Ықыласпен тоқылық...
17/03/2025, 23:51

БЕСІНШІ ТАРАУ

Жылдар өте «А»-лықтар Дәурен Маратұлының тиран болып көрінгенімен, мүлде ондай адам емес екенін түсінді. Ағай соғыстан кейінгі қиын кезеңде шар болаттай шыңдалып өскен ұрпақ өкілі еді, бірақ көрген қиындығын айтпайтын. Жоқшылықты да, ашаршылықты да көрген, алайда тағдырына қарғыс айтпаған. Алда-жалда мектепте ең мықты мұғалімді анықтау мақсатында сауалнама жүргізілетін болса, Дәурен Маратұлының таңдаулы үштікте болатынына шүбә жоқ. Мәселе тіпті ондағы жеңімпазға тән мінез-құлықта да емес, мәселе оның оқушыларға да үлкендерге қарағандай қарайтынында. Қатал, бірақ әділ.

Бүгін Дәурен Маратұлы көңілді-ақ:

- Сабаққа келмегендер қол көтерсін. О, бәрі келіпті, жарайсыңдар. Жаз бойы ұмытып қалмаған шығарсыңдар, қане, тексерейік. Нендей-нендей бес қоғамдық-экономикалық формация бар, кім айтады?

Қаптаған қол көкке шаншылды. Ағайдың мұндай көңілденіп тұрған сәтін қалт жіберуге болмайды. Оның үстіне келесі сұрақтар әлдеқайда күрделі болады.

Лотереяны Зарина мен Әлішер ұтып алды. Тақтаға шығып, әбден жаттанды болған тақырыпты оп-оңай айтып беріп, орындарына оралды. Екеуіне енді бұл сабақта қауіп жоқ. Қалғандары бұғына бастады. Дәурен Маратұлының ендігі қойылатын қитұрқы сұрақтарына жауап беруге ешкімнің дәті бармайды.

Осы кезде Бекзат ескі айласына басып, ағайдың зейнетақы саласындағы соңғы реформа туралы пікірін сұрады. Бір басында біраз қасиеті бар Дәурен Маратұлы тағы азаматтық көзқарас иесі еді. Сондықтан ағай ағытылды-ай келіп, сөздері түйдек-түйдек, өкіметті сынады-ай бір, сөйтіп тұрғанда сабақтың көп бөлігі өтіп кетті. Сабақтың бітуіне бірнеше минут қалғанда ғана есін жинап, асығыс-үсігіс жаңа тақырыпты түсіндіріп:

- Бәрің оқып келіңдер, сұраймын, - деп қорқытты.

Дауылдан аман қалған «А»-лықтар келесі сабаққа кетті. Дәлізге шыққанда Аршат: «Жарайсың!» - деп Бекзаттың иығынан қақты.

Былтыр Аршат алғашқы екісін осы тарих сабағынан алды. Дәурен Маратұлы Тигрдің мысық тұқымдастардың жолақты өкілі емес, өркениет бесігі – Месопотамиядағы өзен екенін ұмытқандарды еш аямайды. Биыл Бекзаттың диверсиясының арқасында ата-ананың ыждағаттық туралы дәрісі кейінге ысырылып келеді.

Бекзат масаттана жымиды. Анда-санда өстіп сыныпты қиын жағдайдан шығарып, ұпай жинайтыны бар. Мұнысы – сыныптың «өз адамы» екенін дәлелдеп, «мыңқылдаған озат оқушы» деген айдардан аман қалудың амалы. Мектептің касталық жүйесінде «өз адамы» болудың маңызы зор. Бекзат барлық топтың көңілін тауып, ешкімнің қызғанышын тудырмайға тырысады. Соның арқасында «спортиктермен» де, «ботандармен» де қарым-қатынасы жаман емес.

«А»-лықтар бірінші қабатқа түсіп еді., Донна Роза бір кіші сыныптың баласын шыжғырып жатыр екен. Жас камикадзе таяныштың ұзына бойымен сырғанап барып, тура орынбасардың құшағына құлапты. «А»-лықтар «мұрынбоқтың» аңғалдығына күлді. Үзіліс кезінде кең дәліздерді Роза Арыстанқызының өзі торуылдайтынын білетін уағы болды ғой.

Мектептің өзге қанатына барған бұлар биология бөлмесінің алдында топырлады да қалды, әдеттегідей есік жабық тұр. Жарқын Зәбірқызы өзінің құнды жәдігерлері тұрған бөлмесін аышқ-шашық тастап кетпейді. Бұларға дейін оқығандар спирт құйып, тритон салған банкіні сындырған. Оқушы қыздар сипай-сипай құндыздың тұлыбында да жүн қалмай, жалаңаштануға айналған. Содан бері Жарқын Зәбірқызы жәдігерлерге қол тигізуге тыйым салды.  (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 10 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: