23:28 Ақиық-арғымақты Алаш айбыны | |
ЖӨН ЖОЛЫ Әлқисса, қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын
беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде
ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Себебі сол – ол
қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып,
ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық
ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс
еді. Қозғалыстың қарқындылығы һәм жаңашылдығы – қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау
сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен
мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет идеясын
құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын
қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан
белгілі. Олар ғой сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі
мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба
білді. Алаш қозғалысы Кеңес өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары
ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі
бұлтартпас мысалы – Тәуелсіздіктің тұғырында Алаш идеясының қайтадан жаңа
күшпен жаңғыруы. Не керек, жиырма бірінші ғасырдың алғашқы
бесжылдығында да «Алаш» сөзіне өз көлеңкесінен шошынғандай үрке қараған мүйізі
қарағайдай атқамінерлер де болғаны жасырын емес. Өз басымнан өткен-кеткенге
қайырыла көз тастағанда, Алаш туралы әңгіме қозғағанда, атын атап, түсін
түстемей-ақ қояйын, орнықты тақта отырған қайсыбір тұлға бұдан оппозициялық
реңк іздеп, байбалам салғаны бар-тын. Ат-тоңын ала қашқан әрекет те болды.
Сонда деймін-ау, ұлт зиялылары үлкен мінберлерден Тәуелсіздікті тұғырлату
мақсатымен Алаш қозғалысын ұйымдаса құрған бірегей қайраткерлік еді ғой ол. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея
саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның
басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру
идеясымен сабақтасып жатқанында еді. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін
қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің
пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі – тәуелсіз
Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы
алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ
қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Айтқанды
айқындау үшін Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені
жөнінде Елбасы һәм Ұлткөшбасшысы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында»
кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында
ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар
қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі
тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар
эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын. . Ақиқатында,
Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме
басталып, ол толастар емес. Бұл заңды да. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт
отарлық-бодандық құрсауында қамалған, егемендігін енді орнықтырған, жаһандану
алдында тұрған халықтың есті ұрпағы ұлтын ұйыстырар идея іздемек. Бұл жөнінде
қазіргі қоғамда әрқилы көзқарастар өріс алып отырғаны мәлім. Осы орайда бұл
мәселеге қатысты көрнекті алаштанушы М.Қойгелдиевтің мына бір пікірін келтіре
кеткен жөн. Ғалым былай деп жазады: «Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде
қорытындылап, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен
ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол
дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп,
есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея.
Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш –
ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін
анықтау харакеті». Әлбетте, Алаш қозғалысы кезеңі мен бүгінгі кезеңнің өзіндік
ерекшеліктері бар екендігін жақсы
түсінеміз. Айтпағымыз, Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан
туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының
бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зиялыларының сан-салалы мұрасынан,
олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да Алаш қозғалысына
өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес
өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік
мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы
ғибрат алғанымыз ләзім. Бұған мемлекеттік деңгейде де, зиялы қауым тарапынан да
ерекше көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймыз. Сондай-ақ, Алаш қозғалысының қарқынды
жүруіне ерекше еңбек сіңірген, тіпті оның дүниеге келуіне атсалысқан бірқатар
тұлғалардың есімдері арагідік болмаса, өз деңгейінде айтылмай да, бағаланбай да
келе жатқанына назар аударуымыз қажет. Өйткені, Алаш қозғалысы дегенде,
көбінесе, біздің есімізге бірнеше белгілі қайраткерлер ғана түседі, ал еленбей
жүргені нешеме. Есімдері аталмаған қаншама азаматтар ХХ ғасыр басындағы
отаршылдық қамытындағы халқы үшін бастарын бәйгеге тікті. Олар сол ерен
істеріне марапат алмақ түгілі, жеке бастарына қауіп төндіріп алды. Кеңестің
зымиян саясаты бастапқыда ыдырату мақсатында Алаш қайраткерлерін бауырына
тартқан болып, диктатурасы күшейгенде оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Алаштың
атымен ұлы іс бастаған оның қай тұлғасы да құрмет пен марапатқа әбден лайық.
Біздің құрметіміз бен марапатымыздың
белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына
айналдыру. Асылында, өзіміздің ұлттық санамызды қалыптастыру, ел алдындағы
перзенттік парызымызды орындау, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ. Зерделесек, еліміздің тәуелсіздігі тарихымызды
түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге кең мүмкіндік ашып отырған қазіргі
кезеңде ұлт ретінде қалыптасу жолында бедерлене байқалған тарихи белестердің
сыр-сипатын зерделеу барынша терең ғылыми ізденістерді қажет етуде. Әлбетте,
бұл Алаш қозғалысын зерттеуге де тікелей қатысты. Айтулы қозғалысқа тек
саяси-қоғамдық тұрғыдан ғана баға беру тарлық етеді. Қозғалыстың өз дәуіріндегі
тарихи мәні айқындалып келеді дей отырып, оның рухани жаңғырығының дәйектей
түсер тұстары мол. Мәселен, оны аса ірі рухани-мәдени құбылыс ретінде кешенді
түрде қарастырып, осы құбылыстың әлеуметке, жеке тұлғаға ықпалын анықтаудың
тұжырымдамалы жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ең алдымен, Алаш қозғалысының
қазақ баласына, адамға, тұлғаға, содан шығып, әлеуметке деген көзқарасын дәйектеуіміз
керек. Алаш қайраткерлерінің, қаламгерлерінің еңбектерімен танысқанда, олардың
ой-пікірлеріндегі гуманистік аңсарды аңғармау мүмкін емес. Әрбірден соң,
қозғалыстың өзі – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет.
Ұлттың еркіндігі мен азаттығы, оны құрайтын жеке адамдардың бақыты мен теңдігі
ұранын көтерген қозғалыс – білімі кемел, ой-өрісі кең, мәдениеті жоғары, адам
мен қоғамның мәселелерін жетік білетін ұлтшыл ғана емес, гуманист азаматтардың
белсенділігінен туғанына күмән келтірмесек, онда бұл тарихи-саяси құбылыстың
діңгегі – елжандылық пен адамсүйгіштік екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн. Абзалында, Алаш құбылысы – сол тұстағы қазақ
қоғамының барлық жағын қамтыған салалы, саралы құбылыс. Бұл құбылыс, сондай-ақ,
қазақ өмірінің өткенін безбендеуге ден қойған, бүгінгісін таразыға салған һәм
болашаққа бағыт айқындаған, тәуелсіздікті ғана мұрат еткен қасиетті құбылыс.
Алаш қозғалысы сол тұстағы қазақтың саясат, әдебиет, өнер қайраткерлерін,
дінбасыларын, оқымыстыларын, бақуатты азаматтарын медицина, техника, ауыл
шаруашылығы, экономика, заң, әскери салалардағы мамандарын топтастыра отырып,
өздері өмір сүрген тарихи-қоғамдық болмысқа реформа жасауды мықтап қолға алған,
жігері мен сенімі жеткілікті, бағдарламасы айқын, мақсаты зор қозғалыс болатын.
Демек, Алаштану кешенін зерделей зерттеу – ендігі бағытымыз. құрастырған Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ , оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, Бесқарағай ауылы, Лебяжі
ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |