Ықыласпен тоқылық...
11/03/2025, 12:38

БЕСІНШІ ТАРАУ

Дәурен Маратұлы мектептегі ең көне әрі аты аңызға айналған мұғалім еді. «Тәртіп» деен сөздің тірі үлгісі. Бұларға үшінші жыл сабақ беріп келеді, сондықтан «А»-лықтарда оның сабақ беру әдісіне деген әлдебір иммунитет қалыптасып үлгерген. Себебін түсіндіріп бере алмаса да, оқушылардың көбіне бұл кісі ұнайды.

Тарих сабағының алғашқы күні Медеттің әлі есінде. Бұлар (тым кішкентай ғой ол кезде) улап-шулап, ағаш парталар қойылған шағын тар бөлмеге кірді. Пысықтары жүгіріп барып отыра бастап еді, өз үстелінде отырған шағын денелі мұғалім атып тұрып, жуан даусы гүр ете қалды:

- Тұрыңдар!

Зәресі қалмаған балалар атып тұрды.

- «Отыр» деп айтқам жоқ әлі, - деп қосып қойды, бірақ мұны жай айтты.

Сосын Дәурен Маратұлы балаларға бірнеше минут бұл бөлмедегі «жүйені» түсіндірді. Алғашқы он бес минут бойы жүрген қатал тәрбие келесі бірнеше сабақта да жүрді. Сондықтан тіпті ерекше дарындылар да Дәурен Маратұлының бөлмесіндегі жүріс-тұрыстың «алтын ережесін» егжей-тегжейлі білетін болды.

Біріншіден, тарих сарайына кірген соң, өз орындығыңның қасына барып тұруың керек. тек мұғалім пәрмен бергеннен кейін ғана абайлап, жаймен отыруға болады. орындықтың арқалығы мен арттағы партаның арасында кемінде бес сантиметр болуға тиіс. сабаққа дейін де, сабақ үстінде де, кейін де (қысқасы, қандай жағдайда да) орындықтың арқалығы партаға тимеуі керек.

«Бұл ағаш орындықтар мен парталарға отыз жыл болды, - деуден жалықпайды тарихшы ағай. – ұқыппен ұстайтын болсақ, тағы отыз жыл қажетке жарайды. Ал егер орындық арқалығын арттағы партаға тақап тұрып, құрғыр денеңнің бар салмағымен отырып қалсаң, сынады да кетеді». Барлық оқушы тарихшы ағай бөлмесіндегі жиһаз аман болса екен деп бәйек болады, ал орындық сына қалса, сау қалмаспыз, аяқ-қолымызды сындырғаны былай тұрсын, өмірімізді қиып жіберер деп қорқады.

Екіншіден, кім қай жерде отыр, осы тәртіп мәңгіге сақталады. Дәурен Маратұлы сыныптың көзінше кімнің қай партада отыратынын дәптер парағына жазып, сол парақты өз үстеліндегі әйнектің астына салып қойды. Сондықтан бірінші күннен оған балалардың аты-жөнін жаттаудың еш қажеті болмады. Сол орналасу тізімі бойынша ол кімнің өз басын қатерге тіге есінегенін, терезеге қарағанын немесе өзін-өзі арандатып ырғалақағанын анық біліп отырады.

Ағай тағы әр сабақтан кейін бөлмені тексеріп отыратынын ескертті. Парта сызылған болса, еденен сағыз табылатын болса, соғыс кезіндегідей заңмен жазаланады. Оқушылар партаға сызбауға да, қоқыс тастамауға да бекінді. Бұларға дейінгі отыз ұрпақ буыны да сөйткен болар, өйткені мектептегі ең таза, мұнтаздай бөлме осы еді. Парталарда мектептегі өмір бейнеленген бірде-бір сурет те, жазу да жоқ. Линолеум жап-жаңа қалпында, К-поп (Оңтүстік Кореяда пайда болған музыка жанры) тобы мүшесінің бетіндей теп-тегіс. Дәурен Маратұлы бірде еденді беторамалымен бір сүртіп, онысына ештеңе жұқпағанын көрсетіп: «Мына еден Версальдің еденінен де таза», - дегені бар.

Үшіншіден, шағын тақта 365 күнде, яғни оқу жылы аяқталғанда бір-ақ рет сүртіледі. (Тақтаны байқамай сүртіп қойып, ізім-ғайым жоқ болып кеткен «елес кезекші» туралы сыбыс бар). Оқу жылы басталғанда Дәурен Маратұлы тақтаға үш баған сызып, әрбіріне өтетін тақырыпты нано-қаріппен жазып отырады. Ағайдың бір жылдық тақырыптың бәрін оқушылар жеті атасындай жаттап алуға міндетті.

Бұлар жаттайтын. Бірақ ағайдың 90 пайыз жағдайда қоятын негізгі сұрағы екеу еді: нендей қоғамдық-экономикалық формациялар бар; дүниедегі алғашқы мемлекет қай жерде пайда болды. Басында бұлар осы екі сұрақтан-ақ сүрінетін. Келе-келе «а»-лықтар осы екі сұрақтың жауабын білсе болды, темірдей төрттік алып қойып жүре беруге, сөйтіп, қорытынды бағаны ойлап уайымдамауға болатынын түсінді. Мұны қанағат тұтпаған асқақ мұраттылар осы екі сұрақтан туатын қосымша сұрақтарға да жауап беріп, батылдығы үшін семіз төрттікпен марапатталатын. Ал ғаламшарлар сәттілік зодиагында тұрған күні бес те алып қалатын. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: