17:47 Оқужылының басты сыны | |
ҰБТ – 2009 СЫН АЛДЫ. СЫН КЕЗІ. СЫН СОҢЫ. Жалпы орта білімді салыстырмалы түрде бағалайтын һәм еселейтін, сонымен бірге жалпы орта білім курсын тәмамдайтын, оның үстіне белгілі уақыт аралығында әрі меткепті аяқтайтын, әрі баянды болашақта оқуға түсуге айқын жол салатын ұлттық бірынғай тестілеу (ҰБТ) жалпы орта білім беру ісімен айналысатын әрмектеп үшін осынау жауапты сын болып табылғалы қашан. Сондықтан ҰБТ-ны ұйымдастыру һәм өткізу де егжей-тегжейлі сапалы дайындықты талап етеді. Ауданға қарасты ҰБТ тапсыратын он екі мектептің бірі болып Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі де оқу жылының басты сынына күні бұрын аттанды. Тапсыруға өтініш білдірген он алты оқушыны ата-аналар қауымы, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері, мектеп бітірушілердің жора-жолдастары, құрбы-құрдастары сапарға аттандырумен қатар, мынадай толғанысты әрі тебіреністі сәтке ауыл молдасы Оспанов Жамбыл ақсақал арнайы келіп, түлектерге ақ батасын, жүрекжарды тілегін Күн шуағындай шашты. Ауылдан жеңіл көліктермен шыққан он алты түлек аудан орталығына келгеннен соң өзге ауылдардан келіп жеткен оқушылармен үлкен автобустарға жайғасты да, облыс орталығына жол тартты. Тиісті мекенге жеткенше автобустарды бірі алдынан, екіншісі артынан алып,жол полициясының қызметкерлері жіті бақылауда ұстады, оның үстіне мектеп бітірушілер жайғасқан әр автобуста полиция қызметшісі, медбике болды. Павлодарда бесқарағайлық түлектер Лебяжі, Қазы, Ямышев, Сатыбалды орта мектептерінен келген оқушылармен Катаев көшесіндегі 83-үйде орналасқан арнайы мектептің интернатына келіп жайғасты. Онда жылыжүзді әрі ақжарқын персонал балаларды құшақ жая қарсы алды. Мәжіліс залына жиналған оқушыларға, олармен еріп келген техникалық хатшыларға, аудандық білім бөлімінің мамандарына сәттілік тілеген осынау мекеменің басшысы техникалық қауіпсіздік жағынан арнайы нұсқаулық өткізді. Артынан интернат меңгерушісі әр қабат кезекшісімен оқушыларды орындарға орналастырды. Асханада кешкі, таңғы һәм түс асы жоғары деңгейде әзірленіп, барлығының көңілінен шықты. Бір сөзбен түйгенде, оқушыларды орналастыруда ешбір мін болмады. Осы үшін де арнайы мектеп интернатының ұжымына айтар алғыс шексіз. Биылғы жылдың 7 маусымында Лебяжі ауданының мектеп бітірушілері Павлодар мемлекеттік педагогикалық институның ғимаратында ҰБТ тапсырды. Үш жарым сағаттық сыннан тер төгіп шыққан түлектер үлкен сынды артқа тастап, тағатсыздана нәтижелерді күтумен болды. Күн ұясына отыруға бет алған шақта нәтижелер анықталды. Бесқарағайлық түлектердің биылғы көрсеткіштері былтырғы қорытындылармен салыстырғанда әлдеқайда тәуір болды. Айталық, бес пән бойынша бесқарағайлықтар орта есеппен 64,9 балл (54,1%) жиыпты (қазақ тілді сыныптың үлесінде 68,2 (56,8%) болса, орыс тілді сыныптың еншісінде 55,3 (46,1%)), ал төрт пән бойынша көрсеткіш 51,3 балл болды (қазақ тілді сыныптың жинағаны 55,3 болса, орыс тілді сыныптың пайдасына 39,5 тиді). Сыннан өткен бесқарағайлық түлектердің ішінен алға суырылып, көш бастап тұрғаны Жанпейісова Торғынның еншісінде 108 балл. Айта кету керек, бұған дейін Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінен ҰБТ тапсырған оқушылар осынау биік көрсеткішке қол жеткізбеді. Екінші орынға 100 балл еншілеген Жүнісова Назгүл жайғасты, 97 балды қоржынына салған Шәкіров Нұрсұлтан үшінші орынды иеленсе, қанжығасына 80 балды байлаған Қалиева Дариға төртінші орынды қанағат тұтты. Он алты оқушының оны талапты қырық бес балдық межені бағындырды деуге ауыз толтырып айтуға болады. Жекелей пәндердің көрсеткіштерін сөйлеткенде, қазақ тілді сыныптағы қазақ тілі һәм Қазақстан тарихынан 17,0 (68%), екі оқушы тапсырған географиядан 16,5 (66%), орыс тілді сыныптағы қазақ тілінен 15,8 (63,2%), төрт оқушы тапсырған биологиядан 14,0 (56%), қазақ тілді сыныптағы орыс тілінен 12,9 (51,6%), төрт оқушы тапсырған дүние тарихынан 12,5 (50%), орыс тілді сыныптағы орыс тілінен 12,3 (49,2%), орыс тілді сыныптағы Қазақстан тарихынан 11,8 (47,2%), қазақ тілінде үш оқушы тапсырған физикадан 9,3 (37,2%), қазақ тілді сыныптағы математикадан 8,6 (34,4%), орыс тілінде үш оқушы тапсырған физикадан 8,0 (32%), орыс тілді сыныптағы математикадан 5,8 (23,2%) деңгейінде көрініс берді. Сайып келгенде, биылғы ҰБТ-да бесқарағайлық мектеп бітірушілер талапты деңгейді бағындыра алды. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің техникалық хатшысы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |