15:48
Абай айнасы - рухани кемелдену

ЖАННЫҢ СИПАТТАРЫ МЕН ҚАСИЕТТЕРІ

 Жан Алла тағаланың жоғары, ал материалдық дене төменгі қуатына жататыны бұған дейін де айтылды. Жоғары қуат төменгі қуатты басқарады. Абайдың «тәнді жан басқаруы керек» дейтін ойы болмаса тірлік те, өмір де жоқ деген тұжырымға әкеледі. Жан бүкіл денегі қуат береді және бүкіл дененің жұмысын басқарады. Ойшылдың жиырма жетінші қара сөзіндегі «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың» деген сөзі бойында жаны болған соң ғана адамның өмір сүре алатынын білдіреді.

Жан денеде болғанда адам өмір сүреді, ал ол денеден кеткенде өмір сүру доғарылады. Дене біраз уақыт өткен соң біртіндеп ыдырап, материяның басқа түріне айналып кетеді. Күндегі тіршілікте адамның алдағы өлім туралы ойланбауының себебі – жанның мәңгіліктігінде. Жан мәңгілік болғандықтан, өзін тәнге балайтын кейбір жандарға фәни өмірдің өткіншілігін ойлантпайды. Сөйтіп олар көп уақытын пайдасыз өткізіп алады. Оларға Абай былай дейді:

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

(«Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен», 1899 ж.)

Жанның екінші қасиеті, ол – білімге толы. Сондықтан әркім өзін білімді, ақылды сезінеді. «Сен ақымақсың» деген сөзді ұнататын адам жоқ шығар, сірә. Әркім өз халінше білімге ұмтылады. Адам баласының білімге, жетілуге ұмтылу құштарлығы осыдан болса керек. Білмекке құмарлық жайында Абай былай жұмбақтайды:

Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,

Сәулең болса, ьермен кел талапты ерің.

Жан құмары дүниеде немене екен –

Соны білсең, әрнені білгендерің?

(«Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің», 1891 ж.)

Бұл жұмбақтың шешуі – білмекке құмарлық. Жан фәни өмірде алғашқы қасиетін толық көрсете алмайды. Бірақ кім болса да өзін білгіш санайды: білместікті, надандықты қорлық көру, жан қасиеті тұрғысынан қарағанда, заңды құбылыс. Абайдың жан құмарын «білмекке құмарлық» деп шешуінің үлкен философиялық мағынасы бар. Білмекке құмарлық дегеніміз тек қана материалдық білімге ғана емес, ең әуелі рухани байлыққа ынтызарлық болса керек. Себебі рухани білім, біріншіден, адам жүрегін тазартса, екіншіден, адамның ой-өрісін кеңітіп, болмыс құпияларын ашып, оны алға сүйрейді. Мұның өзі жетілу дегеніміздің ең әуелі рухани тазару екенін білдіреді. Бұған Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде әркім өзінің зәредей қасиеттерін Алла тағаланың қасиеттеріне ұқсатып жетілдіруі керек екенін айтуы дәлел болады. Жанның білім қасиеті өзін осылай білдіреді. Білім алу арқылы  адам алғашқы сипатына ұмтылып, жетілу жолына түседі. Бұл – қоғам өркениетінің кепілі. Абай отыз сегізінші қара сөзінде Алла тағаланың қасиетінің бірі ғылым екенін жазады. Алла тағаланың нұры болғандықтан, жан да пәк болып тазарған кезінде ғылымға кемелді болуы керек. Бұл туралы Абай отыз сегізінші қара сөзінде былай дейді:

«Бұл (сипаттары) Алла тағаланың кемелінен болмаса да, пендесінің әрбірінде оларды өз халінше бар қылып жаратыпты». Ендеше, Алланың бір бөлшегі болғандықтан, жанның қасиеттері де сапа жағынан Оның қасиеттері тәрізді. Бірақ сан жағынан мөлшері аз. Алла тағала білімге толы, ендеше жанның да сондай қасиеті болуы керек.

Жанның үшінші қасиеті – ләзаттылығы. Бүкіл жан иелерінің барлығының да рақатқа, ләззатқа, бақытқа үздіксіз ұмтылуының сыры осында жатыр. Бақыт дегеніміз адамның жан рақатын алып, өзін ләззатты сезіну сәті. Жан ең жоғары ләззатты адамның Алла тағаламен байланыс кезінде алады. Бірақ бұл фәниде көпшілік тәндерін қанағаттандыру арқылы ләззат алғылары келеді. Олар өздеріне түрлі материалдық жағдайлар жасайды. Мұны материалдық өркениет дейміз. Сондықтан бақытты әркім әр түрлі түсініп, өздерінше іздейді. Бірақ адам фәни өмірдің өткінші бақытына еш уақытта толық қанағаттана алмайды. Бұл туралы Абай бірінші қара сөзінде-ақ ескерткен. Нағыз қанағат рухани ләззат алып, жан құмарын қамтамасыз етуде. Бұған қалай жету керек? Бұл адамзаттың, әрі кетсе, бүкіл әлемнің өмір сүру заңдылығы. Абайдың «үш сүю», «махаббат» ұғымдарына үлкен мән беруінің осындай себебі бар.

Жанның мәңгіліктігі, білімге және ләззатқа толы қасиеттері адамға тыныштық бермей, рухани жетілудің кепілі болады. Ал жанның бұл қасиеттерін, тән құмарын қанағаттандыруға ұмтылу – қоғамдық өмірдегі материалдық өркениет кепілі болып табылады.

Абай көрсеткен жанның мәңгілік қасиеттерін тереңнен түсіну адам баласына өмірдің, әрі кетсе, бүкіл әлемнің көптеген құпияларын аян етеді. Сонымен бірге, адамның өз жан дүниесін түсініп, өмірдің жетілу жолымен өолеуіне мүмкіндік береді.

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 394 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: