15/04/2025, 22:58 | |
АЛТЫНШЫ ТАРАУ Азамат телефон батырмасын басып қалды, экраны жанып, теңіз суреті шыға келді. Бір-екі секундтай сынып іші тып-тыныш болды. - Аршат теңізге барғысы келеді деп ойлаймын, - деді Мансұр тәуекелге бел байлап. Азамат та, «А»-лықтар да күлді. Мына физик деспот мұғалімдердің қатарынан емес-ау шамасы, өйткені бейресми тілдесуге де түсіністікпен қарайды екен. - Әбден қисынды облжам. Бірақ! – деп физик сәл үнсіз қалды. – Сендердің орындарыңда Ньютон не Фарадей болғанда, сұрақ қоя бастаушы еді. Көп сұрақ. - Енді олар ғалым ғой, ал біз мектеп оқушысымыз, - деді әлішер. - Міне! Бар мәселе осында! – деп айғайлап жіберді Азамат. – Мына заманда әрбір оқушы ғалым болуға тиіс. Мынадай асқақ мәлімдемеден сыныптағылардың санасы шамалы сансырап қалды. Ғалым мен оқушының арасы жер мен көктей екені айдан анық қой. Осы ойды Азамат бұлардың түрінен түсінді-ау деймін, әрі қарай сөйлеп кетті: - Қанекей, бірге ой жүгіртейік. Ғалым деген кім? Көп білетін ақылды адам ба? Жоқ. Кез келген оқымысты, білімді адам ғылым мен техника, өнер мен мәдениет жайында көп білуі мүмкін. Бірақ ол бұдан ғалым боп кетпейді. Адамды ғалым ететін қасиет – білуге деген толассыз құштарлық. Қашан да көбірек білгісі кеп тұрады. Сондықтан үнемі жаңа сұрақ қойып, соның жауабын іздеп жүреді. Сонысымен күллі адамзаттың танымын кеңейтеді. – Азамат телефонды өз үстеліне қойды. – Енді ойлаңдар, сендер мен ғалымның арасында не айырмашылық бар? Ата-аналарыңмен салыстырғанда, сендер мен ғалымның арасында іс жүзінде еш айырмашылық жоқ. Ата-аналарың партада отырған заманда оқушының басындағы мәлімет қоры ғана бағаланатын. Өйткені ақпарат алтынға бергісіз еді. Тағы ол шектеулі мөлшерде арнайы орындар: мектеп, университет және кітапханада ғана болатын. Кім басын көбірек ақпаратқа толтырып алады, сол озатын. Ал қазір... О-о, қазір ойын ережесі мүлде басқа. «А»-лықтар Азаматтың аузына түсіп кетердей болып отыр. Онсыз да ұзын адам қызу қимыл-қозғалысымен бүкіл кеңістікті алып кеткендей. - Қазір ақпарат барлық жерде бар. Тегін, қолжетімді. Батырманы шырт еткізсең, кез келген сұрағына жауап табасың. Жақсы емес пе? Әрине. Алайда тапқан жауабыңның бұрынғыдай құны жоқ. Мен сендерден магниттік индукция немесе Кеплер заңы деген не деп сұрасам, кез келгенің Гуглдан оқып алып, айтып бере саласың. Ештеңе түсінбесең де. Мұны кез келген бірінші сынып оқушысы да істей алады. Бірінші сынып оқушыларынан ақылды болғың келе ме, онда асыққаның жөн. Әзірге олармен бір деңгейдесіңдер. Едәуір озып та кетті. Аң-таң болған Медет көзін жыпылықтатты. Мұның мектеп ауласында ойнап жүрген бүлдіршіндерден ақылды екеніне бірінші рет біреу күмән клетіріп тұр. - Міне, осындай әлемде өмір сүрейін деп тұрсыңдар, достар. Жаттап алған жауабыңның ешқандай құны жоқ. Бір жағынан, дұрыс сұрақ қоя білу – ең маңызды дағды, соны игерулерің керек. Демек, сендер мен ғалымның арасында еш айырмашылық жоқ. Мына жаңа заманда табысқа жету үшін сендер де Галилей мен Максвелл секілді сұрақ қоюға тиіссіңдер. Сендердегі ең басты қасиет білуге деген құштарлық болуы керек. Физика сабағында дәл осы білуге деген құштарлықты дамытумен айналысатын боламыз. Сол үшін мен сендердің жауаптарыңды емес, сұрақтарыңды бағалаймын. Таңданған оқушылар гуілдеп кетті. Азамат қолын көтеріп, тынышталыңдар деген ишара көрсетті. - Сабыр ет, жұртым. Матрицаға сендерден не керек екенін жақсы білем. Керек ақпаратты емтиханнан өткенге дейін есте сақтап, сосын жадыңды тазалау қызметі іске қосылады, солай ма? Азамат үзіліс жасап, сыныпты көзбен шолып өтті. «Хомо мұғалимустің» мұндай түрін бұрын-соңды көрмеген «А»-лықтардың да екі көзі Азаматта. - Өздерің ойлаңдар, қымбат уақытымызды осы бір мәнсіз жоралғыға жұмсаудың не керегі бар! Құр жаттаудан ештеңе үйренбейсіңдер. Мен де, іс жүзінде қолданатындай, алған білімдеріңді қаншалықты сіңіргендеріңді түсіне алмаймын. Ал оқулықта жоқ сұрақтарды қоя бастасаңдар, онда әңгіме басқа – мына жарқын маңдайлардың арғы жағында ой қайнап жатыр деген сөз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 6 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |