12:09
Абай айнасы - рухани кемелдену

ІС-ӘРЕКЕТ

Әлбетте, іс-әрекет – болмыс көрінісі. Әлемдегі барлық өзгеріс тек қана іс-әрекет арқылы болады. Себебі, болмыс тіршілігі дегеніміз – барлық жан иелерінің нәзік не болмаса физикалық тұрпайы денелерін қолдану арқылы бір-бірімен жасаған қарым-қатынасы. Барлық жан иелері бір-бірімен қарым-қатынаста. Әлемнің тыныс-тіршілігі түрлі іс-әрекеттерге байланысты болғандықтан, мұны оның өмірі деуге болады. Бүкіл болмыс Абсолют көрінісі болғандықтан, іс-әрекет Абсолюттік ақиқаттың, яғни Хақиқаттың, жаратушының көрінісі. Хақиқат абсолютті болғандықтан, Оның есімі, сипаты, әрекеті, ғұмыры Өзінен айырғысыз. Сондықтан «Ғұмыр өзі – Хақиқат» дейді Абай. Ол отыз сегізінші қара сөзінде: «Растың бір аты – Хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптіштеуге керек», - деп түсіндіре түседі. Сонымен, Абайдың айтуы бойынша, Алланың Өзі – Хақ, Ғұмыр және Ғалам. Абай осы тұжырымдарды өзің түсіне алмасаң құр босқа таласпай, оны қабылда деген ойды айтады.

Абай адам баласыа өз болмысының негізі және оны іс-әрекет барысында қалай дұрыс пайдалану жөнінде терең мағыналы ұғымдарды ашады. Алла тағала тірі жанға Оған қызмет етіп, біртіндеп тазаруы үшін материалдық дене берді. Материалдық дене тірі жанның Алла тағалаға құлшылық ететін құралы тәрізді. Өзіне берліген сол құралды адам дұрыс мақсатта қолдана білсе, Абай көрсеткен жетілудің шыңына – Түп Иеге жетуге мүмкіндік алады. Себебі ол әрбір әрекетінде Алламен байланыста болып, Оны түсініп, сезінуге мүмкіндік алады. Іс-әрекетін алла тағалаға бағыштаса, аам рухани кемелденіп, Жаратушыға сүйіспеншілікке жетеді. Аллаға сүйіспеншілікке жету туралы Абай былай деп жазады: «... бұл Жаратушының махаббатпенен адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?» Сол сүйіспеншілікке қалай жетуге болады? Абай ол үшін өмірде алға биік мақсат қойып, рухани жетілу жолында әрекет ету керек деп түсіндіреді.

Ал егер біз өзімізге берілген аздаған еркіндікті, пиғыл, іс-әрекетімізді Жаратушыға деген шынайы құлшылыққа, қызметке арнамай, өз құлқы-нәпсімізді қанағаттандыру жолына жұмсаған жағдайда не болмақшы?

Бұл сұраққа Абай өзінің жиырма сегізінші қара сөзінде былайша жауап береді: «Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді – бұлар неліктен, - десе біреу, сіздер айтасыздар: Құдай тағаланың жаратуынан бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз Құдай бағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік», - дейді. Данышпан онда Ол не себептен антұрғанды бай етіп, ал адал еңбек қылған адамды еңбегін жандырмай, кедей қылады, ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылады, ал бір залым, ұрының денін сау қылады дейді де, әрі қарай ойын былай деп жалғастырады: «Түзікті бейішке шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі Құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі Құдай тағалаланың айыпсыз, мінсіз ғафур[i] рахимдығына[ii], әділдігіне лайық келеме?»

Абайдың бұл сөздерінен Алла тағала Өзінің шексіз мейірімділігімен адамға толық еркіндік беретінін, оның өз тілегінше әрекет жасауына бөгет жасамайтынын айқын көреміз. Ал адам баласы өз әрекетінің жемісін өзі ғана көреді. Ол әрекеттің сипаты қандай болу керек екенін Абай жиырма сегізінші қара сөзінде былай түсіндіреді:

«Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз[iii] деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек». Бұл сөздерден адамның іс-әрекеті Құдайға құлшылық ету, имандылық сақтау екенін білеміз.

Жиырма сегізінші сөзінде Абай адамды түрлі қиындықтарға, зардапты істерге ұрындыратын Құдай емес екенін тағы да айтады. Құдай әлемді жаратып, оның өмір сүру заңдылықтарын жасаған. Бүкіл әлем сол заңдылықтар негізінде мүлтіксіз өмір сүріп жатыр. Ал сонда жан иелеріне зардапты әкелетін кім болғаны? Ол – табиғаттың себеп-салдар заңдылығы. Бұл заңдылық «не ексең, соны орасың» деген қағидамен тікелей байланысты. Немесе іс-әрекетің, мақсат-ниетің қандай болса, сондай нәтижесін көресің.

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

[i] Алла кешіруші, Алла тағаланың аттарының бірі.

[ii] Мейірімді.

[iii] Міндет, парыз; сыйлау, құрметтеу.

Просмотров: 420 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: