22:24
Абай айнасы - рухани кемелдену

ЖАННЫҢ СИПАТТАРЫ МЕН ҚАСИЕТТЕРІ

Жан таза рух болғандықтан, оны адамның сезім мүшелерімен қабылдау және материалдық әдістермен зерттеу мүмкін емес. Себебі оның қасиеттері материяның қасиеттерінен мүлде бөлек, тіпті керісінше, оған қарама-қарсы. Жан туралы білім трансценденттік, яғни материялық әлемнен тыс және құпия мағыналы болып келеді.

Жан сырын толығымен қамту да мүмкін емес, себебі оның мағынасы рухани эзотерикалық түсінік алып тереңдей береді. Жанның терең мағынасын ақылмен түсіну мүмкін еместігін ислам теологі Әбу Хамид әл-Ғазали де айтқан. Бұны Абай былай деп білдіреді: «Жан қуаты деген қуат – бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сиғызбайды». Сондықтан біз де жанның шексіз сырының негізгі тұстарына ғана тоқталамыз.

Жүректегі жанды көре алмасаө та, оның бар екенін әркім өзін сезіну арқылы біле алады. Айталық, адамның бір жеріне инені пісіп алса, ол бірден-ақ сезеді. Бұл жанның барын көрсетеді. Бұлыңғыр күндері біз Күнді көре алмауымыз мүмкін. Бірақ берген жарығы және жылуы арқылы оның бар екенін білеміз. Сол сияқты денені сезіну арқылы жанның бар екенін мойындаймыз. Бірақ біз бір денені, өз денемізді ғана сезінеміз. Ал жүректегі Жоғары Жан болса, Ол барлық денелерді сезінеді. Егер денені қорлап, оған зардап шектіретін болсақ, оны Алла тағала да сезінеді. Сондықтан жан иелеріне жамандық жасауға болмайды. Бұл Алла тағалаға қарсы әрекет деген сөз.

Жанның қасиетін материалдық тұрғыдан түсіндіру мүмкін емес. Оны ақылмен қабылдау қиын. Жан – материялық атомнан да кішкене рухани атом. Оны ешқандай құралмен көруге болмайды. Аса ірі піл де, көзге көрінбейтін кішкене микроағазалар да сол жан болған соң өмір сүреді. Абай жан жүректе орналасқан дейді. Жүрек – адамның тәні мен нәзік болмысының орталығы. Сондықтан адамның бүкіл физиологиялық және психолоогиялық өмірін жүрек басқарады. Жан былғанса әуелі жүрек, соның ықпалымен адамның психикасы (нәзік болмысы), сонан кейін оның тәні ауруға шалдығады. Сондықтан адамның ауырмай салауатты өмір сүруі үшін, ең әуелі рухани өмірін бір қалыпқа салып дұрыстау керек.

Жан жүректе орналасқандықтан, ойшыл жүректің адам өміріндегі орнын жоғары бағалап, оған көптеген анықтамалар береді. Айталық, ыстық жүрек, сорлы жүрек, ауру жүрек, жылы жүрек, ынталы жүрек, мұз жүрек, асау жүрек, ет жүрек, жас жүрек, ызалы жүрек, шошыған жүрек, шын жүрек, сұм жүрек, ақ жүрек, қапаланған жүрек, айнымас жүрек, жаралы болған жүрек, сөніп қалған жүрек.

Жан Жоғары Нұрдың бөлшегі болғандықтан, Жоғары Жанның нұры болып табылады. Бүкіл әлемнің өмірі күн сәулесіне байланысты болғаны сияқты, адам өмірі де жанның нұрына тәуелді. Жан кеткенде тән өмірін тоқтатып, бұзылып жойылып, топыраққа айналып кетеді.

Жан қандай күрделі болса да, Абай жанның негізгі қасиеттері жөнінде мағлұмат берген. Жан сапа жағынан Жоғары Жанға ұқсас. Сондықтан оның да Жоғары Жандікіндей негізгі үш қасиеті бар. Оның біріншісі мәңгілік, екіншісі білімге толы, үшінші ләззатты. Жанның бұл қасиеттері адамның мінез-құлық, іс-әрекеттерінде байқалып, оның психикасын анықтайды. Осылардың әрқайсына жеке тоқталайық.

Мәңгіліктілік – жанның бірінші негізгі қасиеті. Сондықтан күнделікті өмірде ешкім де өлім туралы ойламайды.

Абай «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңінде былай дейді:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Бұл өлең жолдары тән мен жанның қасиеттерін көрсетеді. Мен – ақыл мен жан, ал тән «менікі», яғни мен «тән» емеспін. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, яғни «мен – жанмын», сондықтан мәңгілікпін. Ал «менікі», яғни тән өлсе өлсін, оған бекі, яғни тәннің өлгеніне көп қайғырма. Осылайша данышпан адам болмысын анықтап және олардың әрқайсысының қасиеттерін беріп, олармен қандай қатынаста болу керек екенін түсіндіріп береді. Егер данышпанның осы сөздерін дұрыс ұғып сезіне білсек, адам өліміне деген көзқарасымыз өзгереді. Әрине, бұның жақын адамдарың қайтыс болған кезінде дем беріп, қайғыны жеңілдететініне күмән жоқ.

Абайдың «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан» деп жанның мәңгілік екенін айтқан данышпандық сөзіне көңіл аударатын болсақ, жанның еш уақытта өлмейтінін, ендеше еш уақытта тумайтынын сезінеміз. Себебі мәңгілік өлмейтін нәрсе тумайды да. Егер ол туатын болса, онда ол мәңгілік емес, яғни өлуі керек. Туатын және өлетін – жан емес, ол – тән. Бірақ жанның мәңгілік қасиетін білмегендер өлуді басқаша түсінеді. Бұл туралы Абай былай дейді:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

(«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», 1895 ж.)

Бұл өлеңде ақын тәнді табиғаттың бөлігі ретінде «табиғат» деп атайды. Ал жанды адамның өзіне балап «адам» деп атап отыр. Өлетін адам емес, табиғат, яғни тән. Себебі жан сапа жағынан Жоғары Жанмен ұқсас, мәңгілік. Ал дене табиғат болғандықтан үнемі өзгерісте. Дененің үнемі өзгерісте екенін медицина ғылымы да құптайды. Әр сәт сайын бір клетка өліп, екіншісі пайда болып, адам денесі өзгеріп тұрады. Бала туғаннан кейін есейіп, жасөспірім, бозбала, жігіт, еркек, жасамыс адам, кәрі адам болып өзгеретіні белгілі. Қандай жан иесі болса да, жалпы алғанда, алты өзгерістен өтеді. Дене анадан туады, өседі, артына ұрпақ қалдырады, біраз уақыт әрекет етіп өмір сүреді, біртіндеп қартаяды, ақырында өледі. Бірақ жан ешқандай өзгеріске түспейді. Сондықтан ол өлмейді, өлмегендіктен тумайды. Оның бүгінгісі, өткені және келешегі де жоқ. Ол мәңгілік, әрқашан да болады, қартаймайды. Сондықтан кәрі адамдар өздерін бала кезіндей жас сезінуі мүмкін. Қазақ халқының «Адам қартайғанымен көңілі жас» дейтіні сондықтан. Өзгеріске түспейтін болғандықтан, жан өзінен ештеңені бөлмейді, яғни оның баласы жоқ. Бала деген – ерлі-зайыпты адамдар арасындағы тән жақындығы нәтижесінде өмірге келген перзент, олардың махаббаты берген өмірлерінің жалғасы. Абай Алла тағала «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дейді. Алла тағаладан шығатын махаббаттың шапағаты арқылы жан әке арқылы ана құрсағына барып түсіп, әрі қарай өзіне тиесілі дене алып, бала болып дүниеге келеді. Бала – тәндегі бөлек жан. Өмірге келген соң ата-анасының баласы ретінде өмір сүреді. Тән бойында жан болғандықтан өзгеріп отырады, бірақ жанда ешқандай өзгеріс жоқ, сондықтан ол тән тәрізді алты өзгеріске түспейді.

Сонымен бірге, жанды ешқандай әдіспен жою мүмкін емес. Оны ешқандай құралмен бөлікке бөлуге болмайды. Ол отқа жанбайды, суға батпайды, кеппейді, ерімейді. Әлемдегі ғаламшарлардың атмосфералық жағдайлары әр түрлі екендігі ғалымдар арасында дау тудырмайды. Ендеше бір атмосфералық жағдайға бейімделген жаниесінің денесі онан өзгеше жағдайдағы басқа атмосферада өмір сүруге жарамсыз болатынын да мойындауымыз керек. Бұл әрбір жан иесі өзі бейімделген ғаламшарда ғана өмір сүруі керек деген тұжырымға әкеледі. (жалғасы бар)

 
 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 392 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: