Ықыласпен тоқылық...
05/05/2025, 11:01

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

- Қарап тұрсам, сіз оларға ұнайтын сияқтысыз, Азамат. Әлгінде оларға қағаз ұшақ ұшыртып жатқаныңызда терезеден қарап тұрдым. Әдетте бұл сайтанның сапалақтары жаңа мұғалімді титықтатып жіберуге барын салатын. Қараймын, сізге келгенде олай емес, бейбітшілік, достық, шаттық көрдім.

- Маған да ұнады олар. Айтпақшы, Роза Арыстанқызы, директордың көптеген тактикалық мәселені сізге қалдыратынын түсіндім. Сондықтан сізге менікіндей экспериментті құптағаныңыз үшін, кеш те облса, рақмет айтқым келеді.

- Шынын айтқанда, Білім министрлігінен қоңырау түспегенде, мен сізді алмас едім.

Азамат жымиды:

- Ендеше, шыншылдығыңызға да рақмет.

Роза арыстанқызы тағатсыздана қолын сермелей сөйледі:

- өзіңіз де түсінесіз деп ойлаймын, біз, ескі гвардия, министрдің бұл жаңа бастамасын сондайлық бір қуанышпен қарсы алғанымыз жоқ. Мектепке педагогикалық жоғары оқу орнында оқымаған адамды алу деген! Иә, білем, педагогика бойынша қайсыбір курстардан, пәнді білу жағын тексеретін емтиханнан өткенсіз. Неше түрлі сертификатыңыз бар дегендей. Бірақ бәрібір біздің көңілімізге келеді. Мұғалім мамандығы арзандап кеткендей. Келесіңдер де, тарс етіп мұғалім бола қаласыңдар.

Роза Арыстанқызы көзін сығырайтып, саусағымен үстелді тықылдатты. Ойын жинақтап алсын деп, Азамат үндемеді.

- Жалпы, қызық жансыз, әрине. Шетелде жұмыс істеп жүре беретін адамсыз ғой. Ол жақтағы табысыңыз жаман болмаған шығар. Не іздеп келдіңіз мұнда?

Азамат екі иығын көтеріп:

- Не болғанда саббатикалды жоспарлап жүргем. Қайта жүктеліп, өмірлік мақсаттарды тағы бір ой елегінен өткізіп дегендей, - деді.

- Саббатикал дейсіз бе?

- Иә. Корпоративтік әлемде бірнеше жыл сайын үзіліс алып, мүлде басқа іспен шұғылдану дәстүрі бар. Біреу саяхаттайды, біреу оқиды. Мансап дөңгелегінің ішінде шыр айнала бермей, жаңа салада тәжірибе жинау ғой. Мен үшін ең жақсы тәжірибе жинайтын жер мектеп деп ұйғардым. Маған қашан да – университетте де, жұмыста да білім бөліскен ұнайды. Білім саласындағы мына реформа да маған дәл келді. Дереу қашықтан оқытатын курстардан өттім де, емтихан тапсыруға келдім. Енді, міне, алдыңызда тұрмын.

- апыр-ай, ә! Не деген рахат өмір! Бізде саббатикал алып көр, сол сәтте-ақ біреу кеп орныңа қонжия қалсын. Амал жоқ, қатарынан отыз жыл бір жерде жұмыс істеп келеміз, - деп Роза Арыстанқызы жабырқай күлді.

Орынбасар түрлі сала мамандарын мектепте сабақ беруге тарту идеясына деген қарсылығын әлі толық айтып болмаған секілді, бірақ Азамат еш қарсыласып тұрған жоқ. Бұл жігіт – нағыз романтик, әлемді көгілдір етіп көрсететін көзәйнегін шешепесе, өмірден әлі талай таяқ жеуі мүмкін, бірақ ынты-шынтысымен жұмыс істейтіні көрініп-ақ тұр.

- Жарайды. Негізі, шақырғандағы айтайын дегенім бұл емес. Мәселе былай. Абат Әміренұылының енді мектепке оралмайтыны анық. Тіпті жақсы, шынын айтқанда. Бірақ бұл – 9 «А» сыныбының жетекшісі жоқ деген сөз. Өкінішке қарай, ешкім өз еркімен бұл міндетті мойнына алғысы келмейді. Ал сіз бұл сыныптың тілін тапқан сияқтысыз. «А» сыныбын шындап қолға алсаңызшы, қалай қарайсыз? – деп орынбасар Азаматқа сұраулы кейіпте қарады.

- Едәуір тосын ұсыныс боп тұр мұныңыз. Сізді жаңа лектің мұғалімдеріне теріс көзқараста екен деп тұр ем. Өмір, шынында да, life.

- Немене-немене?

- Life. Бұл да «өмір» деген мағына береді. Ағылшынша. Мән бермей-ақ қойыңыз. Бір досымның әзіл сөзі. Өзім де толық түсінбеймін.

- Өмір деген өмір дей ме? Солай болса, солай шығар. Ерекше пәлсапаға жататын түсінік-ау. – Роза Арыстанқызы көзілдірігін шешіп, қалжырай көзін сүртті. – Сіздегі анық артықшылықтарды көрмейтіндей, соншалықты бірбеткей, көңілі соқыр адам емеспін. Сабақ беруден, әрине, тәжірибеңіз жоқтың қасы және өз салаңызды дәл тауып келгеніңізге әлде де күмәндімін. Бірақ, екінші жағынан, түйіндемеңізді оқыдым. Өзіңіз жап-жас боп алып, талай елде жұмыс істепсіз, оқыпсыз. Ендеше, сол мектептен кейінгі life жайында айтыңыз балаларға. Таным көкжиегін кеңейтіңіз олардың.

Азамат терезеден сыртқа көз тастап, біраз үнсіз қалды. Мектеп стадионында балалар доп қуалап жүр екен. Қайта орынбасарға бұрылды:

- Шынымды айтсам, бұл жайында ойланбаппын. Физика – нақты ғылым. Физикаға оқыту аса қиын емес. Сіздің сөзіңіз де дұрыс, мен шынымен педагогика саласында ана сүті аузында кеппеген баламын. Алайда... Көкжиекті кеңіту маңызды. Өзіме де қызық, көрейік.

- Міне, енді әңгіме басқа. Бұл сайтанның сапалақтарын игеріп кетіп жатсаң, сен секілді о бастан педагог еместерді құшақ жая қарсы алатын болам.

(жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 12 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: