27/01/2025, 21:53 | |
ҮШІНШІ ТАРАУ Жалпымектептік жиналыс классикалық үлгіде өтті. Сөз сөйленді, гүл сыйланды, өлең оқылды. Бір сағаттан кейін оларға сынып-сыныбына тарауға рұқсат етілді, онда есею, дұрыс өмір жолын таңдау т.б. туралы жаттанды әңгіме жүрізбек болып сынып жетекшісі күтіп отыр еді. 9 «А» оқушылары бірі қалмай өз үйіндей болып кеткен 37-бөлмеге кірді. Бұларды сынып жетекшісі емес, оқу ісі жөніндегі орынбасар Роза арыстанқызы қарсы алды. Бұған ешкім таң қалмады. «А» сыныбының жетекшісі Абат Әміренұлы жас кезінде Ядролық физика институтында жұмыс істеген. Мүмкіндік туа қалған жердің бәрінде ол: «Отан игілігі мен әлем тыныштығы үшін», - деп тартып жіберетін. Абат Әміренұлының айтуынша, физиктің «денеден радиацияны шығарудың» кез келген жолын пайдалануға моральдық құқығы бар екен-міс. Негізінен ол бойынан көп мөлшерде алкоголь өткізу әдіснамасын ұстанды. Бұл тәсілдің тиімділігін растайтын қатаң ғылыми дәлелдемелік негіз болмады. Бірақ Абат ағай қашан да ғылымда түйсік пен шарапқа орын бар деп есептеді. Сол себепті сынып сағаттарына «а»-лықтар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымен жиі жүздесіп, оны сыртынан «Донна Роза» деп атайтын. - Отырыңдар, отырыңдар, - деп Роза Арыстанқызы асығыс амандасты. Медет тағы да аружанның қасына барып отыруға батылы жетпейтінін түсінді де, алдыңғы қатардағы терезе түбіндегі бұрынғы орнына барып жайғасты. Қайсар ептеп ұйықтап алуға болатын, сыныптың соңғы қатарына қарай бет алды. - Сонымен, сендерге айтар жаңалығым бар. Абат Әміренұлы денсаулығына байланысты әзірге мектебімізде сабақ бермейтін болды. - Қашанға дейін? – деді Аружан. - Оны білмедім. Әйтеуір, біздің құрметті Абат Әміренұлы кеше ғана ұзақ уақытқа демалысқа кететінін айтқан тұғын... – деп алды да, сосын: - Айтарға сөзім де жоқ! – деп бас шайқады Роза Арыстанқызы. – Сондықтан сендерге дайын тұрған сынып жетекшісі жоқ әзірге. «А»-лықтар бір-біріне қарады. Негізі, физиктің тағы да ішкіштердің бақыты аралына кетіп қалғаны ешкімді таң қалдырмады. Абат Әміренұлы жақсы күндерінде де мына екі күйдің бірінде болатын: не қызып алып жүретін, не бөлмеде тып-тыныш қорылдап ұйықтап жататын. Бұлар осы екі жағдайдың екеуіне де разы еді. Бірақ биыл басшылықтың төзімі таусылған екен. - Көз тиген сыныпсыңдар ма, білмейм. Қателесіп тұрмасам, ол соңғы үш жылдағы алтыншы рет болған сынып жетекшісі. Бірі жұмыстан шығып кетеді, екіншісі декреттік демалысқа кетеді, әйтеуір. Не осылай «денсаулығына байланысты» шығып жатады, - деп Роза Арыстанқызы бас шайқады. – Бәрі осыны біледі ғой, тіпті уақытша болса да, сендерге жетекші болуға құштар боп отырған мұғалім жоқ. - Өзіңіз болсаңызшы, Роза апай? – деді Мансұр. - Ойбай, міне, бола қалайын!.. Тапқан екенсіңдер ақымақты. Қорықпаңдар, жаны сірі жас біреуді тауып береміз сендерге. «А»-лықтар жабырқап қалды. Жас ұстаздың сыры белгілі, күнде бірдеңе шығарады, сосын қит етсе, ата-анаң қайда дейді де тұрады. Бұлар оны да көрген. - Ал оған дейін өздерің өмір сүре тұрасыңдар, бес жасар бала емессіңдер. Биыл сыныпбасы кім болады? – деді Роза Арыстанқызы Аружанға тесіле қарап. Аружан қырсыға ернін жымырды. Бұл абыройлы қызметті соңғы екі жыл бойы осы қыз атқарған. Мұғалімдерге сүйкімі бар, жазуы маржандай. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 23 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |