24/02/2025, 11:35 | |
ТӨРТІНШІ ТАРАУ Т-Рекс «А» сыныбындағы ең кішкентай бала еді. Аяқ-қолы шидиген, ленесі арық, ал басы қазандай. Дене бітіміне қарасаң, ерінбегеннің бәрі жәбірлейтін байғұс болуға тиіс. Басқаша мүмкін емес секілді. Бірақ Т-Рекс – сыныптағы, бәлкім мектептегі, мүмкін әлемдегі ең салқынқанды, ең ержүрек бала. Әбжыландай суық Т-Рекс қандай ірі, қандай озбыр бала болсын, тілімен-ақ орнына қоятын. Ешкім ештеңе істей алмайды. Біріншіден, бұған күш көрсету ешкімге абырой әпермейді. Екіншіден, мұның көзсіз батырлығынан тайсақтап қалады. Үшіншіден, бұған күш көрсеткен жағдайда не болатынын ешкім анық білмейді. Белгісіз нәрсе қашан да қорқынышты. Сондықтан бәрі мұны сыныптың, былайша айтқанда, бойтұмары, ожар да бетпақ бойтұмары көріп кеткен. Т-Рекстің сынып журналындағы аты-жөні Омар Керімов. Кілең төртке оқиды, үнемі дипломат ұстап, өзгелерден екі өлшемге үлкен бәтіңке киіп жүреді. Т-рекс аталуына да осы бәтіңкесі себеп болған. Бұлардың бесінші сынып оқитын кезі, сабақ басталып кеткен. Бір уақытта африка пілі келе жатқандай болып, дәлізден дүрсілдеген дыбыс шығады. Сосын есік ашылып, кіп-кішкене Омар кіріп келген кезде бәрі ду күледі. Біреу Тираннозавр Рекс деп қалды. Содан бері бәрі солай атап кетті, бірте-бірте қысқарып, Т-Рекс болды. Аршат пен т-Рекс бірге жүреді. Неге бұл екеуінің дос болғанын Фэн-шуйдің де, ақылдың да қисыны түсіндіріп бере алмайды. Ақжарқын Аршат шалқып-толқып, асып-тасып отырады. Ал салқынқанды Т-Рекс Аршат деген апат құйынның жанында отырып, бүкіл еркелігін көтереді. Бірақ кейде төзімі таусылып кетіп: «Жап дим, жап дим, жап дим аузыңды!» - деп бар күшімен иығынан ұрғылайды. Аршат тына қалады, бірақ көзі күлімдеп, ыржыңдап тұрады. Неге екені белгісіз, Т-Рекс ызаланса, мұның айызы қанады. Т-Рекс көре сала, Аршаттың назары соған ауды да кетті: - Хал қалай, інішек? - Інішегіңе жол болсын, - деп дүңк етті де, Т-Рекс орнына барып отырды. - Т-Рекс өз сөзін айтты! – деді Аршат мейманасы таса сөйлеп. – Қорқыңдар, қара табандар, бас иіп, құлақ асыңдар! Әйтпесе Т-Рекс... - Жапшы аузыңды, - деді Т-Рекс. - Жапты аузын ақымағың, жапты аузын кешең. Бір ашуыңды бер, әкей. Кеше гөр пақырыңды, - деп сарнай жөнелді Аршат. Т-Рекс күрсініп, бас шайқады. Аршаттың енді қоймайтынын біледі. Басқа да «А»-лықтар бірінен кейін бірі келе бастады. Медет кітаптан бас алмаған күйі отыра берді. Ұлдар мен қыздар күндегідей қызығушылығы мен сыныптағы әлеуметтік мәртебесіне қарай топтаса отырысып жатыр. Медет осы миниклубтардың ешбірінің ұрамында жоқ. Тек үй тапсырмасын көшіру керек болған кезде ғана мұндай да адамның бары жұрттың есіне түседі. Ал қыркүйектің алғашқы аптасы болып, әлі оқушылардың төбесінен Дамокл семсері төніп тұрмағандықтан, бұған келдің бе, кеттің бе деп жатқан ешкім жоқ. Медетке де осы дұрыс, омартадағы арадай құжынап, әр топ өзімен-өзі болып жатқанда бұл өзін жақсы сезінеді. Кенет әлдекім жанындағы орындыққа жалп етіп отыра кетті: - Сәлем, Медик! Хал қалай? Медет күрсінді. Бұл Шолпан еді. Осы қыз басына бәле болды. Бүгінге дейін сабаққа келмегеніне қарап, Медет басқа мектепке ауысып кеткен шығар деп үміттенген. Ал өзге құрлыққа кетсе, тіпті жақсы болар еді. Алайда, өкінішке қарай, тағы бір жыл шыдауға тура келетін секілді. Шолпанның үй іші былтырғы оқу жылының ортасында осы қалаға көшіп келген. Әдетте жаңадан келген оқушы арандап қалмауды ойлап, елеусіз жүруге тырысады ғой, ал Шолпан өйтпеді. Бірнеше күнде-ақ мектепті аузына қаратты. Алып бара жатқан сұлу емес. Маңдайы жазық, шашы бұйра. Мектеп сал-серісінің көзіне түсетіндей қыз деуге келмейді. Есесіне ашық, ойнақы мінезімен жұртқа сүйкімді. Оның үстіне бимен айналысады. Көп ұзамай мектептің іс-шара залындағы бірде-бір концерт осы кызсыз өтпейтін болды, бұл онда не араб, не үнді биін билейді. Сөйтіп, мектептің жұлдызына айналды. Қыздармен де араластығы жаман емес, ал ұлдарға бұл «братан» болып кетті. Өйткені футболдан да, қымбат автокөлік тақырыбынан да жақсы хабардар. Ережесіз жекпе-жек жеңімпаздарын түгел біледі. Ал ашуы көтерілгенде майысып қарап тұрмайды, былапыт сөзді төкпелетіп, маскүнемнен бетер боқтайды. Мұнысы ұлдарға тіпті де сүйкімді ете түседі. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 12 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |