20:48 Абай айнасы – рухани кемелдену | |||
ЖАН. АДАМ ДЕГЕН КІМ? Әлбетте, халық адамды жан деп атайтыны бар. Айталық, баласын жақсы көргенде анасы «жаным менің!» (жақсы көретін адам мағынасында) дейді, кейде жиналған жиын туралы «көп жан жиналды», «түрлі жандар», т.б. сөз тіркестері айтылады. Біз де Абсолюттің Жаратушыдан кейінгі бір негізі жан дедік. Жан – таза рух. Түбінде Алла тағала таза рух болғандықтан, Одан шыққан энергияның барлығы да рухани болу керек. Бірақ, Абай айтқандай, біз өзіміз тануымыз үшін Оның энергияларын жоғарғы және төменгі деп екі үлкен топқа бөлеміз. Жоғарғысына жан жатса, төменгісіне материалдық элементтер жатады. Алла тағаланы түсінген жоғары жетілген адамдар үшін бұлардың барлығы да рухани. Өмірдің негізгі мақсатына жету үшін әуелі өзінің кім екенін біліп алу керек. Сонымен бірге, кім болса да өзінің мінез-құлқының не себептен сондай ұнамды не болмаса ұнамсызын білсе, ол өзінің қазіргі жағдайын түсініп, өткендегі жасаған қателіктерін саралап біліп, келешекте оны қайталамас үшін өзін қалай өзгерту керектігін түсінеді. Бұл адам болмысы мен оны тәрбиелеу мәселелерімен шұғылданатын педагогика және психология ғылымдары үшін де маңызды. Екінші жағынан, адам болмысын танып білудің қоғам өмірі үшін де маңызы бар. Айталық, ғылыми зерттеулерде бір құбылысты зерттеп білу үшін әуелі оның барлық бөліктерін зерттеп біліп алады. Сол сияқты қоғамның даму заңдылықтарын түсініп, оны дұрыс жолға салу үшін әуелі қоғамның алғашқы бөлшегі болып табылатын адамның, әрі кетсе бүкіл жан иелерінің болмысын білу керек. Мұның өзі қоғамның алғашқы «кірпіші» болып табылатын адам баласының түп негізін барлап, біліп алмайынша қоғамның негізгі заңдылықтарын дұрыс түсіну мүмкін еместігін білдіреді. Адам болмысын тану, эзотерикалық негізі бар өте күрделі мәселе. Сондықтан жан иелерінің, оның ішінде адамның болмысы көптеген ұлы ойшылдарды толғандырған. Адам болмысы туралы Абайда да түрлі ұғымдар бар. Оларды жүйелеу арқылы адам болмысының негізін анықтауға болады. Сонымен адам деген кім? Бұл сұраққа түрлі жауап алуға болатыны белгілі. Айталық, әркім өзін мен еркекпін немесе әйелмін деп жынысына, қазақпын, орыспын деп ұлтын, дінін, тағы басқаларды атап, өзін денесіне балауы мүмкін. Ал белгілі философ Рене Декарт: «Мен ойлаймын, яғни мен өмір сүріп жүрмін», - деген. Бұл өзін ақыл-ойына балау деген сөз. Ал кейбір «Мен жанмын» дейтіндер бар. Енді осылардың қайсысы дұрыс түсінік? Бұған жауапты Абай ілімінен іздеп көрелік. Ол жиырма жетінші қара сөзінде Сократ хакім мен оның шәкірті Аристодем арасындағы әңгімені келтіреді: « - Ей, Аристодем! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқа да ақыл жоқ деп ойлайсың? – деді.
Біріншіден, «Адамның денесі» деген сөз дене адам емес, ол адамдікі дегенді білдіреді. Яғни, адам дене емес. Екіншіден, «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың?» деген сөз «сен ақыл да емессің, себебі сен оған тек қана ие болдың» деп тұр. Сонымен, адам ақыл (хауас сәлим) де емес. «Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді, сонан соң ие болдың» деген сөзге қарасақ адам жан да емес екен. Бұл арада «қайдан келсе де» деп Абай жанның қайдан келгенін тән мен ақылдың келгеніндей анықтамай, оның келуі жоғарғы себеп екенін білдіреді. Сонымен, «адам» деген түсінік тәнді де, оның ақыл-есін де, жанын да білдірмейді екен. Адам – жан, тән және ақыл-естің біріккендегі тірлік көрінісі. Ал «жан иесі», «ақыл иесі» немесе «жан» деген сөздер адамның өзін осылардың қайсысына балайтынын көрсетеді. Жанның материалдық денедегі түрі қазақ тілінде «жан иелері» деп те аталады. Бұл дененің жан иесі болғанын көрсетіп, адамды денеге балаған кезде осылай делінеді. Ал адамның негізі жан деп есептегенде оны «жан иесі» емес «дене иесі» деген жөн болар еді. Бірақ олай айтылмайды, сондықтан қалыптасқан дәстүр бойынша барлық тіршілік иелерін «жан иелері» деп атаймыз. Сонымен, жан, ақыл-ес және тәннің бірлігі тіршілік иесі болады. Бұл үшеуінің қасиеттері бірдей емес, әр түрлі. Сондықтан олардың тілейтін құмарлықтары да әр түрлі. Ол құмарлықтар үнемі бір-бірімен талас пен күресте болады. Сонда олардың қайсыс басқаларын билеуі керек? Адамның өмір мақсаты, мінез-құлқы, ісәрекетінің барлығы осы сұрақтың шешіміне байланысты. Айталық, егер адам өзін тәнге баласа, онда ол барлық хайуанаттар тәрізді тек қана тәннің ықпалымен, соның мақсаты үшін ғана өмір сүреді. Бұл – таза метариалдық көзқарас. Маркстік-лениндік дүниетаным осы көзқарастың бір көрінісі. Бұл көзқарас бойынша «сананы болмыс қалыптастырады». Яғни бүкіл болмыс өмірі материалдық әлемнің ықпалында. Болмыстың бір бөлігі адам да сол заңдылықпен өмір сүргендіктен, оның өмірі уақытша, рухани білім жоқ және қасіретке толы. Бұны өткен кеңес дәуірі жақсы дәлелдеді. Ал егер адам өзін ақыл-еске баласа, онда ол өмірін білім алуға, өзінің ақыл-есін қанағаттандыруға ұмтылады. Бұл – жоғары интеллектуалды өмір. Ғылым, мәдениет, өнерге жан-тәнімен берілген адамдар осымен шұғылданады. Зиялы қауым деп осыларды атаймыз. Ал егер адам өзін жанға баласа, онда оның өмірі тек қана жан құмарын қанағаттандыруға арналады. Жан құмары қандай азықпен қанағаттанады? Абайдың айтуынша, ол рухани азықпен қанағаттанады. Бұл – Құдайға таза құлшылық деген сөз. Бұлар – өмірдің түпкі мақсатына жетуде тура жолға шыққандар. Бұлардың өмірі мәңгілік, білім мен ләззатқа толы. Бұлар «Сананы болмыс емес, керісінше, болмысты сана қалыптастырады» дейді. Себебі олар бүкіл әлем өмірі рухтың басқаруымен болатынын жақсы біледі. Бірақ мұндай рухани адамдар өте сирек кездеседі. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 0 | |