14:13
Абай айнасы - рухани кемелдену

ТАБИҒАТ

Абай табиғаттың жаратылу мақсатын көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге, оның қасиеттерін де суреттеп, адамға жеткізеді. Фәни өмірде дұрыс бағыт алу үшін бұл әркімге өте керек білім.

Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?

Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?

Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,

Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!

 

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің

Татуды араз, жақынды жат қыларға?

 

Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзің,

Тіл үйренгн нәпсінің қу мінезін.

Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,

Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін.

(«Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?», 1898 ж.)

Бұл терең философиялық мағынасы бар екен. Көңіл бөліп оқитын болсақ, бұл өлең жолдарынан табиғаттың қасиеттерін, адамның онымен қарым-қатынасының қандай болуы керек екенін және адам өміріндегі орнын көруге болады. Фәни өмірде адам өзін табиғаттың қожайыны санайды. Кеңес дәуіріндегі атақты ботаник Мичуриннің «Біз табиғаттың беретінін күтіп отыра алмаймыз, біз оны табиғаттан алуымыз керек» деген қағидасының жаңылыс екенін өткен дәуір көрсетті. Абай мұрасы адам табиғаттың қожайыны емес, тек қана оның бір кішкентай бөлігі екенін ескертеді. Табиғат Жаратушының қуаты, яғни Оның бір көрінісі, сондықтан табиғатты жеңу мүмкін емес. Себебі оның Жаратушы жасаған бүкіл ғарышпен байланысқан адамға бағынбайтын өз заңдылықтары бар. Адам тойымсыз сезімдерінің ықпалымен ақыл-есін пайдаланып, табиғатты өз қалауынша өзгертемін деп үміттенеді. Бұл уақытша пайдасын беруі мүмкін. Бірақ оның арты өкініш болып, үлкен зардапқа әкеледі. Сөйтіп алдамшы өмір өзінің түрлі жылтырағымен жеке адамдарды қалай алдаса, өз құлқыны үшін табиғат заңдылығын бұзған бүкіл адамзатты да солай алдап, зардабын шектіреді. Бұл өлеңнің «Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір, желігін жерге тықпас кісің бар ма?!» деген жолдарынан фәни өмірдегі желіккен желөкпелерді ғана емес, бүгінгі бүкіл адамзат әрекетін көре аалмыз. Бұған Кеңес дәуіріндегі «тың жерлерді игеру» ұранымен Қазақстанның бір кездегі мыңғырып мал жайылған сайын даласын шөл және шөлейтке айналдырылғанын, ал Арал теңізінің құруға жақындап қалғанын еске алсақ та жетеді. Жер беті экологиясының мүшкіл жағдайы да осының салдарынан екені түсінікті болса керек. Сөйтіп фәни өмірдің ықпалымен адамзат табиғатты бүлдіреді. Бұл адамзаттың өзіне ор қазуымен бірдей. Себебі адамзаттың өзі – табиғаттың бір бөлшегі. Бұл – табиғат бүлінсе адамзаттың өзі де бүлінеді деген сөз. Қоғамдағы көбейген аурулар мен адамдардың моральдық-психикалық ауытқулары осының бір дәлелі. Табиғатты өзгертуге болмайды. Адам басқа жан иелерінің ең саналысы болғандықтан, өзі сана-сезімінің арқасында табиғатты тек қана өз мұқтажы үшін пайдалана алады. Міне, Абай бабамыз осыны ескертеді. Ал бұл имандылық жағдайында ғана жүзеге асатын іс.

Бұл өмірде дәмі тіл үйіргенмен бұзылмас тәтті жоқ, сондықтан оған ынталанып аптығудың орны жоқ. Ол рухани мақсатқа айырбастауға татымайды. Бұл жалған дүние адамды нәпсінің торына түсіріп, құрсауында ұстауға арналған. Себебі осындай өмірді бұлфәни жалғандағылар әуелден қалап, өздері ниет еткен. Фәни өмір рухани өмірді көрсетпей шымылдық боп жауып, адамды негізгі мақсатынан алыстатады. Сонымен бірге, ол адамды қуанышы мен зардабының арасында жанталастырып, біртіндеп адамның көкірек көзін ашу үшін берілген. Ойшылдың сезіп-білуі бойынша бұл мәнсіз фәни өмір пенделерге осылай сабақ береді. Тек қана соны түсініп ғибрат ала білу керек.

Жан иелерінің бұл өмірге байлануының негізгі себебі – өздерін тәнге балап, сезімдері арқылы ләззаттануға ұмтылуларында. Сөйтіп фәни әлемнің жылтырағы жетелп, түрлі күнәлі істер жасауға итермелейді. Себебі материалдық әлемнің екі міндеті бар. Біріншісі, жан иелеренің көзін шелмен жауып, рухани дүниеден аластау болса, екіншісі, мойынға құрық салып, өмірдің тұңғиығына батыру. Бірақ фәни дүниенің қызығымен жүргендерге бұл ақиқат беймәлім. Егер олар рухани білім алатын болса, сонда ғана имандылыққа ие болып, шел басқан көкірек көздері ашылып, жандары ояна бастайды. Фәни өмірдің ақиқат шындығын адам тек қана өзін толық өзгертіп, бұл фәни дүниеде өзінің рухани жетілуі үшін өмір сүре бастайды. Ол үшін әуелі табиғаттың негізгі бөліктерін білу керек.

Абай табиғаттың көзге көрініп, адам сезімдері қабылдай алатын тұрпайы бөлігінен басқа адамның сезімдерінен тысқары жатқан нәзік әлем барын білдіреді. Ол өзінің отыз сегізінші қара сөзінде былай дейді:

«Әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі һауас сәлим[i] һәм тән саулық». Абай адамның адам атануы үшін оған ақыл және ғылым (ғылым деген сөз рухани білімді де қамтитынын жоғары айттық) керек екенін айтады. Олардың табылуы үшін тән саулығы және хауас сәлим керек екен. Бұлардың біріншісін түсіну оңай. Ал екіншісі (хауас сәлим) нені білдіреді, оның маңызы қандай? Бұл өте маңызды мәселе. Себебі бұл Абай сөзінің адамның өз ақылымен жетуіне қиындық тудыратын тұсының бірі. «Хауас сәлим» араб тілінде «өзіндік дұрыс қасиет; өзіне тән мінез-құлық». Бұл ұғым ислам дүниетанымының классигі болып саналатын әл-Ғазалидің жазуы бойынша, әрбір жан иесінің тәнен басқа тағы бір нәзік болмысы барын білдіреді.

Хауас сәлимді жеке адамдар тәрізді микрокосмға ғана емес, бүкіл жан иелері, сонымен бірге жер, ғаламшарлар, бүкіл әлем тәрізді макрокосмға пайдаланатын болсақ, оның мәні кеңіп, әлемнің көптеген сырларын ашуға мүмкіндік береді. Хауас сәлимді басқа тілдерде әр түрлі атайды. Негізгі мағынасы – ол жан иесінің нәзік болмысы. Ол ғылымның түрлі салаларында, діни-философиялық жүйелерде психоэнергетикалық жүйе, биокеңістік, биоэнергия, аура, нәзік дене, макрокосм үшін нәзік әлем, қатарлас әлем, т.б. деп аталып жүр. Біз қолдануға ыңғайлы болу үшін жер бетіндегі жан иелері (микрокосм) үшін нәзік дене, ал әлем (макрокосм) үшін нәзік әлем деген атауды қабылдаймыз.

Сонымен материалдық әлемдегі жан иелерінің сезімдері қабылдай алмайтын нәзік және қабылдайтын тұрпайы денелері болады.  

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

[i] Жақсы сипат.

Просмотров: 432 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: