05/01/2025, 22:11 | |
БІРІНШІ ТАРАУ Қыркүйектің бірі, сағат 06:10. Медет өте сергек, ұлы істерге дайын күйде оятқыш шырылынан жарты сағат ерте оянды. «Бүгін менің хикаям басталады», - деді. Төсегінде екі алақанын шүйдесіне төсеп, төбеге қарап біраз жатты. Жан-дүниесі ғарыш әлеміндей тып-тыныш. Өзін болашағы жарқын әлем әміршісіндей сезініп кетіп, езуіне күлкі үйірілді. «Іске кірісер сәт туды». Медет басын көтеріп отырды да, өмірінің аңызға бергісіз кезеңінің Бірінші Күнінде бір рухты әуен жетпей тұрғанын ұқты. Кереуетінің бас жағында тұрған түмбішкеден кішкентай МР3 плейерін алды да, ән тізімін біраз ақтарып, «Eye of the tiger» дегеніне тоқтады. Плейерді футболкасына қыстырып, екі құлағына құлаққабын тақты да, «Play» деген түймені басты. Ырғақты әуез ойнай жөнеленде бұл тоқмейілси жымиып, басын бұлғаңдатты. Иә, іздегені – осы, рок пен Тағдыр осындай болса керек-ті! Елітпе әуеннің құдіретіне шыдамай, орнынан атып тұрып, қиялындағы бір топ ниндзямен шайқаса түсті. Бұған жаңа өмірінің Бірінші күнінде тап болды-ау ол байғұстар. Құритын жеріне тура келді-ау, ал ең бастысы, бұл Медет бұрынғы Медет емес қой, шаруасы бітетін болды-ау аналардың. Әуен ырғағына ілесе соққы жасап, өзіне қарай қарша бораған сюрикеннен жалтарып, тигізер емес. Әр соққысы қарсыласын атомдық бөлшектерге ыдыратып жатыр. Қайырманың соңында бір өкшесімен айналып, байқатпай артынан бас салмақ болған шиноби басшысына күйрете екі соққы берді. Соққының ауыр болғаны сондай – анау өзге әлемге өтіп кетті. - Flawless victory! (Mortal Combat ойынының әлемі) Жеңімпаз қос қолын көкке көтеріп масайрады. Бүгін мұны ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды. Бүгін бұл іште бұғып жатқан құдіретін әлемге паш етеді. Ол етпетінен түсіп, ызбарлана кеудесін жерден көтеріп-түсіріп, жаттығу жасай жөнелді. Бір, екі, үш... Білеуленген бұлшық еті бұлт-бұлт етеді. Он екі, он үш... Ырғағын бір бұзбады. Жиырмаға келгенде атып тұрып, көзін жұмып, терең тыныс алды. Ағзасы оттегіне тояттап жатқанында, бұрын үні шықпас Медеттің мүлде басқа адамға айналғанын көріп аң-таң болған сыныптастарының түрін елестетті. Енді бұл үзілісті кітапқа үңіліп өткізетін, түзу жүріп, түзу туұратын озат оқушы болмайды. Бұдан былай тақта алдында еркін сөйлеп, ал қыз алдында екі беті қызарып, тілін жұтып қоятын «ботаник» емес. Финита ля комедия! Ол Медет жоқ енді. Оның орнына басқа Медет пайда болды. Салқынқанды әрі өзіне сенімді тура... ы-ы... Тони Старк (Марвел әлемінің кейіпкері) немесе Учиха Итачи (Наруто әлемінің кейіпкері) сияқты. Ол жаттығуға қайта кірісті. Бұл жолы қиындау болды. «Он сегіз, он тоғыз, жиырма! Ух-х, болды». Кеудесін жерге төсеп жата кетіп, бірнеше секунд бұлшық етін тынықтырды. Сосын тұрды да, қолын тырыстырып, бұлшық етін ұстап көрді. «Ым-м, жаман емес». Өзіне-өзі риза болды, жаз бойығы еңбегі босқа кетпепті. Былтыр дене шынықтырудан норматив тапсыру кезінде масқара болғаны жетеді, ол жағдай ендігәрі қайталанбайды. Бүкіл сынып алдында рекорд жасағанын елестетті. Ұлдар таң-тамаша қалады, қыздар таңдана көз тастап, сыбырласа жөнеледі. Аружанның ерекше жылы жымиысын көретіні анық. Сол сәтте бұл оны кездесуге шақыра қояды: - Мадемуазель, сізбен бірге киноға бару бақытына бөлесеңіз екен мені. ІМАХ-та Марвел киноғаламының жаңа жауһарын көрсетіп жатыр. - Әлбетте, сеньор... Медет басын сілкіп: «Ой, мен де бір, Аружан сөйтіп сөйлеуші ме еді!» - деді. Мейлі, ештеңе етпейді, әлі уақыт бар. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 4 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |