13/01/2025, 22:09 | |
БІРІНШІ ТАРАУ Аружанды кездесуге шақыру Жоспардың әуелгі күн тәртібінде жоқ. Алдымен өзінің сынып алдындағы жаңа келбетін қалыптастыруы керек. Көкейіне күмән ұялай қалды. Себебі бұл мұның бірінші рет құрып тұрған ұлы жоспары емес, бұған дейін де өмірді жаңадан бастаудың неше түрлі жоспарын құрған болатын. Әр туған күні мен жаңа жыл түбегейлі өзгерудің басы еді. Бірақ жеме-жемге келгенде тайсақтап, ісі Кураменің (Наруто әлеміндегі тоғыз құйрықты сайтан түлкі) тоғызыншы құйрығына кете береді. Осы жолы да солай болмасына кім кепіл? «Доғар үрейленгенді!» - деді сілкініп. Бұл жолы бәрі ойдағыдай болуға тиіс. Жаз бойы әп-сәтте адаммен тіл табысып, дос бола кетудің әдісі жайында оқығаны зая кетпес. Сол туралы жазған авторлар бар керегі адамға жымия қарау мен жөн сұрасу демей ме, мұның енді бұл үшін қиын түгі де жоқ қой. «Күмәнның бәрін ысырып таста, бұл жолы 100 пайыз дайынсың!» Оқыс екі соққы беріп, апперкотпен түйіндейді. Болды, дене қыздыру уақыты тәмам. Демін терең алты да, күшене шығарды. МР3 плейерді керуетке тастай салып, жуынуға кетті. Тоғызыншы сынып. Иә, көп жүріп қалды. Дей тұрғанмен Медет есімін аңызға... барлық сыныптасы немересіне айтып отыратын аңызға айналдыруға әлде де уақыты бар. «Барлық сыныптас»-ың не, «бүкіл мектеп айтып жүретін» де. Бұдан былай бұл қара ағаштай қақиған озат оқушы, мұғалімдердің мақтанышы Медет емес, бұл – басқа, жұртпен тіл табыса білетін, сөз тапқыш Медет. «Тоқта, мынау неғылған тағы...» Медет айна алдында қатты да қалды. Кешегі күннің салдары көз алдында көлбеді. Күні бойы дайындалып жүрді. Кәстөм, галстук – бәрі ойдағыдай болуға тиіс. Сыныпта айтамын деген тіркестерін, әзілдерін қайталаумен болды. Сөйтіп, толқу мен күйзеліс қойсын ба, кешке әбден қалжырап, аузында сағызы барын ұмытқан күйі төсегіне жантая кетті. Жұмсақ төсекке жатып алған соң тұрғысы келе ме шаршаған адамның, сағызды аузынан алды да, ас үйдегі қоқыс шелегіне әне апарамын, міне апарамын деп жатқанда қор ете түскен. Мәссаған! Масқара деген – осы! Ұйықтап жатқанда қолында еріген сағызды шашына олай да былай жаққан екен. Жуынатын бөлмеге ұшты. Екі түрлі шашсабынмен, тіпті кірсабынмен де жуды. Бірақ оның еш қайыры болмады. Әй, қырсық-ай! Жаңа өмірінің Бірінші күнін өз қолымен бүлдіргенін-ай» «Қырсық шалды сені, жүгермек»» - деді ол түңіле. Небір ұлы Жоспар осындай түкке тұрғысыз ұсақ-түйектің кесірінен бүлінеді-ау! Сыныпта абыройлы болудың бүкіл стратегиясының күлі көкке ұшты. Сыныптастарының жан-жүрегін жауламаққа жан-жақты ойластырылған әңгімесінің, ойлы, тапқыр тіркестерінің күл-талқаны шықты-ау. Тағы бір уыс шашын қырқып жатып ойламаған жерден алақұйқа болып шыға келгеніне ашынды. Бірақ, қызық болғанда, тез сабырға келді. Ендігі күйдің не, күймедің не, пайда жоқ. Анығы сол, бәрі бітті. Барар жері – Шетелдік легион. Мына түрімен мектепке өлсе де бармас. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 3 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |