| 16/09/2025, 09:49 | |
ОНЫНШЫ ТАРАУ Медет екінші ретте де жексенбіде болатын оқу тобының басқосуына бармады. Сол үшін де өзін-өзі жек көрді. Мектепте бір-екі рет сабақтан соң балалармен қалып көрді, тіпті жап-жақсы өтті басқосулары. Ал солардың бірінің үйіне қонаққа бару деген! Жай ойлағанның өзінде денесі дір ете қалады. Қорқынышын басуға әрекеттенді де. Апта бойы кәдімгі оқу шарасы ғой деп өзін-өзі сендірумен болды. «Жай барам да, ы-ы...» Ойы осыдан арыға бармай-ақ қойды. Соңғы жексенбіде үш рет есікке дейін барып қайтты. Тіпті бір рет үйдің кіреберісіне дейін жетті. Бірақ әрі қарай ұзауға батылы бармады. Ақырында ауырып қалдым деген өтірік сылтау ойлап тапты. Заринаға телефон соғып, өтірік жөтеліп, бірдеңе деп міңгірледі де, өшіре салды. Сосын кереуетінде мәңгіріп ұзақ жатты. Қарғыс атқыр жасқаншақтықтан құтылар күн бар ма екен? * * * - Қайсар? - О, сәлем, Аружан! Мұнда қайдан жүрсің? - Жай, інімді қыдыртып. Аружанның әке-шешесі түкке тұрмайтын нәрсеге бола тағы ұрсысып жатыр еді. Балаларға естілмейді деп ойлап, екеуі өз бөлмесінде ызбарлана сыбырласып жатты. Сол кезде Аружан бұл нағыз серуендеп келетін уақыт деп ұйғарды. Сәтін салса, бұл екеуі қайтып келем дегенше әке-шешесі запыранын төгіп болып, салқын да үнсіз сыпайылыққа көшіп үлгереді. Бұларға ең жақын саябақ автобуспен баратын бірнеше аялдамалық жерде. Тир мен садақ ату деген сөз құлағына тиісімен інісі жылдам киінді. Өзін Сұңқар көз (Марвел әлемінің кейіпкері, мерген садақшы) сезініп, нысанаға оқ атқанды жаны сүйеді. Басқа суперқаһарманның бәрін ойдан шығарылған деп жақтырмайды. Ал 80-деңгейдегі садақшының дағдысын игеруге болады деп бекінген балақай, фңғайы келе қалса, Аружанды тирге сүйрейді. Үйде отыра-отыра зерігіп кеткенде Қайсар да осы саябақта серуендейтін. Аттракцион атаулыға жоламай, жұрт бара бермейтін ағаштар арасындағы шөп басқан сүрлеулермен жүреді. Бұл мұның үйіне қайтуға бет алған кезі еді. - Қалай, біраз садақ атып қайтайын дедіңдер ме? – деді Қайсар тілін шығарып, үрленген шарды көздеп тұрған бүлдіршін садақшыны басымен нұсқап. - Сөйтетін сияқтымыз. Айтқанынан қайтпайды бұл балақай. Тигізбейінше кетпейміз дейді, - деп күлді Аружан. - Солай де. Мен де бұрын әкеммен кеп ататынмын... – дей беріп, тілін тістей қойды. Ешкімге әкесі туралы айтпайтын, аузынан қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалды. Қымсыныстан туған үнсіздікті Аружан бұзды: - Бәлкім, сен де атарсың? Қайсар бір сәтке абыржып қалды да, сосын бас изеп: - Несі бар, бала күнімді бір еске алайын, - деді. Бірнеше минуттан кейін Қайсар мен Аружанның інісі бірін-бірі құтыртып, тигізе алмаса, бірін-бірі мазақтап, рахаттана көңіл көтеріп жатты. Аружан бұл екеуінің қисыны келе кеткен жекпе-жегін езу тарта бақылап тұрды. «Е-е, ұлдар-ай!..» (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
