалғыздықтан көппен пікіріңді қоссаң құтыласың», - деген. Дегенмен, Абай тек қана «құрсақ қамын ойлау» адамның жетілуін тежейтін қасиет екенін білдіреді. Егер адам өзінің барлық мүмкіндігін қоданып әрі қарай жетілмесе, біртіндеп құлдырау жолына түсуі мүмкін. Сондықтан ойшыл бұл деңгейдегі адамдарға қолы жеткен азын-аулақ мал-дәулетпен шектеліп қалмай жетіле түсуге, көкірек көзін ашып, келесі деңгейге көтерілуге жол сілтейді. Өзінің үшінші қара сөзінде: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөз аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» - деп адам мінезінің көлеңке жақтарын тізе келіп, соның себебін өзі әрі қарай былай деп түсіндіреді: «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді». Міне, данышпан төменгі деңгейдегі бейбақтарға «еңбек ет, мал тап» десе, оған жеткендердің алдына «оны таста, онан да жоғары мақсат бар, соған ұмтыл» деп басқа міндетті көлденең тартады. Өйткені мұқтаждықтан құтылып, белгілі мөлшерде мал-дүние жинаған адам өз алдына биігірек мақсат қоюға, бұрынғы шеңберден кеңірек ойлауға мүмкіндік алады. Имандылығы әрі қарай дамығанда тамағы тойып, «әр түрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге» бармайды. Бұл оның нәзік болмысын, ақыл-ес, ой-өрісін тазартады. Егер адамның имандылығы өспесе, ол сол деңгейде тұрақтап қалады, тіпті төмен құлдырауы да мүмкін. Бұларға Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп ескертеді. Сөйтіп ол өмірден қанағат алып, ләззаттанғысы келеді. Мұндай адам білімге, өнерге, түрлі ойын-сауық, қызықтарға көңіл бөле бастайды. Бұл оның келесі деңгейге, сезім қанағаты деңгейіне көтерілуіне, тән құмарын дамытуға мүмкіндік береді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі [i] Соғыс, қауіпті, бүлінген, соғыс майданы. | |
|
Всего комментариев: 0 | |