| 21/04/2026, 09:18 | |
ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР Әйелдің пірі – Бибібатима Бибібатима Мұхамбет пайғамбардың сүйікті қызы, Әзіреті Әлидің адал жары болған. Қазақ дүниетанымында үйдің құты, отбасының желеп-жебеушісі деп аталады. Аңыз бойынша, Батима анамыз бірде әкесін сахабаларымен бірге қонаққа ашықрады. Ол кезде Батима Ер Әлидің адал қосағы екен. Дастарқанын жайнатып, аяғынан тік тұрып қызмет көрсетеді. Ешкімнің көңілін қалдырмайды. Бала демей, шаға демей, кішкене сәбилерді де риза қылып, көңілін табады. Ер әлидің осы тойда мерейі үстем болыпты деседі. Барлық сахаба Батиманың қызметіне сүйсінеді. Пайғамбардың да қызына ерекше назары түседі. Мұны Батима анамыз іштей байқап қойыпты. Той тарқауға жақындап, пайғамбар қолын жайып, дастарқанға бата бермек болады. Сол кезде Батима: - Әкешім, бір шартым бар. мені дұғаңызға қоссаңыз, - дейді. - Қандай тілегің бар? – дейді пайғамбар. - Үмбетіңіздің ошағының қасынан, бесігінің басынан табылайын. Әрқашан қызметінде болайын, - дейді. Пайғамбар солай деп бата беріпті. Тәңірі оның дұғасын қабыл етеді. Содан бастап Батима анамыз отбасының піріне, әйел затының қорғанына айналады. Қыз-келіншектер қиналса, қандай да бір іс бастаса Батима анамыздан медет тілейді екен. Әжелер кілем тоқығанда, үйді аластағанда «менің қолым емес, Бибібатима анамыздың қолы» деп бастайтын болыпты. Ұлық Алла өзінің сүйікті пайғамбарының перзентінің құрметіне «айтқан тілегін қабыл етеді, істі оң етеді» деп сенеді. Қиямет қайымда да Бибібатима анамыз әйел затына шапағат етіп, пайғамбардың үмбетіне араша түседі екен. Қазақ арасында Бибібатима анамызды үлгі, өнеге ететін аңыздар өте көп. Күні бүгінге дейін оның атын атап, рухына тағзым етіп іс бастайтын дәстүр үзілмеген. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 1 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
