12:06 Абай айнасы – рухани кемелдену | |
БІЛІМ АЛУ Әлбетте, рухани білім былғанған жүректі тазартып, басқан шелді біртіндеп сылиды. Осылай көкірек көзі ашылғаннан кейін ұйқыдағы жан оянып, салауатты өмір сүруге мүмкіндік алады. Білім беруге Абай көңіл бөлген. Бұндай адам жөнінде: «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға», - дейді ойшыл. Адамның бір қызығы – бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім. Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім. («Жасымда ғылым бар деп ескермедім», 1885 ж.) Ойшыл бұл өлеңінде білім алудың бағытын көрсетеді. Білім алудың мақсаты – қызмет қылып, шен алу емес, одан әлдеқайда жоғары болу керек. Білім алу – Абай көрсеткен төменгі саты «жарым адамнан» көтеріліп, келесі «адам» сатысына көтерілу үшін керек бірінші қадам. Бірінші қадам болмаса екінші қадамның болмайтыны тәрізді, білім болмаса жетілу де жоқ. Ендеше бұл маңызды мәселеге – білімнің не екеніне, оның түрлеріне, қабылдау деңгейлеріне және алу жолдарына қысқаша тоқталу абзал. Білімнің екі түрі болады: біріншісі – материалдық; екіншісі – рухани. Материалдық білім табиғатты оның жаратушысынан бөліп қарастырады. Бұған табиғатты зерттейтін барлық ғылымдар, оның ішінде қоғамдық қатынастар жөніндегі көпшілік білімдер жатады. Ал рухани білім Жаратушыны, жан иелерін, табиғатты және олардың арасындағы қарым-қатынасты қамтиды. Материалдық білім – рухани білімнің бір бөлігі, сондықтан рухани білім материалдық білімді де қамтиды. Абай мұрасы болмыстың осы үш бөлігін толық қамтитындықтан, ол рухани білімге жатады. Егер табиғатты Жаратушымен байланыстырып қарастырсақ – ол рухани болады, ал бөліп қарастырсақ – ол материалдық болады. Білімді қабылдау дәрежесі үш деңгейден тұрады. Біріншісі, ақпарат-хабарды қабылдау. Бұл деңгейдегі білім сыртқы сезімдерден әрі қабылданбайды. Сондықтан тез ұмытылады, адамның болмысын өзгертуге шамасы келмей, пайдасы мардымсыз болады. Білімді осы деңгейде ғана қабылдайтын адамдар туралы «Көзінен басқа ойы жоқ, адамның надан әуресі» дейді ақын. Бұлар төменгі деңгейдегі «жарым адам» сатысындағылар, сондықтан олар рухани білімді қабылдай алмайтын болғандықтан, тек қана материалдық білімге ұмтылады. Бұлар білімді таяз қабылдаумен қатар алған азғантай білімін өмірде қолдану жолын да білмейді. Мұндай адамдар туралы Абай «Интернатта оқып жүр» , «Ғылым таппай мақтанба», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса», «Болыс болдым, мінеки» тәрізді көптеген өлеңдерінде жазады. Екіншісі, алған білімді сана-сезіммен түйсініп-сезініп, көңілге қондыру. Юұлар – «адам» сатысындағылар. Бұл дәрежедегілер білімді көңілдерімен қабылдап, өздерінің өзіндік қасиет, табиғи нұсқаларына айналдырғандар, сондықтан алған білімдері ұмытылмай ұзақ сақталады. Бірақ алған білімдерін өмірде толық қолдана алмайды. Үшіншісі, алған білімді өзіндік табиғатына айналдырып қана қоймай, сонымен бірге олар сол білім аясында өмір сүреді. Олар алған білімін өздерінің өмір көрінісіне айналдырып, оны толық пайдаланады. Бұлар – «толық адам» сатысындағы рухани адамдар. Рухани адамдардың алған білімдері мен іс-әрекеттері толық сәйкес келетіндіктен, білімдері мәңгілік болады. Абай бұлар туралы отыз сегізінші қара сөзінде түсінік береді. Сонымен, Абай ойы бойынша, білім деген нәрсе тек қана ақпарат-хабар емес екен. Кейде көп ақпарат-хабар білген адамды білімділер қатарына жатқызамыз. Бұл – жаңсақ пікір. Егер ол білгенін түйсініп, бойына сіңіріп, өмірде пайдалана білмесе, ондай білгенінің пайдасы шамалы. Көп жағдайда ондай көп білгендік адамды белгілі бір арнадан шығармай, ырқын алып, қиялын шектеп, керісінше, адамның өміріне тек қана кеселін тигізеді. Білімді қабылдау деңгейлерін араның балы туралы білуге ұмтылып жүрген үш адаммен салыстыруға болады. Бірінші адам бал туралы естіп, бал салынған ыдысты ұстап көрді. Ол сонымен қанағаттанды. Екінші адам бал туралы естіп, ыдысын ұстап қана қойған жоқ, сонымен бірге ыдысты ашып, балдың дәмін татып, оның қандай тәтті екенін білді. Ал үшінші адам балдың дәмін татып қана қоцған жоқ, тәтті балды тойғанынша жеп, одан ләззат алды. Осы үш адамның балды білу дәрежесі үш түрлі. Білімді қабылдаудың үш деңгейінің әсерлері де әр түрлі юолады. Ең жоғарғы, үшінші деңгейде қабылданған білім қарапайымдылық, басқаны сыйлай білу, біреуге жамандық жасамау, шыдамдылық, тазалық, шыншылдық, қайраттылық, ұстамдылық, сабырлылық, жақсы мен жаманды айыра білушілік, имандылық, білуге құштарлық және өзін үнемі бақытты сезіну тәрізді қасиеттермен көрінеді. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |