22:19
Ақиық-арғымақты Алаш айбыны

ДІЛ ДАҢҒЫЛЫ

Әлбетте, Алаш қозғалыстың өрістеуіне ақын-жазушылардың қаламгерлік те, қайраткерлік те үлестері айрықша болды. Зерделесек, Алаш қозғалысы дәуірі – ұлттық жазба әдебиетінің тарихындағы ерекше жылдар. Қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келуінің бастапқы кезеңі Абай заманымен байланысты болғанымен, оның буыны бекіп, бұғанасы қатуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдебиетке Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы т.б. кейбір дараланған әдебиет өкілдерінің шығармашылығы мысал бола алса, келесі ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің саны еселеп артты. Жазба әдебиеттің жарық көретін қалыптары – баспасөз, кітап басу ісінің дамуы жазба әдебиетті өркендете түсті. Ендігі жерде әдебиет оқырманға арнала бастады. «Айқап» журналы, «Қазақ» т.б. газеттер көркем ойды мыңдаған оқырманға жеткізушіге айналды. Асылы сол, көркем проза, драма, әдеби сын үлгілері туып қалыптасты. Әдеби сынның қалыптасуы, оның шығармаға, әдеби мұраға, әдеби үрдіс-үдеріске баға беруі – жазба әдебиеттің есейе бастағандығының айғағы болды. Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарық көруі – жазба әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал етсе, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтжандылық, елдік ұрандарды күшейтті. Сөйтіп, бұл жаңашыл дәстүрді Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Бейімбет секілді жас дарындар соны көркемдік сапада, тың қырынан жалғастырып әкетті. Соның нәтижесінде, Алаштың қалам қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары һәм драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын  мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идеялық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиеттің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахаң бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Сол екпін, сол бет, сол бағыт қашанда ұлтына перзенттік сүйіспеншілігі мен адалдығын сақтаған қаламгерлердің шығармашылығында баяу болса да қан тамырындай бүлк-бүлк соғып жатты. Алаштық саралы жолдан ауытқыған кеңестік әдебиет әсіре қызылдың тез оңатынын сезбестен, адамға емес, саясатқа қолбалалық, құлдық сапарын айғай-шумен, беттен алумен бастап, бір кісінің ғұмырындай ғана өмір кешті. Әуелден таза, әуелден көркем, әуелден адамға, ұлтқа деген жанашырлық пен ізгілікке, шуақ пен мейірімге толы «Алаш әдебиеті» аталатын алып бәйтерек қайта жаңғырып, ізгілік тұқымдарын шаша бастады. Ендігі жерде қазақ баласы жасағанынша жасайтын оның байтақ та баянды мәңгілік өнегелі сапары басталды. 

Бағамдасақ, қандай ұлттың болмасын мәдени деңгейін көрсететін факторлардың бірі –  театр өнерімен байланысты екендігі мәлім. Бұл жолда да Алаш зиялылары «тұңғыш» деген атаққа ие. Айталық, Б.Серкебаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов қазақтың алғашқы драмалық шығармаларын жазса, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» тұңғыш театрлық қойылым болғаны белгілі. Ал, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен мемлекеттік ұлт театры тұңғыш шымылдығын ашқан болатын. Жалпы өз заманында Алаш өкілдері ұлт мәдениетін, өнерін танытуға, насихаттауға қатысты бірқатар тағылымды шаралар атқарды. 

Алаш қайраткерлерінің тіл саласындағы тағылымын биік бір асқарға теңесе болғандай. Сол асудың төңірегінде Алаш зиялыларының қазақ тілін дамытудағы еңбектерін ерекше бөле-жара айтуға болады. Алаш зиялыларының дербес мемлекеттілікке ұмтылыстарында қазақ тілінің мәртебесі туралы да ойлар менмұндалап тұрды. Оны олардың сол тұста жазған мақалаларынан және А.Байтұрсынұлының, С.Сәдуақасұлының Оқу комиссариатында басшылық еткен кезіндегі іс-қимылдарынан аңғаруға болады. Тіл – ұлт руханиятының негізгі өзегі екендігі де Алаш зиялыларының қоғамдық ойларынан және көркем шығармашылығынан көрініп жатты. Тілдің қоғамдағы орны мен рөлі жөніндегі қисынды пікірлер Ахаң бастаған алашшылдардың мақалаларынан көрініп жатты. Сондай-ақ, туған тіл тақырыбы ұлтты ұйыстырушы, халықтың төл болмысын айқындаушы фактор ретінде қазақ поэзиясында, әсіресе, М.Жұмабаев, С.Торайғыров өлеңдерінде ерекше леппен жырлана бастады.

Ақиқатында ғой, Абай заманында өмірге келіп, өркен жая бастаған жазба әдебиеттің нағыз бағбаншылары Алаш ұранды әдебиет өкілдері болды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ғ.Қараш, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Күлеев т.б. Алаш қозғалысының белді, белсенді мүшелері қазақтың жазба әдебиетін тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байытты, кеңітті. Яғни, негізінен ауызша айтылып, тыңдалып жүрген көркем сөз үлгілері хатқа түсіп, жазу түрінде газет, кітап беттеріне көше бастады. Бұл әдебиеттің өмір сүру, таралу типін ғана өзгертіп қоймай, ең бастысы, жазудың мәдениетін арттырды. Көркем ойды жеткізудің тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерін еселеді. Соған орай жаңа көркем түрлер пайда болды, тың сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалды. Жазба әдебиет үлгілері дайындықпен, қажетті материалдар жинаумен, ұзақ толғанумен жазылатын дүниелер болғандықтан, мұнда ұлт тілінің барлық байлығы мен бейнелілігін сарқа пайдалануға зор мүмкіншіліктер туды. Туған тілінің осы мүмкіншіліктерін тумысынан талантты, ұлтына ұлы махаббаттары табиғи Алаш ұландары ұтымды пайдалана алды. Сөйтіп, қандай да бір қасаңдықтан ада, адами құндылықтарды ту еткен, халқының халіне, ұлтының ұйысуына зерек ой, адал ниетпен көмкерілген көркем туындылар дүниеге келді. Бұл «Алаш әдебиеті» деп аталатын жаңа әдеби дәуірдің бастапқы кезеңдерінде ұраншылдық, насихатшылдық басым болғанымен, шамамен жас дарындар Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтердің шығармалары жазыла, жарық көре  бастаған тұстан бері қарай көркемдігі кемел дүниелер бой көрсете бастады. Осы эволюциялық жол – Алаш әдебиетінің тез өсіп, жедел жылдамдықтармен ілгерілегенін көрсетеді. Оның мысалы, «Оян, қазақ!» пен «Батыр Баян», «Қорғансыздың күні», «Ақбілек» аралықтары.

Ол аз десек, қазақтың жазба әдеби тіліндегі публицистикалық стильдің қалыптасуы 1905-1918 жылдар аралығында баспасөз құралдарының көбейе түсуімен түсіндірілетіндігі белгілі. Осы тұстағы баспасөз беттерінен тіліміздегі публицистикалық стильдің қалыптаса бастағанын көреміз. «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш», «Жас азамат» газеттерінен және «Айқап» журналынан т.б. баспасөз құралдарынан қазақ сөзінің қоғамдық-әлеуметтік саланың әртүрін көрсететін лексиканың стильдік реңктерге ие бола бастағанын байқаймыз. Осы баспасөз беттерінде саяси-қоғамдық лексикамен бірге, мәселен, жаңа мазмұндағы салтанатты стильдің де ерекше үлгілерін аңғарамыз.

Қарап отырсақ, Алаштану бағытында танымдық-зерттеу жағынан бағындырар белестер молынан бар. Хош, ұлтжандылық таныта ниеттенсек болғаны.

құрастырған Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ , оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 928 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: