Салт-дәстүр сүрлеулері
16/03/2026, 17:45

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР

Қойдың пірі – Шопан ата  

Шопан ата Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шәкірті болыпты. Бабамыздың жанында жүріп, ілім меңгеріпті. Медресенің тәртібі бойынша рухани білімді игерген шәкірттер қалың елдің арасына барып, ілім таратуға міндетті болатын. Қай шәкірттің қай тарапқа тәуекел етіп аттанарын Яссауи баба ерекше ережемен шешіпті. Ол қолындағы аса таяғын аспанға атып жіберетін. Рухани ілімнің тәуекел мақамына мықты болған шәкірттер аса таяқты тауып алған соң, сол өңірдің халқымен тіл табысып, ислам дінін жаятын. Осындай кезекті сынақ кезінде, аса таяғын аспанға лақтырып жіберіп:

- Асаны кім тапса, соған батамды беремін, - дейді. Кемеліне келмеген шәкірттері аса таяқты Түркістанның маңайынан іздей бастайды. Тек Шопан ата орнынан қозғалмай үнсіз отыра беріпті. Яссауи бабамыз:

- Әй, балам, сен неге іздемейсің? – дейді. Шопан ата:

- Баба, аса таяғыңыз бұл маңда емес. Мен білсем, Хазар теңізінің бойына ұшты. Батаңызды берсеңіз, мен тәуекел етуге дайынмын, - дейді. Яссауи:

- Қолыңды жай. Жорытқанда жолың болсын, Қызыр, Ілияс шылауыңда болсын, - дейді.

Шопан ата жолға шығып, батысқа бет түзейді. Ұзақ жол жүріп отырып, аса таяқты Маңғыстау түбегінен тауып алады. Сол жерге тұрақтап, бір байға жалданып, қой бағады. Аз уақытта оның мал басы көбейіп, қойлары егізден, ешкілері сегізден туады. Қойшылардың бәрі оған үйір болып, әңгімесін тыңдайды. Шопанның атағы мен айтқан әңгімелері ел арасына тез таралады. Бұл жайтты бай да естиді. Ол алыстан келген қойшыны алдырып, әңгімесін тыңдайды. Рухани сұхбаттан ләззат алған бай оған қызын беріп, медресе ашуына жағдай жасайды. Шопан ата шәкірттер жинап, Маңғыстау даласынан жер асты мешіттерін ашып, бала оқытады. Маңғыстау жұрты оны Шопан ата атап кетеді.

Алғашында қой бағып, қойлары көбейіп, ел арасына танылғандықтан, жұрт оны қойдың пірі атап кетіпті.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: