21/04/2025, 22:38 | |
АЛТЫНШЫ ТАРАУ Азамат қайтадан Аршаттың телефонын қолына алды. - Қанекей, эксперимент жасайық. Мына гаджетті көргенде көкейлеріңде не ой туады? Біразға дейін ешқайсы үндемеді. - Қане, қысылмаңдар. Физикада орынсыз сұрақ болмайды деген бір-ақ ереже бар. Кезінде айнштайн ең күлкілі сұрақтың бірін қоймағанда, қазір бізде GPS-навигатор (Альберт Энштейннің теориясы болмаса, жаһандық карта технологиясында дәлдік болмас еді) болмас еді. Оның не сұрақ екенін білесіңдер ме? Ол «уақыт барлық жерде бірдей тез өте ме?» деген сұрақ еді. Ендеше, қане, кім екінші Айнштайн болғысы келеді? Бекзат қорқа-соқтай қол көтерді: - Неге телефон кейбір бөлмеде ұстамайды? - Тамаша сұрақ. Мұның сырын ашу үшін біз электрмагниттік толқынның тарауын зерттеуіміз керек. Оған не бөгет болады? Оны күшейтудің амалы бар ма? Әулетесімің кім? - Кәкенов. - Қашан да бастау қиын. Жас падаванның бағалауымыз керек батылдығын. Сондықтан физикадан биылғы алғашқы бестік Кәкенов... – Азамат журналға үңіліп, - Бекзатқа бұйырады, - деді. – Келесілеріңе енді көзге түсу қиындау болады. «А»-лықтар демін ішіне тартты. «Ал керек болса!» Қаптаған қол көкке шаншылды. - Батарей көпке жетуі үшін не істеу керек? - Телефон жады қалай жұмыс істейді? - Қалай телефонға арнап соққы дарытпас құндақ жасауға болады? Азамат сұрақтың астында қалды. Қызық сұрақтарды тақтаға жазып, ең ерекшелері үшін бес қойды. Қайталанған немесе тым жайдақ сұраққа жымиып, бас шайқады. - Жаман емес... Ал мына сұрақ... Мәссаған, керемет! Әулетесімің кім? бес! «А»-лықтар тез дәнігіп алды. «Орынсыз сұрақ болмайды екен, онда біз дайынбыз!» Сұрағы таусылғанға дейін сынып он минуттай сайрандап, бір сергіп қалды. Тағы бес «А»-лыққа жоғары баға бұйырды. Бұлардың ішінде Медет жоқ. Мынадай жаңа ойын тәртібі бұл үшін тосын еді. - Не дейін, жаман емес, - деп түйіндеді Азамат. – Сендерден үміт күтуге болатын сияқты. Тақтаға бұрылып, ой сайысының нәтижесін көзбен шолды: - Мұндағы кей сұрақтарға жыл бойы жауап іздейміз. Кейбіреулері мектеп бағдарламасынан тыс, университетте оқытылады. Бірақ ол күнді күтіп жүрмей-ақ, жауабын интернеттен біле салсаңдар болады. Бір жақсысы, әлемде білуге құмар адам көп, солар білгенін бөліскенді ұнатады. Бұл, айтпақшы, үй тапсырмасы емес, ойлануға арналған ақпарат. Енді қос парақ алыңдар да, соған қол қойыңдар. «А»-лықтар бір-біріне жабырқай қарады. Бірінші күннен бақылау жұмысы ма? бұл жігіт бұларға ұнай бастап еді-ау. Сосын мұнысы Адам құқығы жөніндегі Женева конвенциясына қайшы емес пе? Оқушылардың көңіл күйін сезген Азамат сәл жымиды: - Бүгінгі сабақты тақырыбы: «Адам қалай ұшып үйренді?» Әуелі шамалы практика керек. Қағаз ұшақ жасаймыз. Бәрің дайын болғанда мектеп ауласында сынақ өткіземіз. Кімнің ұшағы алысқа ұшады, сол Ұшатын аппараттардың бас құрастырушысы атағын алып, мәңгі даңққа бөленеді. Тапсырма түсінікті ме? Оқушылар шаттана гуілдеп кетті. * * * Кәмиланың ұшағы бәрінен озды. Дәл жанында қатарласа ұшқан бәсекелес ұшағынан бес метрге әрі барып қонды. Кенет Азамат бұл жетістік үш бестікке татиды деген мәлімдеме жасады. Қыздың қапыда қалдырғанына шамданған ұлдар бойы ұзын болғандықтан жеңді деп бұрқылдады. Кәмила сыныптағы ең ұзын оқушы еді, өзі сонысына қысылады. Азамат бұрқылдаған ұлдардың қай-қайсы да ұшақты бар күшімен жүгіріп келіп сілтегенін есіне салды. Олар кәмиланың сыныптағы Бас авиақұрастырушы қызметіне тағайындалуы салтанатында бей-жай қол соқты. Бөлмеге оралғанда олар Кәмила жасаған ұшақты ортаға қойып қарап, қанатының пішінін тексерді. Қайдан алғаны белгісіз, Азамат жиырмасыншы ғасыр басындағы ұшақтардың шағын мүсіндерін шығарып, солардың мысалында қалай осынау бір қарағанда нәзік ұшатын аппараттардың әуедегі шайқастарда кереметтер жасағанын түсіндіре бастады. «А»-лықтар қалай қанаттың көтеру күші, Бернулли заңы және әуеде қалқу тарихы жайлы әңгімелесіп кеткенін өздері де байқамай қалды. Сабақтың аяқталғанынан хабар беріп қоңырау шыр ете қалғанда бұлардың түрі бұзылып кетті. Мұндай қызық сабақ соңғы рет қашан болып еді өзі, есіне түсіре алмады. Ешқайсы аяқталғанын қаламады. - Үй тапсырмасы, - деді Азамат міз бақпастан. – Ені 5 сантиметрден кем емес бір-бір аспалы көпір жасап келіңдер. Қалай жасаймын дегенде, қиялға ерік беріңдер. Ең ауыр салмаққа кімнің көпірі шыдайды екен, тексереміз. Жалғыз-ақ шарт сол, бәрі әділ болуға тиіс, тек дәптер парағы мен скотч қана қолданасыңдар. «А»-лықтар қызыға бас изеді. Әрқайсы өз көпірінің пішінін елестете қалды. Бұлардың ойын оқып тұрғандай болып Азамат жымиды. Журналды жапты да, Заринаның партасына қойды: - Сонымен, сабақ аяқталды, көріскенше. - Арғы күні тағы екі физика бар, - деп сүйіншіледі Әлішер. - Онда арғы күнге дейін. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |