Зерделі зерттеу
05/04/2021, 11:34

МУМИЁ

Жанболат Аупбаев

Өткен жылғы жаз айы күндерінің бірі еді. Біз астаналық режиссер-оператор Вадим Терентьев екеуміз «Хан Тәңірі» атты деректі кинолентаны түсіру үшін Тянь-Шань тауларының қойнауына жол тарттық. Жүріп келеміз. Төңірегіміз ит тұмсығы өтпес ну орман… Жалаң қия… Жақпартастар. Одан әріректе төскейінде сынап сағым сырғанаған қарсауыт мұзарт шыңдар мең мұндалайды. Ғажап бір көрініс! Кинооператор объективіне керекті нәрсе де осы ғой. Адам аяғы аттап баспаған арда табиғат аясындағы көз жанарыңды суырып әкетердей осы сұлулық әлемін ал кеп түсірейік!.. Сол уақытта біздің санамыздан төмендегідей де жәйттің қылаң бергені бар. Ол: «Мынау иен таудың түкпірінде өзімізден басқа ешкім жоқ шығар, сірә. Адамдар бұл жерге не іздеп келсін?» – деген ой еді.

Бірақ, олай болмай шықты. Сапарымыздың үшінші, әлде төртінші күні болуы керек, суретші табиғаттың ғажайып сыйы – сарқырамалы керегетасты кадрға түсіріп жатқанымызда оның ұшар басынан қылт ете түскен екі адамның сұлбасы көрініп қалды. Мұны көзіміз шалған мен де, кинооператор да аң-таң болып біраз тұрдық та, ештеңеге түсінбеген соң, жұмысымызбен бола бердік. Ертеңінде әлгі көрініс тағы да қайталанды. Бұл жолы олар екеу емес, бірнеше адам болып қарсы беткейдегі жалама жақпартастарға өрмелеп барады екен. Содан не керек, біз Хан Тәңірі етегінен кетер-кеткенше бейтаныс «саяхатшыларымыз» сол жерде жүрді де қойды. Қайтар жолда орманшылар кордонына соғып, ондағыларға көрген-білгенімізді айтқанымызда, Егерь Дүйсенбай Сәлімжанұлы:

«Ә, олар мумие іздеп жүрген келімсектер ғой. Бұлар бақылау пунктінен бейтарап аймаққа қалай өтіп кетті екен?» – деп кәдімгідей алаңдаушылық білдірді.

– Мумие дейсіз бе? Ол Тянь-Шань тауларында кездесуші ме еді?– дедік біз оған қарсы сауал қойып.

– Кездескенде қандай? – деді Василий Захарович. – Ең сапалы мумие осында. Мұны біліп алған Алматы, Бішкектегі пайдакүнем делдалдар жаз шықса болды, сол жерлерден неше түрлі қаңғыбас жұмыссыздарды жинап алып, осы жаққа қарай аттандырып жүр.

Сапар аяқталып, Алматы мен Астанаға қайтарда Тянь-Шань тауларындағы өзім көрген жоғарыдағы оқиға ойымнан кетпей-ақ қойды. «Бұл не?» – деп сұрақ қоямын өзіме-өзім іштей. Адамдардың осы табиғат сыйына құныға ұмтылуында қандай сыр бар? Олардың қазіргі антибиотик заттардан әбден жерігені ме, жоқ әлде «ғажайыптардың ғажайыбы» мумиенің шипалылығы жайындағы дақпыртқа бас-көзсіз елігіп, елтуі ме? Аталмыш тас майы қандай зат? Бұған ғылыми тұрғыдан кім анықтама бере алады.

Осындай сауалдар ақыры бізді кезінде талай жылдар бойы республикалық аптека басқармасына жетекшілік еткен, одан кейін Алматы медицина институтында кафедра меңгерушісі болған фармокология ғылымының докторы, профессор Кеңес Үшбаевтың алдына алып келді.

– Мумиеге деген қазіргі көзсіз табынудың сырын мен өз басым былай ойлаймын,– деп бастады әңгімесін ғалым. – Мәселен, қай елде болмасын дімкәс жандардың кезінде барлық ауру түріне бірден тосқауыл болатын емдік қасиеті бар дәрі-дәрмекті іздегені, армандағаны мәлім. Антибиотик заттардың пайдалылығын ескере тұрса да, бірақ оны ұзақ мерзімге қабылдауға шыдамы жетпеген ауру адам психологиясы ақырында кез келген сырқатты «пышақкесті тыяды» деген дақпырттағы мумие «жарнамасын» өмірге әкелді. Оның мұндай бірден зор сенімге ие болғаны – дәуір көшіндегі мумие жайындағы уақыт бәйгесінен озып келген ертедегі кейбір медицина ғұламаларының анықтамалары.

Кеңес Үшбайұлының айтуына қарағанда, мумие туралы деректер медицина жылнамасында сонау ерте кездерден белгілі. Мысалы әлемге аты мәшһүр Ибн-Сина: «…Мумие – әлсіреген жүйке тамырларын тітіркендіре алады. Жараны тез жазады»,– деген. Бұл біз сөз етіп отырған емдік қасиеті бар тас майы жөніндегі бір ғана анықтама. Ал әр кездері айтылған мұндай тұжырымдар өте көп. Солардың бәрінен түйетін қорытынды сол, ол Шығыстағы халық медицинасы мыңдаған жылдар бойы осы дәріні пайдаланып келген, көне емшілер мен тәуіптер оны көптеген ауруларды жазатын қасиеті мол шипа ретінде бағалаған. Сөйтіп, олар мумие бүкіл организмге: «Күш-қуат береді, сал ауруларын, ұстамалы кеселдерді жазады, жаралардың аузын тез қатырады, уланғанда көмектеседі»,– деп есептеген.

Емдік қасиеті бар бұл зат белгілі бір жерде кездесе ме, жоқ әлде...

Медицинадағы түрлі экспедициялық зерттеу қорытын­дысына жүгінсек, – дейді біздің бұл сұрағымызға сәл-пәл ойланып барып жауап қатқан ғалым, – мумиені Азия құрлығынан, оның бірнеше елдерінен кездестіруге болады. Басы ашық нәрсе – оның ертедегі отаны Египет – Мысыр жері екендігі. Содан кейін орта ғасырларда ол Үндістан мен Тибеттен табылған. Ал біздің заманымызда емдік қасиеті бар бұл табиғат сыйы Орта Азияның Памир, Зерафшан, Қазақстанның Тянь-Шань, Тарбағатай, Сібірдің Забайкалье тауларында кездесетін болып шықты. Ғалымдар мумиенің пайда болуы туралы мынадай болжамдар айтады. Біреулері бұл тау қыртыстарындағы көмір сутектерінің өзгеріп отыруынан туған өнім десе, екіншілері оның шығу тегі өсімдік тектес дегенге саяды. Мұндай пайымдауға келуге кейбір мумие құрамында кездесетін өсімдік қалдықтары себеп болуда. Мамандардың үшінші, яғни соңғы бір тобы аршаның не тұт ағашының сөлі мен майы тамшылап ағып жерге сіңеді, тас жарықтарына құйылып жаңбырмен шайылады, одан кейін ол буланып, жақпартастарға смола тектес зат түріндегі мумие жиналады дегенді айтады.

Ғалым аға осылай деді де ендігі бір кезекте бізді өзінің аталмыш тақырыпқа қатысты жинап жүрген материалдарымен, ондағы келтірілген ғылыми дерек, талдамалармен таныстыра бастады. Бұлардан ұққанымыз, табиғи мумие негізінен үш қасиеті бойынша түзіледі екен. Алғашқысы жартастардың жарылған сызаттарында қатқан тамшы секілді өзекті мумиелер. Содан кейін жаңбыр немесе қар суына еріп төмен қарай аққан, сөйтіп барып тас қуыстары мен үңгір төбелеріне сүңгі болып қатқан мумиелер. Ал ең соңғысы тау қыртыстарындағы түрлі ерітінділер мен жан-жануар, жәндіктерден бөлінетін қалдықтардың араласуы нәтижесінде пайда болған агрегатты мумиелер. Міне, медициналық сараптаулар нәтижесімен танысқанда біз сөз етіп отырған табиғат сыйы осылай түзілетін болып шықты. Ал оның түрі, құрылымы туралы сөз етер болсақ ол коллоидтарға тән қоңыр түсті, омырылғыш, өзіндік исі бар, органикалық және органикалық емес қосындылардан тұратын зат.

– Мумиенің ғылыми-зерттеу лабораторияларындағы қазір­гі белгілі болып отырған қасиеттері қандай? Ол нендей сырқаттарға шипа бола алады деп ойлайсыз?

– Бұл сұраққа тұжырымды жауап беру қиын, – деп сөзін сабақтады Кеңес Үшбайұлы. – Өйткені, мумиенің құрамы түбегейлі зерттеліп болған жоқ. Дегенмен, фармокологияның осы бағыттағы алғашқы қорытындыларына байыппен қарайтын болсақ, оның біраз құпиясы дәрігерлерге белгілі болған да сияқты. Атап айтқанда, біріншіден, мумие өте күшті биологиялық тітіркендіргіш. Демек, ол бұрынғы және қазіргі фармокологияда басты орында тұрған атышулы Тайга женьшенінің емдік қасиетінен 2,5 есе артық. Ол жекелеген клеткалардың, тірі организмнің тұтас системаларының физиологиялық белсенділігін арттырады. Екіншіден, мумие бактроцидті қасиеттері жағынан антибиотиктерден анағұрлым күштірек. Ол зат алмасу процестерін реттейді. Сондай-ақ организмнен зиянды заттардың бөлініп шығуын жүйелейді. Вирустарға деген қорғаныс қабілетін арттырады, жүректің биоэлектрлік белсенділігін күшейтеді. Мумиенің химиялық құрамында кальций, фосфор, калий, стронций тотығы көп мөлшерде кездесетіндіктен, ол адамдардың дене мүшелерінің зақымданған жерін тез арада қалпына келтіруге көмектеседі. Атап айтқанда, асқазандағы жара, күйік, сынған сүйек мумиенің көмегімен әдеттегі жазылу мөлшеріне қарағанда одан 15-20 күн бұрын бітіп кетеді.

Бұл айтқандарымыздың бәрі мумиенің адам организміне пайдалы жақтары. Сонымен қатар, одан сақтандыратын тұстарды да сөз ете кеткеніміз жөн ғой деп ойлаймын. Мәселен, мумиенің құрамында 28-30 түрлі зат бар. Бұл анық. Ендеше, сол құрамның әрбір түрі сырқат жандарға пайдалы ма, зиянды ма? Міне, дәрігерлердің алдында осылардың пайдалысын ғана бөліп алып, оның қандай науқасқа ем екенін ажыратып, сонан соң ғана дәрі жасау міндеті тұр. Содан кейін мынаны айтқымыз келеді. Мумиені еппен, байыппен қолданған жөн дер едік. Мәселен, аталмыш затты жүрек инфарктімен ауырған адам пайдаланса, ол табан астында жүректің биоэлектрлік белсенділігінің күрт артып кетуінің салдарынан қиын жағдайға қалады. Ал қан қысымы жоғары адам бұл жағдайда, өз ауруын жазудың орнына оны гипертонияға дейін асқындырып алуы мүмкін.

– Мумие тек медицинаға ғана қажет пе, жоқ әлде...

– Ол тек бір ғана медицина үшін емес, халық шаруашы­лығының салаларына керек шикізат. Бүгінде ғылыми-зерттеу лабораторияларындағы мумиемен тыңайтылған бидай клет­ка­лары тәжірибе жүзінде әдеттегіден 2,5 есе жылдам бөлінетіні анықталып отыр. Осыдан-ақ оның өсімдіктерге әсері қаншалықты екенін айқын аңғаруға болады. Бұдан басқа мумиенің ауыл шаруашылық дақылдарының табиғи қолайсыздықтармен, зиянкестермен күресу қабілетін күшейтетіні туралы деректер де бар. Бұл жерде мынаны мықтап ескерген жөн. Мумиенің біздің республикамыздағы тау қойнауларындағы қоры онша көп емес. Сондықтан оны халық шаруашылығына жаппай қолданудың мүмкін еместігі анық. Ол тек қана селекциялық ғылыми-зерттеу лабораторияларындағы түрлі тәжірибелерге катализатор ретінде қолданылады.

…Осы әңгімеден кейін көп ұзамай, менің мумиенің Қазақстандағы екінші бір нүктесі Семей облысындағы Тарбағатай тауларына жолымның түскені бар. Мұнда да сол Тянь-Шань өңіріндегідей көңілсіз көрініс. Жергілікті халық емес, келімсек жалдамалылар Аягөз ауданының «Тарбағатай» ауылындағы  Ақжайлау, Өкпеті, Ақшоқы сияқты бөктерлерінен бой көрсетіп жүр. «Бөтен адамдар мұнда қайдан келген, не істеп жүр?» – деп айтар ауылдық әкімшілік,  қоғамдық тәртіп сақтау орындарының қызметкерлері қайда дейсің іштей. Көлденең көк аттылар біздің табиғи байлығымызды қашанғы бас-көзсіз тонай береді? Оның қызығын неге сол ауылдың тұрғындары көрмейді? Осыны неге ойламаймыз, ағайын!

 
 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 183 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: