Ықыласпен тоқылық...
30/09/2025, 09:24

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

Сәбит асығыс. Маған осы жетеді деп ішінара сабақтарға қатысатын бұл бала мектепке жаңадан физик келгелі едәуір көп сабаққа қатысатын болған. Бүгін де бұл кезекті бір рейдті өткізіп алды. Көп ұзамай кланнан шығуын талап етуі мүмкін. Бұрын сіңірген еңбегін ескеріп, анау-мынау кемшілігін көзге ілмей қоя салатын. Шебер семсерші Сәбит, нақты айтқанда Грэйвинд, іске кіріскенде ешкім шақ келмейтінін бәрі біледі. Бірақ үнемі осылай бола беруі мүмкін емес еді.

«Стардаст» компьютерлік клубы үй астындағы жайда орналасқан. Алакөлеңкеде мониторлар жарқырайды. Тұрып қалған шай мен шаңның иісі. Бұл бала үшін өз үйіндей болып кеткен жер.

Мұның тұрақты орны бос тұр. Бұл орынның Грэйвинд бекеті екенін клубтың тұрақты келусішінің бәрі біледі. Компьютерді қосты да, құлаққап киді. Құрыс-тырысты жазатын уақыт келді. Ескі процессор дір-дір етіп іске қосылам дегенше бұл, өз дәстүрі бойынша, көзін жұмып, саусақ пен білектің бір-екі жаттығуын жасады. Бірнеше секунд өткенде ішкі хронометрі компьютердің дайын екенін хабарлады да, Сәбит көзін ашты. Осы сәтте әлдекім иығына қолын қойды:

- Сәлем, - деген таныс дауыс шықты.

Артына қараған Сәбит аң-таң болып аңырды да қалды. «Бұл неғып жүр мұнда?» Ал тосын қонақ қатарлас орындыққа отырды да, компьюетрді қосты:

- Қалай, періндіреміз бе?

* * *

Медет көзін жұмып, Сәниянің үйінің кіреберісінде тұр. Бұл жолы оқу тобын Сәния қонаққа шақырған-тын. Медет қалай да осы басқосуда болуға бекінген еді.

Азаматтың әңгімесінен кейін бір кеште-ақ кітаптың жартысын қылғытып салды. Ондағы сипаттамалардың бұған дәлме-дәл келетіні сондай – өз көзіне өзі сенбеді. Ұяңдық мұның жеке өзінің ғана міні емес, едәуір етек жайған дерт екен. Ал ең маңыздысы: одан құтылуға болатыны.

«Бәрін егжей-тегжейлі елестет...  – деп кітаптағы нұсқауды бұл өзіне-өзі сыбырлайды. – Міне, кірем... Амандасам... Қай сабақтан бастайтынымызды сұрайм... Индиана Джонс туралы әзіл әңгіме айтам...

Соңғы үш күн бойы бірнеше рет ойша елестетіп жаттығу жасаған-тұғын. Әуелі қағазға құрбы-құрдасымен кездесудің егжей-тегжейлі жоспарын жазды. Сосын сол жазғанын бірнеше рет дауыстап оқыды. Содан кейін барып, жағдайды ойша құрап елестетті. Басында баяғы таныс жайсыздықты сезінді. Алақаны терледі, көзі тұманданды. Бірақ бірте-бірте қонақта құрбы-құрдасымен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанын елестету жеңілдей берді. Қорқынышын еңсеретініне жексенбіге қарай сенімді бола бастады. Сөйткен батыр тап қазір домофон алдында зәресі зәр түбіне кетіп, жаттығуды дұға секілді қайталап, пәтер нөмірін тере алмай тұр.

- О, Медет, хал қалай? Не тұрыс? Пәтер нөмірін ұмытып қалдың ба?

Бұл Т-Рекс еді. Медет бас изеді.

- елу жеті, - деді де, Т-Рекс пәтер нөмірін өзі терді.

Қоңырау шырылдай жөнелді де, сосын шықыр ете қалды.

- Біз ғой бұл, - деді Т-Рекс домофонға.

- Кіріңдер, - деді Сәния, сосын есік ашылды.

Артқа қайтуға енді кеш еді. Медет есікті тартып ашты да, Т-Рексті алға жіберіп, соңынан ілесті.

* * *

Медет үйіне кешкі асқа қарай бір-ақ оралды. Бұлар Заринаның талап етуімен топ болып математика мен физикадан өткен тақырыптарды қайталап шыққан еді. Зарина «Медеттің келуі құрметіне...» - деген кезде бұл қызарып қоя берді. Сол жері ғана болмаса, жалпы алғанда, өте тамаша күн болды. Ара-арасында шай ішіп отырып, жап-жақсы айналысты. Сәния қонақтарына өз қолымен жасаған бәліш жегізді. Әуелі Медет сөз арасында дайындап келген әзіл әңгімесін қыстырып үлгеріп, пәтер иесі көзінен жас аққанша күлді.

Ұйқыға кетер алдында күндіз айтылған сөздерді қайта-қайта есіне алып, бақыттан басы айналып, күлді.

«Тақырыпты Медет түсіндіргеннен кейін, мысалдарды оңай шешем», - деді бүгін топтағы қыздардың бірі Жадыра. «Иә, Медет әңгіме жоқ түсіндіреді», - деді сөзге сараң Т-Рекс.

Бұлар әлі достаса қойған жоқ. Есесіне Медет бұлардың ортасында өзін әлдеқайда еркін сезінетін болды.

Сосын бір апта бойы көз алдына елестетіп жаттықты. Балаларды жақсырақ біліп алғаннан кейін орындап жаттыққан ойдан шығарған сценарийлері анағұрлым шындыққа жақындады. Апта аяғында Медет өз тобының кез келген мүшесімен еш қиындықсыз сөйлесе беретін жағдайға жетті.

«Неден қорқып жүргем!» - деп өзіне-өзі таңырқады.

Жуырда Азаматтың топтарды қайта құратыны өкінішті-ақ. Бірақ Медет жаңа топпен тіл табысу жағын ойлап қорыққан жоқ. Жоспар бойынша жап-жақсы алға жылжып алған бұл әлдеқайда сенімді сезінді. Кейде өз тобының қыздарымен топтық оқудан тыс уақытта да сөйлесіп қалып жүрді. Ал Т-Рекс екеуі бір-бірін қабағынан түсінетін дәрежеге жетті.

«Енді Аружанмен бірге дайындалатын болсам ғой...» - деп армандады Медет.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 6 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: