04/03/2025, 00:31 | |
ТӨРТІНШІ ТАРАУ Шолпанмен амандаспайтын, мейлінше алыс жүруге тырысатын сыныптағы жалғыз ұл – Медет. Әділетсіздік болмасын дегендей, өзге қыздарға да сөйтеді. Негізі, бұл – бос сөз, шынына келгенде, мейлінше бала қыздардың көзіне де қарай алмайды. Қыз баламен тілдесе қалған жағдайда суық сөйлесіп, «иә» мен «жоқтан» аспайды. Басында қыздар озат оқушы болғандықтан тәкаппарланады деп ойлап, мұны жақтырмайтын. Келе-келе мұның ұялшақ, өз-өзіне сенімсіз бала екенін түсініп, кешіріммен қарайтын болды. Шолпан келгенде қыздар қажет кезде болмаса, жайдан-жай Медетті мазаламауға әдеттеніп үлгерген болатын. Ал жаңадан келген Шолпан мұның селсоқтығын тәкаппарлыққа балап, ыңғайлы сәтті қалт жібермей түртпектеумен келеді. Мектепте өз мінез-құлқының шын себебін түснгісі келетін адам аз. Айтылған сөз бен жасалған қадамның көбі түйсіктен бастау алады. Шолпан мен Медет ормандағы жыртқыш пен шөпқоректі секілді. Медет назар аудармаған сайын Шолпан түртпектей түседі. Шолпан тиіскен сайын Медет қаша түседі. «It’s the circle of life...» («Өмір айналымы деген – осы». «Патша арыстан» мультфильміндегі әнде айтылатын сөз). - Жаз бойы сағынумен болдым сені. Сағынам деп нәр-сөлім қалмады. Ал сен болсаң, не сәлемің жоқ, не гүлің жоқ, отырысың мынау. Медет не оқығанын түсінбесе де, кітапқа үңілген күйі отыра берді. Шолпанның сөзіне жауап беріп абырой таппайтынын бұл жақсы біледі. Өзімен-өзі сөйлеуден шаршап, өзге біреумен тілдесіп кеткеніне дейін үнсіз күтуден басқа амал жоқ. - Кешке дейін кітап оқи бересің бе? Мені қашан кездесуге шақырасың, а? - ... - Қызды зарықтырғаннан ұялмаймысың? - ... - Бүгін сабақтан кейін үйге дейін шығарып саласың ба? - Қойшы, шолпан! Маған ұнайтын қыз сен емессің, - деп салды Медет шыдамай кетіп. - Не дид! Саған қандай қыз ұнайды сонда? Айт, қандай бол десең, сондай болам. Медет: «Қап, мұным бекер болды-ау!» - деп өзін-өзі жазғырды. Бірақ шегінуге енді кеш еді. - Маған қарапайым, аз сөйлейтін қыз ұнайды, - деп бұрқ ете қалды. - Мәссаған, сен мен туралы айтып тұрсың ғой! – деп таңданған болды Шолпан. – Мен жер бетіндегі ең аз сөйлейтін қызбын. Міне, қара. Екі иығын қушитып, көзін жыпылықтатты. - Осы сәттен бастап сөйлемейм, тек саған сүйсіне қарап отыра берем. Медет кітабының ішіне түсіп кетердей болып отыр. - Меде-ет. Медет дим. Қарапайым қызға бір қарашы. - Сөйлемейтін қыз болам дегенің қайда? - Сөйлемейтін қыз болу деген мылқау қыз болу емес қой. - О, Шолпан қыз, хал қалай? – деп Бекзат келе қалды. – Тағы Медетті қажап отырсың ба? Қайтпайды екенсің өзің, - деп күлді. - Мына заманда қыздың өзі әрекет қылуы керек. Әйтпесе, қыз күйінде қап кетеді. - Басқа-басқа, дәл сен үшін ондай қауіп жоқ. - Рақмет, Бекзат. Нағыз сұлулықты бағалай білетін жігітсің. Кейбіреу сияқты емессің, - деп Шолпан Медетке қарады. - Медет те бағалайды білем. Тек ол... медитация жасап отыр. Айтпақшы, физикадан кім беретін болды, сонымен? Бекдәулет ағай ма, әлде басқа біреу ме? Бұл өте көкейкесті сұрақ еді. Бір апта бойы физика сабағының уақытында балалар бос отырды. Сабақ кестесі қайта-қайта ауысып жатқан кезеңде басқа физикке сабақ бергізе тұрудың да ыңғайы келмей жатыр-ау, шамасы. Кім берер екен? Осы рахат қашанғы жалғасады? Түптеп келгенде, Бекзаттың жеке мүддесі де бар. Мектеп олимпиадасында жеңген оқушыға ЖОО-ға жол ашыла түседі. Ал Бекзат ең мықты университеттердің біріне грантқа түсуді ойлайды. Бұл өзге озат оқушылардың қай пәндерге ден қойып жүргенін зерттеп біліп алған. Медетті, мысалы, математиктің айналдырып жүргеніне екі жыл болды. Қатарлас өзге сыныптағы данышпан Макс информатикаға ден қойған. Сондықтан физика бойынша бәсеке тмен болуға тиіс. Бекзат өз күшіне сенеді, бірақ мұғалімнің көмегі бәрібір қажет-ақ. Сол себепті бұл Абат Әміренұлының орнына кім сабақ беретінін ойлап уайымдайды. Шолпан иығын қиқаң еткізді: - Бәлкім, Зарина білетін шығар? - Иә, білуі мүмкін. Бірақ ол менімен сөйлеспейді. Себебін сұрама. - Түсіндім, бразер, қазір. Шолпан тұрды да, Заринаға кетті. Кітабын қалқа қылып отырған Медет жеңілдеп, баяу күрсінді. Жұрттың назарында боламын деген арманы қаперінде жоқ. Шолпан Заринаның артындағы парта шетіне отыра қалып, ұзын бұрымымен ойнай бастады: - Сұлуымыз біздің, Зарина-а-ау, айтсаңшы бізге, Әміренұлының орнына кім сабақ береді? Өзінің мәртебесіне масаттанған Зарина сәл кідіріп барып: - Таңертең Роза Арыстанқызынан сұрағам. Жаңа мұғалім сабақ беретін бопты. - Ал керек болса! Аты-жөні кім екен? - Қайдан білем. Бар білетінім, сабақ беріп көрмеген сары балапан. Шашыма тиіспеші, Шолпан. Заринаның қос бұрымын біріне-бірін өріп отырған Шолпан: - Сап-сары дейсің ғой, - деп одан сайын үстеді. – Ғажап та керемет. Сары, сары, сап-сары. Бекзат Шолпанға қарап, разы кейіпте бас изеді де, телефонындағы галереяны ақтарып, сабақ кестесінің фотосуретін тауып алды: - Бүгін үшінші сабақ физика дейді. Көрейік, қандай мұғалім екен. Ал қазір тарихқа баратын уақыт бопты, by the way («Айтқандай» деген сөз). – Бекзат ағылшынша қосып сөйлегенді, сөйтіп, әке-шешесінің мұны Лондондағы ағылшын тілі курсына жібергенін тағы бір жұрттың есіне салып қойғанды жақсы көреді. – Let’s go («Кеттік» деген сөз) ме, қалай? баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 27 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |