Ықыласпен тоқылық...
01/09/2025, 15:50

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Үзіліс басталса да, «А»-лықтар екі физика сабағы арасында дәліздегі броундық қозғалысқа уақыт құртқысы келмеді. Себебі Азаматтың сабағында бұлар онсыз да өзін еркін сезінеді. Ол теорияны түсіндіріп жатқанда бұлар сабақты бөлмеде жүріп-тұрып, өзіне қалай ыңғайлы, солай тыңдайды. Берілген тапсырманы ертерек бітіргендері шахмат ойнап, кітап оқып, басқа сабақтан үй тапсырмасын орындап өз ісімен айналысып отыра береді. Жалғыз-ақ шарт – өзгеге кедергі жасамау. Сондықтан бұлар қатарынан өтетін екі физика сабағын үлкен бір сабақ есебінде қабылдап, үзілістің қоңырауына мән бермейді.

Дәл қазір Азамат аяқкиімін шешіп, орындығына шығып тұр. Барлық «А»-лықтар да дәл солай, әркім өз орындығына шығып алған.

- Ал енді сендердің потенциалдық энергияларың қандай? Еденде тұрғандағыдан артық па, кем бе?

- Артық, - деді бәрі жамырай.

Азамат еденге секіріп түсті. Балалар да сөйтті. Еден дір ете қалды.

- Енді ше?

- Бастапқы мәнге оралдық, - деді Медет.

- Ал жаңағы қосымша потенциалдық энергия қайда кетті? – деді Аружан.

- Жақсы сұрақ. Қане, ойланайық, - деді Азамат аяқ-киімін киіп жатып.

Аяқкиімімен және жаңағы сұрақпен әуре болып жатқан балалар бірнеше секунд үндемеді.

Медет:

- Енді, біз секіргенде тәніміз қозғалысқа түсіп, потенциалдық энергия кинетикалық энергияға айналды... – деп жатыр еді, Бекзат мұның сөзін бөліп:

- Ал қазір жылдамдығымыз қайтадан нөлде тұр. Онда кинетикалық энергия қайда кетті? – деді.

Азамат басын еңкейтіп, жымия пікірталасты қызықтай қалды:

- Еск салайын, айналамыздағы құбылыстың бәрі – энергияның әрбасқа түрі ғана. Еденге секіріп түскендеріңде тағы не құбылыс болды?

- Дүңк ете қалды, - деді Мансұр.

- Дұрыс! Дыбыс та энергия емес пе! – деп әлішер елпең ете қалды.

- Айтпақшы, иә, - деді Аршат. – Футболда жанкүйер болып бір жарым сағат айғайлап шумақты ұран айтқанда, иттей боп шаршайсың ғой.

- Онда не, болды ма? Жауабың таптық па? – деді Бекзат.

- Менде мынадай ой туды. Еденге секіріп түскенде екі аяғыма жылу өтті. Ол да энергия ғой, солай емес пе? – деді Кәмила.

- Ойың дұрыс, - деп Азамат құптай бас изеді. – Бұл жағдайда денелеріңнің кинетикалық энергиясының бір бөлігі жылу энергиясына айналды.

Жайлап жөткірініп, есіктен Роза Арыстанқызы көрінді:

- Байқаймын, үзілісте де оқиды екенсіңдер. Азамат, сізді бір минутқа бола ма?

- Пікірталасты жалғастыра беріңдер, - деді Азамат есікке бара жатып.

Екеуі дәлізше шықты.

- Азамат, дүңк еткен дыбыс не?

- Энергияның сақталуы заңдылығын өтіп жатырмыз.

- А-а... – Роза Арыстанқызы түк түсінбесе де, бірдеңе ұққандай кейіп танытты. Жас маманның алдында аңтарылып тұруға болмайды ғой енді. – Бопты. Не ғой, сұрайын дегенім... Енді түсінем, келгеніңе көп болған жоқ, атыңды шығарғың келе ме, білмейм...

- Роза Арыстанқызы, келіскеніміздей, ашық айтыңызшы, не бүлдірдім?

- Бүгін таңертең кездейсоқ журналыңызды көрдім. Бестен басқа баға жоқ. Бұлардың төбесінен бесті жаудырып жатыр екенсіз. Сыныбыңыз толған озат оқушы екен да!

- Білімнің мақсаты да сол, бәрінің озат оқушы болғаны деп ойладым. Олай емес пе, не?

Роза Арыстанқызы бір сәт тілін жұтып қойғандай үнсіз қалды да, сосын есін жинап, енді абайлап сөйледі:

- Жалпы алғанда, иә, озат оқушы көп болса екен дейміз. Тұтас алғанда, «А» сыныбының жалпы үлгерімі жақсарды, оны жоққа шығара алмайм. Байқайм, біздің ескішілі әріптестеріміз далбаса деп жүрген сіздің топқа бөліп оқыту экспериментіңіз мүлде далбаса емес секілді.

Осы кезде Роза Арыстанқызы мұны келесі педкеңесте атап өтуді ойлады. «Бір сыныпта іске асқан нәрсені неге басқа сыныптарға да енгізбеске? Оның үстіне барып тұрған ескішіл мұғалімдердің өзі соңғы кезде «А»-лықтардың тақтаға шығып жауап беруге ұмтылатынын мойындайды. Тұтас мектептің үлгерімі өсітп жақсаратын болса...» Осы тұста ол ойын жинап, өз-өзіне оралды. Бұл кісіге әуелі осы жерде мән-жайды анықтап алу керек.

- Жалпы, сізге қояр кінәм жоқ. Тек сіздің істеп жатқаныңыз барлық бағалау нормасын бұзады. Сонда оқушыларды қалай сараламақпыз?

- А, енді түсіндім нені меңзеп тұрғаныңызды, - деп Азамат күлді. – Роза Арыстанқызы, бестік деген санаулы ресурс емес қой. Мұнай емес, ағаш емес, металл емес. Ендеше, оны несін үнемдейміз? Өз басым оны ынталандыру құралы көрем. Бес қоюда жомарт болсақ, балалар өзіне сеніп, бес қоюға лайық бола бастайды.

Роза Арыстанқызы күмәндана бас шайқады:

- Тыңдашы, Азамат, мен сізге дұшпан емеспін. Бұл – достық кеңесім. Жомарттығыңызды сәл-пәл шектеңіз. Журналыңыз толған бестік боп тұрып, ертең бұлар тесттен сүрінсе... Ең әуелі таяқ өзіңізге тиеді. – Роза Арыстанқызы Азаматқа толғана қарады. – Дей тұрғанмен, ерік өзіңізде. Әйтеуір, балаларыңыз сабақта ұйықтауды қойды ғой, оның өзі – үлкен жетістік. Бірақ, қайткенмен де, шамалы тізгінді тартыңыз.

- Қамқорлығыңызға рақмет, Роза Арыстанқызы. Ақ ниетпен айтып тұрғаныңызды білем. Былай келісейік. Тест нәтижесін көрейік, сосын бәрі белгілі болады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 14 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: