| 18/05/2026, 23:29 | |
ӨМІРДЕН КЕЙІНГІ ӨМІР Мифтер мен аңыздарға сенгенде ғана мәңгілік өмірдің маңызы ашылып, өмірден кейінгі өмірдің ақиқаты айқындала түседі. Монотеистік діндерге дейін де өлімнен кейінгі мәңгілік өмірге дайындалатын психология адам миына сыймайтын сан түрлі мәдени құндылықтарды дүниеге әкелді. Әлемнің әр түкпірінен табылып жатқан археологиялық қазбалардағы кісі жерлеу ғұрыптары осының айғағы. Румын ғалымы Мирче Элиаденің сөзімен айтар болсақ, «мифке сенбейтін адамның өмірі өлген күні тоқтайды. Оның істеген ісіне, келешегіне нүкте қойылады. Мифке, тылсым сырларға кәміл сеніп, мәңгілік мекенге жету үшін ғибратты өмір сүрген тұлғалар күні бүгінге дейін құрметті болып қала береді». Қазіргі заманда да зиялы мәдениетті адамның өлшемі ретінде оның марқұм адамадрға қатысты құрмет пікірі есепке алынады. Осының бәрі өмірден кейінгі өмір жайлы түсінікке барып тіреледі. Бұл ойды Карен Армстронг «The case for Godә деген еңбегінде былай деп тарқатады. Барлық адамның бойында Ұлы Құдіретті аңсайтын сезім болады. Оны көзбен көріп, қолмен ұстамаса да жан-жүрегімен сезіп біледі. Өмірін барынша сонымен тығыз байланысты етіп сүргісі келеді. оны тереңірек тану үшін көненің адамы діндерді дамытып, әртүрлі ғұрыптарды қалғандай да сезініп жабырқап жүрді. Барлық елдің аңыздарын оқысаңыз әлімсақта жәннаттан қуылып кеткен Адам ата мен Хауа ана жайлы мифтер міндеті түрде кездеседі. Осының өзі адамның есте жоқ ескі заманда қайғы мен қасірет, мұң мен мұқтаждық болмаған бақытты мекенде өмір сүргенін меңзейтін сияқты. Осы мифтер арқылы ерте ме, кеш пе адам ұрпағы ақыры бір күні қайғы мен мұңнан, жалғыздық пен қорлықтан, кәрілік пен аурудан құтылып, бақытты мекенге қайта айналып баратынына сенетін. Мәңгілік мекенді аңсайтын осы сезім келе-келе «сакральді география» культін туғызды. Бұндай түсінік барлық діндерде бар. Киелі немесе қасиетті мекендер ұдайлық символдардың ежелден бері кең тараған түрі. Олар мұндай жерлерді аспан мен жердің түйіскен киелі нүктесі деп сенеді. Сондықтан да ол жерде Құдайдың шарапаты ерекше сезіліп тұрады деп санаған. Саид Хусейн Насер де аталмыш кітабында осы тақырыпқа тоқталған. Өлім жоралғыларын зерттегенде, назар аударуға тұрарлық жайт – адамдардың «киелі мекенге» жетуге талпынуы. «Құтты мекен» ұғымы салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрып, діни рәсімдер және жоралғылардың орындалатын жері болғандықтан, екеуі егіз ұғым болып келеді. жер жүзіндегі халықтар дүниетанымын зерделегенде, «киелі география», «құтты мекен» мәндерінің аясына ғибадатхана, мазарлар, бау-бақша, тау-тас, орман сияқты объектілердің сыйып кететіндігін аңғарамыз. Мәселен, Қытайда қорған-қамалдар, Жапонияда бақшалар, Парсыда салтанатты сарайлар осы түсініктің бір бедері. Әсіресе мұсылмандарда «зиярат феномені» жүзеге асырылатын бейіттер, кесенелер, мазарлар «құт» қассиетін терең сіңірген, киеге бай аймақтар ретінде танымал. Олардың жан-дүниесіндегі пейіштегідей мейлінше құтты мекенге жақын жайғасу деген арман бүгінге дейін өлген жоқ. Жерұйықты іздеу мотивтері қазақ халқында да өте көп. Асан қайғының желмаясымен жер жаһанды кезуі «сакральді география» теориясына сұранып-ақ тұр. Басқаны былай қойғанда Яссауи бабаның, Бекет атаның, Арыстан бабтың, Бабатүкті Шашаты Әзіз әулиенің тағысын тағы толып жатқан киелі тұлғалар жерленген жерден шарапат тілеп, зиярат ететін ел-жұрта есеп жоқ. Қазақ хандығы дәуіріндегі батырлардың тәнін әулиенің зиратына әкеп жерлеу дәстүрі де осыдан келіп шығады. Яғни, «Жердің жерден қайыры бар» деген түсінік. «Әулиенің басына жерленсек, Құдайға бір табан жақын боламыз» деген сенімнің көрінісі. Бұл ұғымның қазақ арасына кең тарағанын танып білу өте оңай. Барлық батырлар жыры мен дастандарда бір балаға зар болған бейбақтар етектерін шеңгел сыдырып, «сакральді география» аймақтарын шаршамай кезіп жүреді. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
