11/02/2025, 14:51 | |
ҮШІНШІ ТАРАУ Роза Арыстанқызы қалтасынан телефонын шығарып, нөмір терді. - Марал, мұғалімдер бөлмесінде қолы бос кім бар, жіберші 37-бөлмеге. Иә, 9 «А». Күтем, - деді де, телефонын қалтасына салып, көзілдірігінің қалың әйнегімен «А»-лықтарға ызғар шаша қарады. Сынып тым-тырыс бола қалды. - Мен алдарыңда тұрған кезде кімнің сыныпбасы болатынын шешіп алайық. - Ойланатын несі бар, Аружан бола берсін, - деді Мансұр. Аружан Мансұрға ызбарлана жалт қарады, көзімен-ақ өртеп, күлге айналдырып жіберердей тура: - Мүмкін, сенің өзіңді сайлармыз? Туа бітті көсемдігім бар деуші ең ғой. - Немесе Заринаны сайлайық. Несі бар, бұл да жарап тұр сыныпбасы болуға, - деп Мансұр әңгіменің арнасын өзгеге бұра қойды. - Неге мен болуы керек екен! – деп Зарина наразылық танытты. Сол-ақ екен, жан-жақтан біреуді біреу ұсынып, ұсынылған адам бас тартып сынып у да шу болды. Бұл – қарапайым сыныптық демократиялық қағида. Әр оқушы өзімнің досым сыныпбасы болса екен дейді, ондағы ойы – соның арқасында ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру. Медет «А» сыныбының тарихында болмаған жағдай – сыныпбасы қызметін өзі сұрап алып құрбы-құрдасын аң-таң ететін сәт осы екенін біліп-ақ отыр. Бірақ, әттеген-ай, қалай мынадай екі құлағы қалқиған түрімен жұрттың назарын өзіне аудармақ! Бір кезде орынбасар ақырып жіберді де, сынып тына қалды. - Аружан, өзіңнің орныңа кімді ұсынасың? - Меніңше, Мансұрдан жақсы сыныпбасы шығады, Роза Арыстанқызы, - деді Аружан. - Ал шыныңды айтқанда ше? - Онда білмейм. Ішінен: «Әй, сендерді ме, «А»-лықтар!» - деп орынбасар көзілдірігін түзеді. Бұл сыныпты ұнататынын біреу қыл бұрау салып қинаса да мойындамас еді, бірақ сезімнің аты сезім, осы бір сайтанның сапалақтарын тәуір көреді. Бұл сыныпта әлдебір айрықша энергетиканың барын байқайды. Тәжірибелі педагог оқушының арғы жағын көріп тұрады емес пе, орынбасар Заринаның жұрттың алдында жүргенді сүйетін мансапқұмар екенін баяғыдан біледі. Бірақ бұл қыз сыныпбасы болғым келеді деп ойын ешқашан ашық айта алмайды, өйткені аружанның ең жақын құрбысы ғой. Ал егер оны сыныпбасылыққа өзге біреу ұсынса, онда, әрине, әңгіме басқа. - Қысқасы, былай! Ақыры өзара келісімге келе алмайды екенсіңдер, онда бұл мәселені мен шешем. Өмірбекова, сыныпбасы сен боласың! Болды, қарсыласушы болма! Зарина қуанышын әрең-әрең жасырып, наразылық танытқан болып өтірік бетін тыржитты. - О, Зарина, қызметіңнің жоғарылағаны құтты болсын! Қашан жуасың енді? – деді Мансұр. - Жап аузыңды, Байталов! Көрсетем мен саған жуғанды, - деп зіркілдеді орынбасар. Осы сәтте ашық тұрған есікті имене тықылдатып, блмеге жағрапия пәнінен сабақ беретін жас апай кірді. - А, Гуля, кел-кел. Мына академиктерге қарай тұр, мен төменге барып келейін. Зарина, сен жүр менімен, журнал берем, соны толтырасың. Түсінбей жатқан жерің болса, Аружан көрсетеді. Оқулықтар алуға алғашқы бес оқушыны жіберерсің. * * * Ауыр оқулықтар арқалап, көңілін қаяу басқан Медет үйіне жетті. Сыныптағы бір топ оқушы жаңа оқу жылының басталғанын саябақта серуендеумен атап өтуге ұйғарған еді. Әуелі сол серуенге Медетті олар шақырды да. Ал бұл әдеттегідей ұяңдығы жеңіп, әлдебір қисынсыз сылтау айтып, үйіне кетті. Бұл олардан ұзай бергенде Мансұр қарқылдап күлді. Құдай біледі, мұның шашы қысқарып, екі құлағы қалқайып қалғанын айтып әжуалады-ау, әйтпесе адам осылай күле ме? Медет жуынатын бөлмеге кіріп, беті-қолын жуып алды да, өзінің айнадағы кескініне қарап біраз тұрды. «Алда, сорлы-ай. Сонымен, қалқан құлақ тақырбас Медет туралы хикаят басталды де. Жетістің ал. Атой салып, басқа Медет боп шыға келем деген едің, қайдағы, жұртқа күлкі болдың. Енді шашың өскенін күткеннен өзе амалың жоқ». баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |