Салт-дәстүр сүрлеулері
03/02/2026, 08:59

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР

Ғайып ерен қырық шілтен

Он жасар Ғазалиді шешесі «қалаға барып сауда жасап кел» деп керуенге қосыпты. Оларды жолда 40 қарақшы торуылдап күтіп отырады. Кешке қарай қарақшылар керуенге лап қояды. Елдің бәрі алтын-күмісін қойнына тығып, жанталасып жатқанда Ғазали керісінше барлық ақшасын шығарып, ұрылардың басшысына өзі әкеп бапсырады. Ол таңқалып:

- Сен неге алтыныңды жасырмадың? – дейді. Ғазали:

- Малым – жанымның садағасы. Алтын адамның жанынан қымбат емес, - дейді.

- Бірақ, алтынның да сұрауы бар ғой? – дейді қарақшы.

- Иә, бар. бірақ алтын адамды таппайды. Адам алтынды табады. Басым аман болса, денім сау болса адал кәсіппен алтыннан да қымбат зат табам.

- Алтыннан артық зат болмайды, балақай!

- алтыннан қымбат Алла бар! жаббар Хақ: «Кім менің нұрымды тапса, екі дүниенің байлығын қоса табады. Кім менен ажыраса, екі дүние нығметін қоса жоғалтады», - деген. Сондықтан Тәңірді табу үшін маған өмір қымбат, - дейді бала.

Ақжүрек баланың жауабы қарақшының жүрегін солқ еткізді.

- Іздесек сол Құдайды біз де таба аламыз ба? – дейді қарақшы.

- Иә, Тәңірі тағала Құран Кәрімде: «ісіне өкініп, шын тәубе еткендер Мені күмәнсіз табады. Сосын Мен оларды рақмет нұрына шомылдырамын» деп уәде еткен. Алланың сөзі екі болмайды.

Құранның осы аятын естіген кезде қарақшының қатып қалған жүрегі езіліп сала береді.

- Онда бізге дұға жаса, мына кәсіпті доғарып, екі дүниенің нығметін біз де қатар табалық, - дейді шын ниетпен. Ғазали қолын жайып бата бееді.

Сол кезде қырық қарақшы қырық шілтенге айналып кетіпті деседі.

Қырық шілтен қазақтың киелі дүниетанымына қатты әсер еткен мистикалық тұлғалар. Қазақтың барлық аңыз-әпсанасы мен бата-тілектерінде олар міндетті түрде еске алынады. Біз солардың ең көп тараған үлгілерін сұрыптап алдық.

Қазақта Қоңырат руының әулие аталарының бірі саналатын Құрбан атаның жаназасын Ғайып ерен қырық шілтен шығарған деген де аңыз бар.

Қырық шілтеннің есімі бата үлгілерінде де кездеседі. Мысалы:

- Уа, Құдайым оңдасын,

Кедергі жолда болмасын!

Екі жастың тілегін

Періштелер қолдасын.

Ғайып ерен қырық шілтен

Қашанда болсын жолдасың! – деп келеді. енді бір аңыздарда шілтендер адамға құс бейнесінде де көрінеді деседі. Сондықтан үйдің шатырына, бау-бақшаға қонып тұрған құстарды, немесе адамның қасына жақын келген құстарды қууға болмайды деген ырым-тыйым бар. бата-тілек тілеу сарынында да Ғайып еренге "«анатыңды жай» деп медет сұрайды. Мәселен:

- Жарылқа, Құдай, қабыл ет,

Нұрмұхаммед жәрдем ет.

Ғайып ерен қырық шілтен

Қанатыңды жайып қолдау ет! – дейді.

Қазақтың діни қиссаларында кездесетін Мансұр Халлаждың қырық шілтеннен ілім үйренгені туралы аңыздар көптеп кездеседі.

Алпамыс батыр жырында Аналық бәйбіше баласымен қоштасарда:

- Айналайын, балам-ай,

Болсын Алла панаң-ай.

Ғайып ерен қырық шілтен,

Көзіңді сал балама-ай.

Жер жүзінде әулие,

Күн көзінде әулие,

Қызыр Ілияс атасы,

Диуана Бүркіт бабасы,

Бәріне мен тапсырдым, - деп бата береді. Алпамыс батыр да сапарғашығарда:

- Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,

Бәріңе жылап қылам зар.

Мәдинеде Мұхаммет,

Әубәкір, Омар, Оспан,

Әлі шері арыстан,

Тақсырлар, көрсет панаңды?!

Ғайып ерен қырық шілтен,

Қауыс-қияс жанабы

Бұларды тегіс санады.

Әрқайсысын бір айтып,

Көзінің жасы тарады.

  • Түркістанда құл Қожахмет,

Самарқанда палуан Ахмет,

Бабатүкті Шашты Әзіз,

Қолыңа ал берген балаңды! – деп медет тілейді. Ақтанберді жыраудың атақты толғауы да былай аяқталады:

Бала берсе тезінен –

Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы,

Артылып туса өзімнен! – дейді.

Ежелден келе жатқан көне эпостардың бірі – «Мұңлық-Зарлықта» мыстан кемпір жаңа туған Қаншайымның бауырынан екі бөбегін алып, оның орнына екі күшікті салады. Егіз сәбиді әкеліп суға лақтырады. Сол кезде:

- Ғайып ерен қырық шілтен

Түсірмей судан алады.

Шөгірлінің тауына,

Адам бармас жеріне

Шілтендер алып барады.

Тастан кеулеп үй қылып,

Пана қылып береді.

Екеуіне бір киік

Ана қылып береді.

Ол киікке баланы

Бала қылып береді.

Құдіреті күшті Құдайым,

Таудан алма жегізіп,

Киікті ана дегізіп,

Киік жүрді үш мезгіл

Баласындай емізіп, - деп жырланады. Қырық шілтен Мұңлық пен Зарлықтың есімін қояды. Екеуін үнемі желеп-жебеп отырады. Қиналған кезде:

- Зар жылаймын енді мен,

Дәрменім кетті халімнен.

Ара шөлде өлер болдым,

Медет бергіл, иә, қырық шілтен, - деп медет тілейді. Сол кезде:

Жылап бала торықты,

Әбден шаршап зорықты.

Жылап тұрған кезінде,

Шырқ айналып аспаннан

Ғайып шілтен келіп жолықты.

«Жүргін бері, балам» деп, - қауіп-қатерден сақтап отырады. Осы жырды қарап отырып, кәміл пірі қырық шілтен қолдаған кезде, баланың бойына ерекше күш-жігер бітетіні байқалады.

Пірлері медет берген соң,

Бала судай тасады.

Қайтадан қайрат шашады,

Қарадәуді зарлықтың

Аруағы үстін басады.

Һәрне болса Зарлық хан

Пешенеден көреді,

Пірі медет береді.

Ғайып ерен қырық шілтен

Зарлықтың кәміл пірі еді.

Пірлері медет берген соң,

Енді бала асады,

Көтеріп алып Зарлық хан

Дәуді астына басады, - дейді.

Қазіргі кезде Түркістан облысы Төле би ауданындағы ақбастау ауылының етегінде Ғайып ерен қырық шілтен деген құтты мекен бар. ол жерде Адам ата мен Хауа ананың символы ретінде үлкендігі үйдей екі жалпақ тас қатар тұр. Осы екі тастың айналасында қазақтың дүниетанымында кездесетін барлық мистикалық тұлғалар әртүрлі тас бейнесінде сақталған. Бір сөзбен, әулиелі тастардың ансамблі деп айтса да жарасады. Қазір де Ғайып ерен қырық шілтеннің құтты мекені саналатын осы жерге зияратшылар жыл бойы толассыз келіп жатады.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: