15/02/2021, 15:19 | ||||
МИГРАНТПЫЗ БӘРІМІЗ ДЕ! Мохсин Хамид Әлбетте, адамзат көшпенді түрге жатса да бізді екіге – мигрант пен жергілікті деп бөлетіндер көп. Әрбіріміз келімсек ұрпағымыз. Біздің түріміз, яғни Homo sapiens, бұл мақаламды жазып жатқан Лахордан шыққан жоқ. Олар, бәлкім, сіздер ұқсап Шанхай, Буэнос-Айрес, Каир, Осло немесе Алматыдан да емес. Сіз біздің ең көне түріміз табылған жерде, бәрімізге ортақ Африканың Ұлы рифт алқабында тұрып жатсаңыз да, сіз мигрантсыз. Өйткені ата-бабаңыз үнемі көшіп отырған. Олар бүгінде сіз тұрып жатқан жерді тастап, біреулерден қашып, ендігілерден пана іздеп, қаны араласып, шыққан тегі әбден өзгерген. Қарапайым мысал – өз басым. Ұзақ жылдар бойы ата-апам мен әке-шешем, туыс өскен жерге, менің бүкіл балалық шағым өткен Лахордағы үйіме қайтып келгенге дейін мен ондаған жылдар бойы Солтүстік Америка мен Еуропада тұрып келдім. Сыртым жергілікті болғанымен, бұл саяхатым ішімді, яғни жан дүниемді түбегейлі өзгертті. Бәріміз де үй деп аталатын туған жерге жатпыз. Бірде-біреуіміз уақыттың қазіргі шағына жатпаймыз, жатпыз. Түсіндіре кетейін, біз қазір ғана өтіп кеткен шаққа жат болып келеміз. Мәселен, сіз осы сөйлемді оқи бастаған кезге қайтып орала алмайсыз, демек сіз сол уақытқа жатсыз. Сол бір кезден тек естелік қана қалады. Адам болу уақыт арасында көшіп жүру деген сөз. Секунд бұл біз оралатын арал сияқты дүние, кеме апатына ұшыраған адам ұқсап, толқын бізді жағалаудан алыс әкетіп, қайта-қайта жаңа шаққа, жаңа аралға, жаңа тәжірибеге әкеп лақтырады. Өмір бойы бұл секундтар арасындағы көшіміз жиналып, сағат, ай мен жылдарға трансформацияланады. Осылайша біз балалық шақ, мектеп, достарымыз бен ойыншықтардан, қолымыздан жетектеген әке-шешеміз бар әлемнен қашқан босқынға айналамыз, кейін мұның бәрін күнделікті күйбең тіршілік, фото альбом мен естеліктер ғана алмастырады. Көшеге алғаш аяқ басқанда үлкен кісілердің ұзын бойына таңырқай қараймыз. Екінші шыққанда балғын әрі күшті жастық шақтың арқасында бүкіл назар бізде. Үшіншісінде, өз балаларымызды жетектеп шығып келе жатсақ, соңғы рет шыққанымызды ешкім байқамайды, ешкімге көрінбейтіндейміз, ешкімге қызық емеспіз, бұл жердің тартылыс күшіне шыдас бермейтін қартайған шағымыз. Бәріміз де жаңашылдықтың драмасын бастан кешеміз. Ал айырылып қалған, қайтара алмайтын дүниелер үшін өкініш өзегімізді өртейді. Бұл – бәріне ортақ қасірет. Оның күштілігі сондай, біз өзгені айтпағанда оны өз басымызда да еш қабылдағымыз келмейді. Біз қоғаммен бірге тек жаңаға, мәселен, жаңа табысқа ұмтыламыз. Мәжбүр болғандықтан біз осы уақыт кеңістігінде – уақытша әлемде көшіп келеміз. Өзіміз таңдап жатқанымыздай көрінгендіктен болар біз осы кеңістік, физикалық әлем арқылы келе жатырмыз… Бірақ бұл таңдаудың ішінде біз еріксіз көнетіндері де бар. Тұрған жеріміз адам төзгісіз болғандықтан біз үнемі көшіп келеміз. Қалауымызша өмір сүрумен қатар біз қоршаған ортаның қолайсыздығы, қауіп-қатер мен жүйке тоздырған көрші үшін көшіп жүрміз. Біз көшпелі тіршілік иелеріміз. Адамзат үнемі көшіп келді. Ата-бабамыз да бір орында тұрған емес. Қай құрлықты алсаңыз да ең әуелі ауылдан қалаға бет алған замандастарымызды байқайсыз. Біздің ұрпағымыз да бір орында тұрмақ емес. Климат өзгерісі, су деңгейінің көтерілуі, соғыс пен бір экономикалық жүйенің екіншіге жол беруінің кесірінен олар да көшеді. Технологияның күші мен оның жер жаһанға әсері күн санап өсіп келеді. Сәйкесінше өзгеріс қарқыны да күш алып, жаңа күйзеліс туындамақ. Бұл стресске жауап ретінде – оған өте икемді келетін біздің түріміз тағы да көшетін болады. Ата-әжемізге ұқсап біздің де пешенемізге осы сценарий жазылған. Бұған қарамастан мұндай көшке күмән келтіріп, оны дағдарыс, су тасқыны мен дүлей апаттың айқын көрінісі деп қабылдайтындар бар. Бүгінде адам екі түрге – жергілікті әрі мигрант деп екіге бөлініп кетті деп айтылып келеді. Және олардың арасында үстемдік үшін күрес басталып кетіпті. Географиялық көшті ғана емес, біздің ел, біздің нәсіл, біздің дін үшін керемет болған шаққа, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезге, яғни өткенге оралуға мүмкіндік беретін уақыт көшін де тоқтату мүмкін деп айтылып жүр. Ол үшін осы жергілікті мен келімсек болып бөлінген әлемді қабылдау керек екенбіз. Кереге мен кедергілерге, күзет, қару мен бақылауға толы әлемге көз жұмуымыз керек. Бір орында қозғалмай, тапжылмай тұрғандай кейіп танытуымыз тиіс бұл әлемде адамның жеке өміріне, мәртебесі мен теңдікке орын жоқ. Бәлкім, бәрімізді мигрантқа балайтын бұл ой төніп келе жатқан дистопиядан шығатын жол ұсынып тұрған шығар. Бәріміз мигрант болсақ, өзге қалада еш өмір сүріп көрмесе де өз шаһарында бөтен сезінетін әйел мен өз қаласын тастап кетіп, оны қайта еш көрмей азап шегетін еркектің арасында байланыс бар болуы әбден мүмкін. Уақытты жеңуге болады деген мағынада емес, соның кесірінен үлгермей қалып, айырылып жатқан мүмкіндіктер тұрғысынан алғанда, бәлкім, сырғып аққан уақыт біздің ортақ жауымыз шығар… Осылайша ғана ең әуелі өз-өзімізге, кейін барып өзгелерге жанымыз ашитын шығар. Уақытта жүзу арқылы үрей емес, бойымызда өжеттілік пайда болмасына кім кепіл?! Бәріміздің – жеке басымыздың, соңымыз бүкілінің соңы емес, әлем біздерсіз-ақ әдемі әрі үмітке толы болуы мүмкін екенін мойындай алатын батыл болуымыз керек шығар… Көшпенді түр ретінде шынайы болмысымызды қабылдау оңай емес. Жаңа өнер, жаңа тарих пен өмір сүрудің жаңа жолдары керек болуы мүмкін. Бұл – әлеуеті зор идея. Бұған көнсек, қазіргіден де ғажап әлемге – бәрін бірдей сыйдыра алатын әрі әділетті, бізге және ұрпағымызға әлдеқайда жақсы, тамағы мен музыкасы жақсырақ, зорлық-зомбылығы жоқ бейбіт өмірге тап болуымыз мүмкін. Сізге ең жақын орналасқан қала екі ғасыр бұрын қандай еді? Бүгінгімен салыстыруға еш келмейтін еді. Екі ғасырдан кейін де ол кемінде осы шамада өзгереді. Шамамен әрбір қаланың қазіргі тұрғындары екі ғасыр бұрынғы қаласында тұруды қаламас еді. Екі ғасырдан кейін де осылай болатынына біздің сеніміміз мол. Ақыр аяғында бәрі де көшпенді түр болады. Өз басым осыған жеткім келеді. Әрбірімізді өзгеден көре білу – бұл әрбір мигранттың бізге ұсынған керемет мүмкіндігі деп білемін. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 173 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |