Ықыласпен тоқылық...
08/04/2025, 11:46

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Физика бөлмесі бос болып шықты. «А»-лықтар орындарына отырып, арқадорбасынан дәптер мен оқулық шығарды.

Тура қоңырау соғылғанда қара кәстөм киген ұзын бойлы ер адам кіріп келді. Бір қарағанда, жасы отызда секілді. Яғни мектептегі мұғалімдердің орта жасын бірден он пайызға түсіріп тұр.

Бойы ұзын физик мұғалім үстеліне барып, керек беті ашық тұрған журналға қарады. «А»-лықтар оның басынан аяғына дейін барлай қарап, педагогикалық сауытынан сызат іздеді. Галстугі жоқ, көк жейдесінің ең үстіңгі түймесі салынбаған, бұл – педантизмді жақтырмайтынын айшықтайтын жақсы нышан. Басының сол жағына таман екіге айырып, тап-тұйнақтай етіп шаш қойған, қой көзді, дөңес мұрын – айрықша ештеңе жоқ.

- Сыныпбасы.

- Мен, - деп Зарина атып тұрды.

- Кім жоқ?

- Бәрі ба-ар, - деді де, Зарина мұғалімнің көзін сығырайтқанын көріп, - Рамазанов жоқ, - дей салды.

Сол баяғы Бәрібір бірінші сабақ басталмай тұрып жоқ болып кетті де, әлі келген жоқ.

- Жақсы, - деп бас изеді де, мұғалім журналға түртіп қойды. Сосын: - Атым Азамат. Әкемнің атын қосып айтудың қажеті жоқ. Тек атымды айтцға ыңғайсыздансаңдар, ағай, мастер, сенсей немесе шифу дегенді қосып айтуларыңа болады. Қайсыңа қалай ыңғайлы, солай атаңдар. Мен сендерге физикадан сабақ беретін жаңа мұғаліммін.

«А»-лықтар бір-біріне қарады. «Шифу дей ме! Ал керек болса!»

- Бүгін жаңа күн және біз де жаңамыз. Нағыз сәл де болса жақсырақ бола түсетін уақыт. Роза Арыстанқызы сендерді өткен тестте кісі таңданарлықтай аз балл жинады дейді. Бізге өткен жылдардағы жіберіп алған материалдың бәрін бір шолып шығуға тура келетін секілді.

«А»-лықтар уайымдап қалды. Бұлар тым асқақ мұратты мұғалімді ұнатпайды. Әдетте мұндай сөздің артында тонна-тонна үй тапсырмасы тұрады.

Азамат орнынан тұрды да, парталар арасымен ерсілі-қарсылы жүре бастады:

- Бұл сабақта іш пыстырарлық жаттау мен тақтаға шығарып жазалау деген болмайды. Бұл – физика. Ал физика деген сиқырдан артық. Мен сендерге зымыран ұшыру мен компьютер құрастыруды үйрете алам. Автокөліктің немесе унитаз бөшкесіндегі су ағызатын құрылғының қалай жұмыс істейтінін көрсете алам. Қолдан телескоп жинап, ғарышты атомдарға бөлшектеулеріңе болады. Алайда осының бәрі бір-ақ жағдайда, сендердің жасыңда мен қандай кержалқау болсам, сендер де сондай болмасаңдар ғана мүмкін болмақ.

Шолпан мырс етті. Медеттің көзі баданадай болды. Хәрри Поттерге жаны құмар Медет Северус Снейптің (Хәрри Поттер әлеміндегі кейіпкер) сөзімен шамалас мынадай сөзді, қалай қиялдаса да, өз мектебімде естимін деп ойлаған емес еді.

- Мәселен, мына парта астында жасырынып отырған техника таңғажайыбын алайық.

Азамат Аршаттың жанына тоқтай қалып, оған қолын созды. Аршат көзін төңкеріп, қалта телефонын мұғалімге ұстатты. Азамат өз үстеліне барып, телефонды екі саусағының арасына қыстырған күйі оқушыларға бұрылды:

- Жүз жыл бұрын ғана мынаны адамдар сиқыр дер еді. Ал қазір біздің технологияға үйреніп кеткеніміз сондай – осы бір шап-шағын қорапшаның қандай таңғажайып нәрсе екеніне мән бермейміз. Сендер, мысалы, мұны көргенде не ойлайсыңдар? (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: