31/03/2025, 17:07 | |
БЕСІНШІ ТАРАУ Медет қалғыды. Жарқын Зәбірқызының бірсарын даусы жыланды арбаған пақырдың сыбызғысындай әсер етеді. Медет үшін биология – мектептегі ең іш пыстырарлық сабақ, бүгін де сол, мұғалім оқулықтың екінші параграфын сөзбе-сөз қайталап шықты. Сөйтіп, онсыз да нәрсіз-сөлсіз жазылған мәтінді мұғалімнің бірсарынды даусы тіпті де өңсіз-сұрсыз, түсініксіз етті. Ал жалпы, «А»-лықтар бұл сабаққа риза еді, өйткені миды істетудің еш қажеті жоқ. Мән-мазмұнын түсінбей-ақ, жаттап алып, айтып берсең болғаны, бестік дайын. Бұл сыныптың ең көп бес алатын сабағы – осы. Білім беру жүйесіндегі тағы бір парадокс. Түсінбесең де, жатқа соқсаң болды, жақсы тапсырған боласың. Тек қырағылық танытып, керек сәтінде мақұлдап бас шұлғып қой, болғаны. Медет аузын алақанымен жауып, абайлап есінеді. Соңғы бірнеше минутта өзімнің орныма осы сабаққа жіберетін роботым болса ғой деп қиялдап отырды. Оқта-текте сыныбымен бірге Жарқын Зәбірқызының хабарлы сұрағына таңданған болып, ішегін тартып қояды. Сұрақтың не туралы болғанын білмейді де. Апайдың монологінен ми еш мағына таппайды. Кейде Медет бұл апай ұрыс жүріп жатқан аймақтағы радист-шифрлаушы болып елестейді. Шынымен солай болса, бірде-бір жау бұл апайдың не айтып тұрғанын түсінбес еді. Әбден зеріккен Аршат Манмұрға қағаз оқ атып ұсталып қалғанында сынып кішкене тіріліп қалды. Жарқын Зәбірқызы бір жекіп алды. Сосын бәрі бұрынғы арнасына оралды. Неткен тамаша, ештеңе мәңгі емес, тіпті биология сабағы да. Қалғып-мүлгіген сыныпты қоңырау оятты да, «А»-лықтар өзінің 37-бөлмесіне, жаңа оқу жылындағы бірінші физика сабағына бара жатты. - Алдында не күтіп тұрғанын білмейді де ғой, байғұс. Бәстесеміз бе, жаңа мұғалім бір айға да шыдамайды, - деп әлдеқандай болды Мансұр. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 4 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |