Салт-дәстүр сүрлеулері
12/05/2026, 09:15

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР

Түркінің пірі – Яссауи   

 КСРО кезінде түркінің пірімен арадағы рухани байланысты большевиктер барынша жоюға тырысты. Бірақ Құдайдың құдіретімен бұ лнәзік жіп үзілмей аман қалды. Бұған Төреғали Тәшеннің «Түркістанмен табысу немесе Әзірет Сұлтан рухымен тілдесу» деген өлеңі дәлел:

Тыңда мені,

Төрт қақпалы Түркістан!

Қос қақпалы Қожа Ахмет!

Алты ғасыр арбауына шыдаған,

Төрт бұрышын көк перісі сұраған,

Қабырғасын Қызыр баба сылаған

Қасиетті Көк Күмбез,

Тұрсың ба,

Уа, дін-аман!

Алыстан Хақ дем берген,

Арыстан бап тең көрген,

Аса пірлер жол берген,

Мүсәпірге қол берген,

Халайықты меңгерген,

Машайықты жөн көрген,

Шәрбат ішкен әздермен,

Шарап ішкен Шілтенмен

Әзіреті Сұлтан ҚОЖА АХМЕТ,

Құзырыңа келген – мен...

Әзелден-ақ дара отау

Алпыс мың бар бұлағы,

Ақ тасы бар қыналы,

Пәк тәніңнің тұрағы,

Әз жаныңның шырағы –

Әуеніңе Қаратау

Төңкеріліп тұрады.

Уа, дүр текті

Асыл жан,

Тәуап еттім жасымнан,

Санама ектім сыр түюлі тасыңнан.

Дәруіштей дәргейіңе бас ұрған,

Хақ дидарын көрердеймін жасырған,

Алдым босап арқаннан,

Көшім босап көгенне,

Құлыптаулы қырық қақпам ашылған.

Маңдай алды қас бетіңе жел өпкен

Түзік қатар салған мырза теректен

Уілдеген үн естимін ерек мен.

Жанып шыққан

Биігіне қалаған,

Шырқау асып шығып кеткен

Санадан

Үкі құс боп жеткен сен бе дана жан?!.

Бауырына Бұқараны балаған,

Серігіне Самарқанды санаған

Сендей кентті таба алам ба даладан –

Асық еткен жеріме гүл Жаһанды,

Нәсіп еткен төріме Алла Тағалам!

Уа, тыңда,

Бай өлке ұлыс – байтағым!

Жатсынып жоқ қайтарым,

Сақсынып бар айтарым:

Қаншама жыл ғаріп болып саф ділге,

Арып-талып жеткен кезде ақ күнге,

Қарсы қойып қауымыңды хақ дінге,

Ұрпағымды ұйытпасын жат кірме.

Далам үшін жолын кесіп Тауымның,

Клше салман керсеніне кәуірдің.

Тілің менен жырың және діліңе

Қоса тұт деп түзу дінін Тәңірдің,

Төрт тараптан түгел қостым түркі ұлын

Тоғысында ғасырлар мен дәуірдің.

Беу, тыңдағын,

Төрт қақпалы Түркістан!

Қос қақпалы Қожа Ахмет!

Салғаным – зікір,

Айтқаным – шүкір,

Ойлағаным – пікір,

Қорыққаным – күпір болсын,

Қолда өзің Хазірет!

Ақтың құлын тәлім ет!

Хақтың нұрын жаныма ек!

Бұрдым жүзімді,

Өптім ізіңді,

Әзиз жолыңды тұттым,

Ғибадат орныңды құштым,

Миуалы бағыңа шықтым,

Мүбәрак қолыңды қыстым,

Қабыл ет!..

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 2 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: