10:36 Абай айнасы – рухани кемелдену | |
ЖАН ИЕЛЕРІНІҢ ДӘРЕЖЕЛЕРІ МЕН ЖЕТІЛУ ЖОЛДАРЫ Екінші сатыдағыларды Абай «адам» деп атайды. Бұлар фәни өмірдің қызығына алданып, материалдық әлемнің заңдылығынан шыға алмац жүргендер. Бұларды өздерінің жеткен дәрежелеріне байланысты төрт деңгейге бөлуге болады. Біріншісі, имандылыққа жетіп, өмірдің реттегіш тәртіптерін қабылдау. Бұлар өмір сүру барысында рухани білімді белгілі бір мөлшерде жинап, бойына сіңіргендер. Сөйтіп олар имандылыққа жетіп, реттегіш тәртіптердің көмегімен өз өмірін белгілі бір жүйеге салады. Бұл адамға келесі деңгейге, материалдық дәулетке көтерілуге мүмкіндік береді. Бұл үшін адамның қалауы – дәулетке жету, ал мүмкіндік – имандылықтың белгілі бір дәрежесіне көтеріліп қанағат сезімінің пайда болуы. Екіншісі, материалдық дәулетке жету. Бұл деңгейдегі адамда қанағат сезімі бар. Сондықтан ондай адам материалдық игілікке жете алады. Бұл деңгейдегі пенде өзінің өмірлік алғашқы мұқтаждарын қамтамасыз етіп, енді сезімдерін қанағаттандыруға ұмтылған адам. Оның шарттары: қалауы – сезім қанағаттандыру, мүмкіндігі – материалдық байлықтың белгілі бір дәрежеге жетуі. Үшіншісі, сезім қанағатына жету. Бұл деңгейде адам өмір ләззатын молырақ алу үшін өзінің ақыл-ес, ой-өріс, мінез-құлқын жетілдірумен шұғылданады. Өмірдің қызығын әбден көріп, белгілі бір дәрежеге жетіп, барлығының алданыш, өткінші екенін сезгеннен кейін, өмірдің мақсаты, бүкіл болмыстың мәні туралы мәселелерге көңіл бөлуге мүмкіндік алады. Сөйтіп өзінің түпкі болмысын танып-білу деңгейіне көтеріледі. Бұған мүмкіндік – өмірдің жоғарғы ләззатын алуға ұмтылушылық, ал қалау – өзінің рухани болмысын түсініп, сол арқылы ләззаттану. Төртіншісі, өзінің жан екенін түсініп-сезінуі, адамның рухани білім жолына түсуі. Ол рухани білім алып қана қоймайды, сонымен бірге алған білімін өмірде қолдануға ден қояды. Сөйтіп ол жан мен тән қасиеттерін айырып, өзінің жан екенін түсініп-сезіну арқылы жетілудің келесі сатысына өтеді. Бұған мүмкіндік – өзінің Жоғары Рухтың бір болымсыз кішкентай бөлшегі екенін түсінуі, ал қалау – Жоғары Рухқа құлшылық жасау. Жетілудің үшінші сатысы – рухани жетілу. Өзінің жан екенін, бүкіл болмыстың бір бөлшегі екенін түсінген адам барлық өзгерістің себебін іздеу арқылы барлық себептердің себебі Алла тағаланы мойындауға жетеді. Ол жан иелерінің міндеті Жаратушыны қанағаттандыру екенін түсінгенде адам өмірінің ең жоғарғы сатысы – Құдайға құлшылық сатысына аяқ басады. Сөйтіп ол, Абай сөзімен айтқанда, Түп Иесіне қайтуға бет бұрып, өз өмірін Құдай жолына бағыштайды. Ол ислам дінінің сопылық ағымына жатады. Бұған дейін ол тек өзін қанағаттандырумен шұғылданды, сондықтан оның өмірі материалдық болады. Ал Қүдай тағаланы қанағаттандыру жолына түскенде оның өмірі рухани болады. Екінші мен үшінші сатының негізгі айырмашылығы осында. Егер де туған, тәрбие алған ортасы рухани жағынан жетілген болса, онда адам ең жоғары рухани кемелдену сатысына тез көтеріледі. Бұған мысал ретінде Ахмет Йассауи өмірін келтіруге болады. Ол жасынан жетім қалып, Арыстан Баб деген әулие адамның қолында тәрбиеленеді. Бес жасынан тасбих тартып, қарапайым адамдар өтетін ұзақ кемелдену жолын өте қысқа мерзімде басып өтті. Сөйтіп таза рухани жолмен тәрбиеленді. Мұсылман әлемі «Екінші пайғамбар» деп атаған үлкен рухани дәрежеге жетті. Рухани жетілу жолы кемелденудің қысқа, бірақ қиын жолы болғандықтан, оған отыз сегізінші қара сөзінде Абай ынта-жігері, рухани қайраты мол адамдар ғана түсе алатынын жазады. Ондай адамдарды ислам теологтары «кәміл инсан», ал Абай «толық адам» деп атайды. Бұл сатыдағыларды Абай «кәміл мұсылман», «хакім», «әулие» және «пайғамбар» деп төрт деңгейге бөледі. Абай адамды жетілудің ең жоғарғы сатысына – рухани кемелдену сатысына көтерілуге шақырады. Бұл туралы ол өзінің отыз төртінші сөзінде былай дейді: «Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес». Яғни Абай бұл сөзінде рухани байлықты «ахирет қайғысын, қуанышын) материалдық байлықтан (дүние қайғысынан, қуанышынан) жоғары қояды. Сөйтіп ойшыл өмірдің түпкі мақсатқа – рухани мақсатқа арнау керегін білдіреді. Құдай жолына малың түгілі басты байлау керектігі туралы кемеңгер «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде де анық жазады. Мұндай адамдар ахиретте де, бұл дүгиеде де қор болмайтынын айтады ойшыл. Сөйтіп Абай бұл сатыдағы адамдардың бір деңгейден екінші деңгейге көтерілу мүмкіндігі мен қалауы түйісіп, бірігетінін көрсетеді. Ол – олардың қалауы да, оған жету мүмкіншілігі де Құдайға таза құлшылыққа ұмтылушылық. Бұл сатыдағы адамдардың рухани жетілуіне керекті екінші шарт – мейірімді Алла тағалаға деген шапағат. Ойшыл «Ынталы жүрек, шын көңіл, өзгесі Хаққа жол емес» деп рухани жолдағы бірінші шарт – адамның Құдайға деген ынтасы, екінші шарт – оның Құдайға деген шын көңілі, яғни таза көңілі, өзгесі Хаққа жол емес деп анық айтады. Бұл – Құдайға толық берілу деңгейі. Әрбір сатыдағы, тіпті олардың ішіндегі әрбір деңгейде тұрған адамдардың жетілу дәрежелері: мінез-құлық, ой-өріс, ақыл-естеріне байланысты іс-әрекеттері, өмір мақсаттары да әр түрлі болып келеді. Адамның бір деңгейден екінші деңгейге көтерілуі оның болмысының сапалық өзгерісін көрсетеді. Ол неғұрлым жоғары сатыға көтерілсе, оның рухани сапасы, рухани тазалығы соғұрлым жоғары болады. Өмірде адамның жетілу деңгейін сырт көзге анықтау оңай емес. Себебі Руми ескерткендей, адам баласы өзін жан құмары жеңгенде ғана адам деңгейінен асып, періште деңгейіне көтеріледі, ал нәпсі құмары жеңгенде ол хайуанат деңгейінен де төмен құлдырап кетеді. Бұл адам баласында жан мен тәннің болуынан. Жан – жоғары рухани, ал дене – төменгі материалдық болмысқа жатады. Олар Алла тағаланы осы екеуінің арасындағы аралық қуатына жатады. Түрлі бояуларды араластырғанда олардың нағыз түсін анықтау қандай қиын болса, адамдардың нағыз деңгейін анықтау да сондай қиын. Осылай Абай иұрасынан адамның жетілу сатыларын көреміз. Материалдық әлем заңдылығы жалпыға ортақ болғандықтан, ол адам баласының ғана емес, бүкіл қоғамның деңгейінде де қолданылады. Бұл – Абай ұлылығының бір көрінісі. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |