23:47
Абай айнасы - рухани кемелдену

ЖАН. АДАМ ДЕГЕН КІМ?

Сонымен, бізді жанымыз билеу керек пе, әлде тәніміз билеу керек пе? Бұл сұраққа данышпан жетінші қара сөзінде анық жауап береді. Ол әуелі жан құмары мен тән құмары туралы түсіндіріп келеді де, әрі қарай былай дейді:

«Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік». Ол әрі қарай осының барлығы қандай нәтиже беретінін былай деп суреттейді:

«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз». Адамның жан құмары үшін өмір сүру керек екенін данышпан осылай анық білдіреді.

Сонымен, Абай «жан» деген сөзді адам, адамның ақыл-есін білдіретін психикасы (хауас сәлим), яғи нәзік денесі және рухани жан деген ұғымды белгілеу үшін түрлі мағынада қолданады. Бұларды жеке қарастырайық.

  1. Абай шығармаларында жиі ұшарасатын жан сөзінің бір мағынасы күнделікті өмірдегі тірлік иесі адам ретінде берілетіндіктен, оны осы ұғымның баламасы ретінде алады. Оған Абайдың мына өлең жолдары мысаол болады:

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық...

(«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», 1886 ж.)

 

Екі күймек бір жанға әділет пе,

Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

(«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», 1898 ж.)

 

...Өздерің де ойлаңдар,

Неше түрлі жан барсың.

Ғылым да жоқ, ми да жоқ,

Даладағы аңдарсың.

(«Өзгеге, көңілім, тоярсың», 1890 ж.)

Бұл жолдардағы жан туралы сөздерден кәдімгі адам мағынасын көреміз. Оның тәні, нәзік денесі және жаны бар.

  1. Жан сөзі Абай шығармаларында адам психикасы немесе психикалық құбылыс, көрініс, яғни нәзік дене ретінде қолданылады. Айталық:

Жан шошырлық түрінде

Бәрі бірдей еліріп...

(«Менсінбеуші ем наданды», 1891 ж.)

 

Көңілімнің рахаты сен болған соң,

Жасырынба, нұрына жан қуансын.

(«Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол», 1888 ж.)

Бұл жолдарда «жан шошырлық», «көңілімнің рахаты», «нұрына жан қуансын» деген сөздер адамның психика тәрізді нәзік болмысын білдіреді. Бұл – жан және психикалық қасиеттерден тұратын адамның нәзік болмысы. Бұны Абайдың «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңінен де көре аламыз:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағыасы – екі.

(«Көк тұман – алдыңдағы келер заман», 1897 ж.)

Ойшыл бұл өлеңінде өзін нәзік болмыс арқылы сезінетін екінші деңгейдегі адамды көрсетіп отыр. Ақыл мен жан – мен өзім. Ал тән – менікі, яғни мен тән емеспін, ақыл мен жанмын деп отыр. Бірақ ақыл жан болса ғана бар. Жан жоқ болса, ақыл да жоқ.

  1. Жетінші сөзінде «тән жанға қонақ үй бола алмайды», жиырма жетінші қара сөзінде «Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың», қырық үшінші қара сөзінде «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» деген сөздер бар. Бұл ойлардағы «жан» деген таза рухани жанды білдіреді.

Адам ғапыл[i] дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда, ойла, болады не сенікі?

(«Көк тұман – алдыңдағы келер заман», 1897 ж.)

Ойшылдың бұл өлеңде өмірдің соңында жан адам тәнін тастап кетеді деп көрсетіп отыр. Тән деген ұғымға нәзік болмыс та кіреді, олай болса бұл арада «жан» деген сөздің мәні таза рух дегенді білдіріп тұр. Жан иелерінің тәндерінің қалыптасуы ана құрсағына жанның енуінен басталады. Жанның ықпалымен нәзік және тұрпайы болмыс қалыптасады. Бірақ бұл адамның сезімдерінен сырт жатқан метафизикалық мәні бар эзотерикалық ұғым. Оны материалдық әдіспен дәлелдеу мүмкін емес.

Абай білдірген адамның үш болмысы (рухани, нәзік және тұрпайы) туралы ислам классиктерінің еңбектерінде көп айтылады.

Адамның тәні, яғни тұрпайы болмысы туралы анатомия, физиология, генетика тәрізді ғылымның түрлі салалары біршама зерттеп, мағлұмат берді. Ал парапсихология қарастыратын адамның нәзік тәні немесе нәзік болмысы өте күрделі болғандықтан, ол әлі толық зерттелген жоқ. Рухани жанға келетін болсақ, бұл туралы ғылымның қазіргі жеткен деңгейінде тек кейбір болжамдар ғана бар.

 
 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

[i] Қапы қалу, байқамау

Просмотров: 413 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: