21/05/2025, 01:12 | |
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ Аружан жұмыртқа қуыру өнерімен сегіз жасында танысты. Содан бері бұл, әрбір қимылын мінсіз атқарғанға дейін машықтанатын шығыстық шай баптау шебері секілді, дағдысын жылдар бойы шыңдап келеді. Ас дайындауды жатырқамайтын шешесі мұның осы бір жетік меңгерген тағамын айтып жиі мақтайды. Мақтайтындай бар-ақ. Сарғайта қуырған пияз дәмді бола түседі. Толық қуырылмаған шамалы сұйық сарыуызда тұз қиыршықтары еріп жатады. Ақуызына тастаған шағын нан кесектері асты тойымды етсе, қызанақ тілімдері сән беріп, дәмге дәм қосады. Аружан пәтер түгелімен өзінің билігінде қалатын таңғы ас дайындау жоралғысын жақсы көреді. Әке-шешесі кешке жасап қойған бутербродтарын салып алып, жұмысқа кетіп қалған. Оқу жылы басталғалы ол екеуі үйден ертерек шығып кетіп жүр: а) кептеліске түсіп қалмау үшін; ә) кішкентайдың қамын жасауды Аружанға қалдыру үшін. Табаның қақпағын саңылау қалдыра жауып, Аружан бала бөлмесіне барды. Кез келген гипербелсенді балақай секілді, Аружанның інісі де бөлмесін ат қораға айналдырып жіберіпті. Бұл іске оянғаннан кейінгі бес минут толық жетіпті. Үтіктеп, ұқыптап іліп қойған жейде мен кәстөмді киіп көріп, үрдістен қалып қойған киімше лақтыра салыпты. Керек фломастерін іздеп ішін ақтарған арқадорбасы бұрышта жатыр. Аружан бұл кішкентай құйынға әбден үйреніп кеткен. Шашылып жатқан бөлмені көзбен шолып алып, байыппен іске кірісті. Шешесі оқитын әйелдерге арналған журналдан оқып алған «бәрін үлгергің келсе, асықпа» деген қағиданы ішінен қайталап жүр. Жүріп өткен жерінде мінсіз тазалық жүріп жатыр. Арқадорба жиналған, киім төсекке қойылған, інішегі жуынатын бөлмеге қашып, тығылған. Ас үйде тып-тыныш жұмыртқа пісіп жатыр. Әлем мамыражай. Таңғы астан кейін Аружан інісін киіндіруге кірісті. Із-түссіз жоғалған шұлық терезе алдынан табылды. Күрделі келіссөз бен ойын құрылғысына қатысты қоқан-лоққыдан кейін кішкентай әсемпаз ақыры мектепке баруға көніп, киінді. Аружан киініп боламын дегенше, інісі қыз деген халықтың үйден шығып болмайтынын айтып бұрқылдап жатты. Сөйтіп, екеуі де дайын болған кезде, Аружан тұрмыс құрып, бала сүюге асықпауға бекініп үлгерді. Тағы бір рет айна алдына тұра қалды да, өз бейнесіне қарап, ризалықпен бас изеді. Інісі кекесінмен ымдап еді, әпкесі оның мұрнынан шертті. Аружан есікті жауып, тұтқасынан үш рет тартып кілттегенін тексерді. Үйден шыққан бетте інісінің қолынан тас қылып ұстады. Мектеп алыс болмаса да, жаяу жүргінші өткелі арқылы автокөлігі ығы-жығы жолдан өту керек. Былтыр інісі бірінші сыныпқа барған еді. Алғашында эоғалып кетуден қорқып, өзі де әпкесінің қолынан тас қылып ұстайтын. Бірақ бір апта өтер-өтпес ендігі өзінің ересек екенін, ешқандай қамқорлыққа мұқтаж емес екенін айтып мәлімдеме жасады. Міне, қазір де «жұрт алдында масқара болмас үшін» аружанның қолынан босауды ойлап келеді. Аружан ойланбастан шалшықтарды айналып өтіп, кішкентай бастыққа қауіп төндіруі мүмкін-ау деген ит жетектеген, ауыр қоржын арқалаған адамдар мен телефонға қарап келе жатқан шопырларды бажайлап қарап келеді. Ал ойы мүлде басқа жақта. Әке-шешесі соңғы кезде әдеттегіден гөрі жиі керілдесіп жүр. Екеуі де бейнетқор жұмысбасты адам еді, сондықтан тұрмыс пен бала-шаға қамын бірі екіншісіне ысыруға тырысады. Ондайда екіншісі біріншісінің әрекетін әлемдегі демократия мен бейбітшілікке төнген қауіпке балайды. Мұндай ұрыс-керіске Аружан үйреніп алған, мұның уайымы – інісінің күйзеліске түсіп қалмауы. Күн күркіреп, найзағай ойнап, үйдегі ауа райы бұзыла бастағанда балақайды ойынмен алдарқатады немесе құрбысының үйіне өзімен бірге ала кетеді. Бала кезінде өзі де әке-шешесінің ұрыс-керісінен қорқатын, оны ұмытқан жоқ. Інісіне қараса, ештеңе байқамаған сияқты. Бірақ мұның кейпіне қарап, сеніп қалуға болмайды. Бала да ересек адаммен бірдей сезімін жасыра алады. Өзі де соның шебері болатын. Жүрегің қарс айырылып тұрып күлу деген әуелгіде ғана қиын, сосын әдетке айналып кетеді. Кейде Аружан балақайды өзімен бірге алып, үйден қашып кеткісі келеді. Сонда ұрыс шығып кетпес пе екен деп жатын бөлмеден шығып жатқан әке-шешесінің даусына құлақ түріп алаңдамай, кештерін тыныштықта өткізер еді. Мұның қиялында оқта-текте әлемді бірге бағындыратын жігіт те жүреді. Өстіп қиялдап алады да, сосын өзін-өзі қолға алады. Жігіті несі тағы? Бетон орманда неғылған «Алқызыл желкен»? ең болмаса бір жігіт бар ма дені дұрыс мұның айналасында? Сыныбындағы ұлдар, даму деңгейі бойынша, мына қолынан ұстап, мектепке жетектеп келе жатқан балақайдан айырмашылығы шамалы. Олардың ешбірі «жігіт» деуге келмейді. Балақай олар, балақай. Ал, негізі, мұның бәрі – бос қиял. Бұл қыз тек өзіне ғана арқа сүйей алады. Тезірек мектепті бітіріп, жұмысқа тұрса ғой, шіркін! Мектеп есігіне таяғанда Аружан өтірік жымиып, інісіне қарады: - Ал, кішкентай, ғылымның гранитін кеміруге дайынбысың? - Өзің кішкентайсың. Мама маған ересек адамсың дейді. Аружан көзін төңкере қарады. «Е-е, ұлдар-ай!..» (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |