28/04/2025, 22:31 | |
ЖЕТІНШІ ТАРАУ Қайсар таңғы алтыда тұрды. Шешесі оянғанда бұл далада жүгіріп келіп, шайынып үлгерген болатын. Алты жасынан әкесі қалыптастырған әдеті – осы. Соңғы екі жылда таңғы суықта көрпесін жұлып алатын да ешкім жоқ, бірақ Қайсар сонда да бірде-бір күнін жүгірмей өткізгісі келмейді. Жүгіріп келе жатқанда әкесі қасында жүргендей болады. Осы сезімді дүниеде ештеңеге айырбастамас еді. Шешесі екеуі әдеттегідей үн-түнсіз таңғы асын ішіп алды. Сосын шешесі жұмысына кетті. Қайсар үйде жалғыз қалды. Жалғыздыққа бұл үйреніп кеткен. Қайсар әкесінен айырылғаннан кейін шешесі үйдің жыртығын жамамаймын деп көбіне үстеме жұмыс істейтін болды. Үйге түнгі кезекшіліктен шаршап келіп, ұйқыға бас қояды. Қайсар шешесін оятпауға тырысады, сол себепті бұлардың екі бөлмелі ескі пәтері қашан да тып-тыныш. Қайсар бүгін мектепке бармай-ақ қойсам қайтеді деген ойға қалды. Күні бойы үйде отырса болады. Бәрібір шешесі білмей қалады. Бір жағынан, жартылай бос птәрде қалғысы да келмеді. Несиені жабу үшін жиһаздың біразын сатуға тура келді, ыдыс-аяқтан да ең керегі ғана қалған. Шешесі үшін не жағдайда да тиісуге болмайтын нәрсе: отағасы жинаған кітапхана мен ұлға сабақ оқуға керек компьютер ғана. Жалпы алғанда, бұлар жоқшылықта өмір сүріп жатқан жоқ. Шешесінің табысы қоңырқай тіршілік кешуге жетіп жатыр. Бірақ Қайсар осындай өмірі үшін ұялады. Ешқашан достарын үйге шақырған емес. Мектептен тыс жерде құрбы-құрдасына жақындамауға тырысады. Былтыр сыныптас қыздың туған күніне барарда мұның шешесі қояр да қоймай жақсы сыйлық алып баруға мәжбүрлеген. Содан бері ешқандай іс-шараға бармайтын болды, өйткені бір сыйлықтың өзі шешесі үшін неге тұратынын бұл жақсы біледі. Пәтердің әбден ескірген тұсқағазына қарап тұрып шешесіне білдірмей жұмысқа тұруды тағы ойлады. Бірақ тапқан ақшасын шешесінің қолына ұстатар кезде не демек? Ай сайын жерден тауып алдым деп тұрмайтын шығар. Өйтетін болса, бірден біліп қояды да, тағы айғай шығады. Автокөлік жуып тапқан ақшасын әкеп бергенінде шешесінің ұрсып, сосын жылағаны есіне түсіп, беті тыжырайып кетті. Ақша жинаймын деп бір ай мектепке бармаған еді. Шешем таңданып, қуанады деп ойлаған тұғын. Ал шешесі ақшаны жерге атып ұрып: "«ен оқуға тиіссің! Әкең не дер еді бұл ісіңе!» - деп айғайлады. Оқуға уақыт құртудың не керегі барын Қайсар түсінбейді. Мектепті жек көргеннен емес. Бұл үшін мектепте, жалпы білімде мағына жоқ еді. Шешесі қанша жыл медицинада оқыды, енді, міне, сарқыла жұмыс істеп, айдан айға ақшасын әрең жеткізеді. Ал үш*ақ сыныптық білімі бар Күнтас көкесінің үш қабат зәулі үйі бар, ақша деген пора-пора. Ақыры оқымағандар жақсы өмір сүретін болса, онда оқудың не керегі бар бүгін мектепке бара ма, жоқ па, оның еш маңызы жоқ. Қайсар үйде қалуға беки бергенде бүгін физика болатыны есіне түсті. Сәл ойланды да, баратын болды, кім біледі жаңа мұғалім бүгін тағы нендей қызық шығаратынын. Әлір көпірін жасаған жоқ, бірақ оған көп уақыт кетпейді. Ойлаған көпірін жасауға әлі бір сағат уақыты бар. Қайсар толып қалған ескі дәптерінің екі парағын жұлып алды. «Ал былай істесем қайтеді?» * * * Бұл жолы жарыс бөлмеде өтті. Азамат көпірлерді бір-біріне жақындатылған екі партаға скотчпен орнатып, ауыр металл білеуді бірінің үстіне бірін асып беріктігін тексерді. Ең берік көпір Қайсардікі болып шықты. Бес білеуге дейін көтерді, одан да көп салмаққа шыдар ма еді, екінші орындағы көпір төртінші білеу асылғанда жыртылып кеткендіктен, мынадай берік көпірді жыртылғанға дейін сынай бермей, сақтап қоюды ұйғарды. Қайсарға үш бестік қойып, Басинженер атағын бергеннен кейін Азамат көпірді кімнің қалай жасағанын, неге осылай жасаймын деп ұйғарғанын сұрады. Қайсардың кезегі келгенде, бұл иығын қиқаң еткізіп: - Бар-жоғы бірнеше нұсқа жасап, ең берігін таңдап алдым. Сосын бұл үлгінің де бірнеше нұсқасын жасадым, - деді. Азаматтың тесіле қарап қалғанын байқаған Қайсар қысылып, үндемей қалды. - Сонда қанша нұсқа жасадың? – деді Азамат. - Ы-ы... санағам жоқ. Екі қалың дәптер кетті. Азамат ысқырып жіберді. Шамалы үндемей тұрды да, сосын тақтаға барып, суретін сала бастады... бүріккіштің. Сөйтті де: - Таңданатын шығарсыңдар, бірақ осы бүріккішті жасауға өте көп уақыт пен ақша кеткен. Жаңа бүріккіш кере қылған компания ішіндегі сұйықтықты жақсы бүркуге қолайлы пішінді есептеп шығарсын деп әуелгіде физиктер мен математиктерді жалдаған. Ғалымдар күрделі есептеумен айналысып, ақырында, міне, осындай бүріккіш әзірлеген, - деді. Тақтада екі құйрығы бардай болып көрінетін бүріккіш пайда болды. - Бірақ, өкінішке қарай, бұл бүріккіш алдыңғысынан да қолайсыз болып шықты. Сонда компания бұл істі биологтарға тапсырды. Олар есептеп әуре болмады, 20 нұсқасын жасады да, солардың ішінен ең жарамдысын таңдап алды. Сосын пішінін сәл өзгертіп, оның да 20 нұсқасын жасап, тағы ең жақсысысн іріктеп, оның да 20 нұсқасын жасады. Сөйте-сөйте жүздеген нұсқасын жасап, ең соңында, міне, мынадай өнім шықты. – Азамат бір қызық толқынды бейнеледі. – Мұны ешқандай формула есептеп шығара ламас еді. Осындай керемет істейтін құрал эволюциялық сұрыпталу жолымен пайда болды. Қайсар да тура осы тәсілді қолданыпты. Бәрекелді! Медет қол соғып еді, бәрі қосыла кетті. Қайсарда үн жоқ, Медет мұның беті қызарып кеткенін байқады. Мұғалімнен мақтау естімегелі қашан. Физикадан соңғы рет қашан бес алғаны есінде де жоқ. Ал бірден үш бестік алу деген – болмаған жағдай. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |