Ықыласпен тоқылық...
21/01/2025, 10:48

ЕКІНШІ ТАРАУ

Шешесі «Шетелдік легион» деген ойын тыңдағысы да келмеді, сөйтіп, Медетке қайткенмен де жалпымектептік жиналысқа баруға тура келді.

Әкесі атасынан қалған ескі машинкамен, толық тақырламаса да, шашын қып-қысқа етіп алып берді. Екі құлағы локатор секілденіп қалқайды да қалды. Шешесі енді дұрыс болды дегендей бас изеді. Әкесі де: «Болады, жәрәр», - деп өзінің стратегиялық одақтасын жақтап қойды.

Медет психологтарға жылдар бойы өз-өзіне деген құрметін қалпына келтіруге тура келетінін, ал оның тағы отбасы бюджетіне әжептәуір салмақ болатынын ескертті. Әкесі миллионыншы рет аяғындағы бутсының ескі екенін ойлап қынжылған футболшы мен екі аяғы жоқ пақыр туралы тәмсілін айтып, қыза келе пікірталас тығырыққа тірелді.

Шешесі басыңа кепкі киіп ал деген ақылға қонымды ұсыныс айтты. Кәстөм мен кепкі. «Тимберлейктің нақ өзі болдың», - деп әкесі риза.

Үстіндегі ансамблдей үйлесім тапқан киімдері Медетке, әрине, нық сенім сыйлаған жоқ. Бұл «сән үкімінің» жұртқа масқара болар жайды шамалы уақытқа ғана шегере тұратыны белгілі еді.

Медет қолын бір-ақ сілтеп, келісе салды. Ересек адаммен дауласып пайда таппайсың. Бірбеткейлік жағынан үлкендер баладан ары, себебі бұлар биологиялық жасының кез келгеннің ақымақтығын ақтап алатынына сенімді. Жер Күнді айналған сайын ақылды бола түсеміз деп ойлайды-ау.

Медет кепкісін бастыра киіп: «Сайонара!» - деді де, қатыгез әлемге қарай бет алып, есіктен шығып кетті.

* * *

Жалпымектептік жиналыс таңғы 9-да басталуға тиіс еді. Енді Медетке сыныптастарын көруге асығудың түкке де керегі жоқ. Сол себепті бұл мектепке 9:33-те жетті. Ойы құттықтау сөз сөйленіп жатқан кезде өз сыныбына елеусіз ғана қосыла кету еді. Барынша ешкім байқамаса екен дейді.

Өкінішке орай, жалпымектептік жиналысты ұйымдастырушылар да уақытпен жүретін жандар емес еді. Мектеп ауласында әлі салтанантты киінген оқушылардың броундық қозғалысы жүріп жатыр екен. Мектеп көріп мәз-мейрам болған бірінші сыныптың да, әбден арсызданып алған үлкен сыныптың да балалары бормен сызылған сызық бойымен аралас-құралас жүріп келеді. Бәрінің шаш қойысы әдемі.

Жа мұғалімдер оларды гүл бумасын ұстаушылардың жасағы қылып сапқа тұрғызып әуре. Бірақ бірінші қыркүйек оқушылардың «тәртіп» деген ұғыммен қайта танысатын күні ғой, сондықтан олар бүгін құм секілді, сыққан сайын уысыңнан төгіле береді. Тәжірибелі педагогтар жас әріптестерінің әурешілігіне жымия қарап, алғаш санасына түскен педагогикалық сызатты есіне алып тұр.

Медет өз сыныбының қайда тұрғанын біліп алу үшін «п» әрпіндей болып сап түзеген оқушылар түгел көрінетін биіктеу кіреберіске шықты. Олар бұл секілді бір жазда сығырайтып, таныс бейнелерді іздеді. Көзілдірік тақса да болар еді, бірақ Медет ондайды қатты жек көреді. Сол себепті тақтадағы жазуды көру үшін тек сабақта ғана тағатын.

Көзілдіріктің керегі де болмады. «А»-лықтар бұған жақын жерде тұр екен, Аружан бастаған алғы шепті көріп қалды. Баяғы сұлу – сол сұлу, жайнап тұр. Бойшаң, сымбатты, көзі үлкен, нағыз бота көздің өзі. Алтын шашында үлбіреген ақ бантик. Қасында сыныптың өзге де қыздары, олар да бірінші қыркүйектің құрметіне бантик тағып алған. Ұлдар әдемі көріністі бұзбайық дегендей, тылда тұр. Медет бір күрсініп алды да, өз сыныбына қарай беттеді.

Мұны әуелі Қайсар байқады:

- О, қалайсың, шал? Бірінші күніміз құтты болсын дегендей.

- Салам, - деді Медет жабырқаңқы түрмен, сосын іле-шала: - Бәріңе жалпы салам, - деп қосып қойды әрбірімен жеке-жеке қол алысып шықпауды ойлап.

Медет мына түрімді көрген бойда күлкіге айналдырады деп күтіп еді, қызық болғанда, көбісінің мұнымен шаруасы болмады. Медет таң қалды. Маңдайыма «мен бөжекпін» деген жазу тұр ғой деп келе жатқан. Барлық жасөспірім секілді бұл да мені аңдып, әр қадамымды бақылап тұр деп ойлайды ғой. «Әр адам өз мінін ойлап әуре» деген жалаң ақиқатты әлі түсінбеген. Медеттің сыныптастары әлдеқайда қызық тақырып – жазда көрген-білгенін айтып, әркім өзіне қатысты ЖЗЛ («Жизнь замечательных людей» деген атақты көркем-биографиялық кітаптар сериясы) баяндап, лепіріп тұрған-тұғын.

Бір-екі қағытпамен іс бітті. Сыныптағы өткір тілді Мансұр мұның кепкісін айтып мұқатпақ болғанда, Қайсар бір қарап еді, анау қоя қойды.

Сыныптастар өзара сөйлесе жөнелгенде Қайсар Медеттің кепкісіне қарап, мынауың не дегендей қасын керді. Медет ішінен: «Селяви», - деп қос иығын қиқаң еткізді. Осы бір үнсіз сұхбаттан кейін екеуі тып-тыныш тұра берді.

Жанында тұрғанда Медет өзін жайлы сезінетін сыныптағы жалғыз адам – осы Қайсар. Екеуі де бір ауданда тұрады, күнде мектепке бір жолмен барып-қайтады, кейде бір автобусқа мініп қалады, бірақ бірге жүрмейді. Медет кітапқа үңіледі де отырады, ал Қайсардың құлағынан құлаққап түспейді.

Мектептен тыс жерде ортақ қызығушылығы жоқ. Тіпті мектепте де сөйлеспейді деуге болады. Бірақ екеуінің арасында іштей сыйластық бар. Бірі екіншісінің бойындағы қасиетке қызығады.

Қайсар – күшті, өзіне-өзі сенімді, сыныптағы ұлдардың ең ұзыны. Жыл сайын турникке тартылудан мектеп рекордын жаңалап отырады және баскетбол сақинасына допты үшұпайлық сызықтан дәл түсіретін жалғыз адам да осы еді. Сөзге сараң, уәдеге берік. Сынып алдында беделі биік. Тіпті үлкен сыныптардың балалары да мұнымен тең сөйлеседі. Жылда 14 ақпанда қыздардан келетін жүрекшелі хаттың астында қалады. Тағы, ондай хат бір сыныптан емес, бірнеше сыныптан келеді. Қайсар секілді жұрт қызығатын адам болудың жолында Медет барын берер еді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 23 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: