Салт-дәстүр сүрлеулері
24/02/2026, 17:53

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР

Жылқының пірі – Қамбар ата  

Қамбар ата Мұхамбет пайғамбардың атқосшысы болған екен. Пайғамбардың тұлпарын баптапты. Соғыс кезінде жанынан табылып, көмекшісі болыпты. Үнемі таңертең пайғамбарға бір кесе қымыз әкеліп, батасын алады екен. Батаның шарапаты тиіп, бойына кие дарыпты. Ол кезде Мекке мен Мәдинадағы сахабалар жылқы ұстауға ебі жоқ екен. Жылқы ауырып қалса, аяғына жем түссе, барлығы Қамбардан көмек сұрапты. Қамбар ата жылқыны бір көріп, басынан сипағанда, сал біткен жануарлар шауып кете беріпті.

Бір соғыста пайғамбардың атына оқ тиіп, жараланады. Екі тізесі бүгіліп, құлап бара жатқанда жанына Қамбар жетіп келіп:

- Тәйт әрі. Пайғамбарды жерге құлатпа, - деп сауырынан алақанымен салып жібереді.

Тұлпар сонда аяғын тез тіктеп, алға ұмтылады. «Пайғамбардың тұлпарын жараладық» деп масайрап тұрған жаудың сағы сынады. Бәрі қашып, жеңіліс табады.

Ұрыс біткен соң, пайғамбар Қамбарды шақырып алып:

- Дін мұсылманды бір апаттан аман сақтадың. Мен саған бата берейін, жылқының пірі бол! – деп қолын жаяды. Пайғамбар дұғасы кәміл қабыл болып, Қамбар жылқының піріне айналыпты.

Тәңірдің елшісі дүниеден өтерде Қамбарды шақырып алып, өзінің тұлпарын тарту еткен деседі. Қамбардың тегі үркі екен. Сақалы қызыл болыпты. Ел оны «Қызыл сақал Қамбар ата» деп атапты. Араб түбегінде Ислам берік орныққан соң, ол сайын сахараға қайтқан деседі.

Ел арасында Қамбар атадан төмендегідей медет тілеу, бата беру үлгілері сақталған:

- Жылқышы ата Қамбар,

Жарылқасаң, өзіңнен басқа кім бар?

Шірендіріп жатқыз,

Көсілдіріп жүргіз!

Жаз жайлауын жаусыз ет,

Қыс қыстауын қарсыз ет.

Дүниеде мұңсыз ет,

Толғатқанын ұл ет,

Тамызғанын май ет!

Бәледен сақта,

Жәледен сақта.

Қауіптен сақта,

Қатерден сақта!

Түн қатып тұсына шыққаннан сақта,

Ашыққан-ды, бөріден сақта.

Аузы қар-ды, ұрыдан сақта,

Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта,

Дос болып, қас болғаннан сақта!

Әзіретті қадір ет,

Шыққан тауын биік ет.

Кімді жарылқасаң,

Соның қасында ет!

* * *

Жылқышы ата Қамбар,

Мінгенің жирен шабдар.

Мыңды айдатып,

Жүзді байлатса,

Сенен басқа нем бар?

Желің ұзын болсын,

Ішкенің қымыз болсын.

Сойғаның құлын болсын,

Жегенің қазы болсын!

* * *

Шаруаның төрт пірі –

Қамбар ата,

Шын бергенің білейін,

Арқанды әкеп мата!

Кісінеуге айғыр бер,

Желісіне бие бер,

Сауған сайын ие бер!

Жезден болсын желісі,

Осы сөздің келісі.

Алтыннан болсын тоқпағың,

Ашыла берсін соқпағың.

Дұрыстап айтайын, тоқта,

Жібектен болсын ноқта!

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: