12:30 Абай айнасы - рухани кемелдену | ||
ТАБИҒАТТЫҢ ТҰРПАЙЫ ЖӘНЕ НӘЗІК ЭЛЕМЕНТТЕРІ Адамның иманды немесе имансыз болуы оның іс-әрекетінің барысы көбінесе эгосына байланысты. Жан мұқтажы үшін әрекет етсе, адам тазарады, ал тән мұқтаждығы үшін әрекет етсе, ол осы фәни өмірге байланып, ішкі дүниесі кірлене береді. Сондықтан Абай өзінің «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» деген әйгілі өлеңінде «Ақыл мен жан – мен өзім» деп адамның түпкі нұсқасын анық көрсетеді. Өзінің жан екенін түсінген адам жанның ықпалымен әрекет етеді. Яғни оның әрекетін жан басқарады. Бұндай адамның өмірінде қателік, адасушылық болмайды. Тазару барысында ондай адам табиғат заңдылығының ықпалынан шығып, рухани әлем заңдылығының ықпалына түседі. Олар – жетілудің рухани кемелдену деңгейіне көтерілгендер. Абай ақылы кем жігерсіз адамның ішкі сезімдерін құрық алдырмас басы қатты асау атқа балап, ол «тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма – Құдай білсін... Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше» дейді. Жан түпкі мақсатқа жетуі үшін Алла тағала оған сезімдер, ақыл, ес және тән тәрізді барлық қажеттілікті берсе де, ол жете алмайды. Оның себебі неде? Мүмкін оның тәні әлсіз шығар? Бірақ тән адам отырған арба тәрізді ғана, жалғыз өзі мақсатқа жеткізе алмайды. Сондықтан себеп тәнде емес, оның сезімдерінің нашарлығында да емес. Себебі сезімдер арбаны тартып келе жатқан аттар тәрізді, тәнге іс-әрекет қана бере алады. Есте де емес. Ес делбемен аттарды басқарып келе жатқан атқосшы тәрізді, ақылдың көмегімен сезімдерді басқаруы үшін ғана керек. Бұл ойларды Абай он жетінші қара сөзінде айтып білдірген. Ал «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде былай дейді: Қайрат пен ақыл жол табар Қашқанға да қуғанға. Әділет, шапқат[i] кімде бар, Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз Біте қалса қазаққа, Алдың – жалын, артың – мұз, Барар едің қай жаққа? («Әсемпаз болма әрнеге», 1894 ж.) Сонымен, қайрат пен ақыл жақсыға да, жаманға да көмектеседі. Себебі қайрат ес пен сезімдердің байланысынан шығады. Олар материалды болғандықтан, жақсы-жаманды айыра алмайды. Жақсы-жаманды айыратын әділет пен шапқат (аяу, рақым ету), себебі бұлар – рухани жан орналасқан жүрек қасиеттері, яғни жүрегі ояу адамның қасиеттері. Ендеше жан түпкі мақсатқа жетуі үшін ұйқыдан оянып, өзінің нағыз эгосына ие болып, денелерді басқаруы керек. Әйтпесе, жалын мен мұздың арасында қалып, қай адам болса да мақсатқа жетпек түгілі, керісінше, сенделіске түсуі мүмкін. Данышпан он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл, жүрек таласып келіп ғылымға жүгінетінін айтады. Сонда ғылым олардың жақсы-жаман қасиеттерін атай келіп, былай дейді: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, - депті. – Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жан-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны сол, - депті». Міне осы данышпандық сөздерден көп нәрсені аңғаруға болады. Жан басқару керек дегенді ұқтырып айтушы – ғылым. Ғылым – Алла тағаланың қасиеті дедік. Ендеше ұқтырып тұрған жүректегі Алла тағала сипаты. Қалпыңды таза сақта» деген сөз жандық қалпыңды танып, нағыз эгоңды таны, яғни «Жаныңды таза сақта» дегенді білдіреді. Құдай тағала жандық қалпыңа әрдайым қарайды. Жоғары Жан материалдық тәнге емес, рухани жанға қарайды. Өзін жан деп түсініп, тәнін толық басқаратын адамды «табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол» деп әулиелік жолды көрсетеді. Абай тән құмарының маңызы туралы жетінші қара сөзінде былай дейді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреу – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды». Абай осы сөзімен денені жетілдіру керек, бірақ ол – жан құмарын дұрыс қанағаттандыру үшін ғана екенін білдіреді. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі [i] Аяу, рақым ету. | ||
|
Всего комментариев: 0 | |