Салт-дәстүр сүрлеулері
27/01/2026, 10:12

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР

Қырықтың бірі – Қызыр

Қызырдың шын есімі – Балия екен. Ол «әбілхаят суын» ішкен соң, Тәңірі тағала оған өлмейтін қасиет дарытып, содан Қызыр атанып кетіпті. Қызыр – «жасыл» деген мағынаны береді. Қызырдың басқан ізі жасыл желекке айналып шыға келеді екен. Қызырдың өлместің суын ішкені туралы ел аузында мынадай қызықты аңыз бар.

Ертеде Ескендір зұлқарнайын патша өлместің суын іздеуге жолға шығады. Ол Қызырды атқосшы, Ұлықпанды аспазшы етіп ертіп алады.

Қызыр жолға жиналып жатқанда әкесі:

- Ұлым, қайда жиналдың? – дейді.

- Ескендір патша өлместің суын іздеуге шықты. Мені жанына ертіп алды, - дейді. Қызырдың әкесі Зәкәрия деген көпті көрген, терең білімді кісі екен. Ол:

- Балам, «Қырықтан өткен жас жоқ, ұйқыдан өткен нас жоқ, қымыздан өткен ас жоқ» деген. Сапарың алыс екен. Жолда аштық пен шөлден қысыласыңдар. Биенің сүті әрі тамақ, әрі сусын болар. Өлместің суы Қап тауындағы үңгірде жатыр. Тауға жақындағанда құлынды үңгірдің аузына байлап кет. Адаса қалсаң, енесі қлынын тауып алады, - дейді де, баласына батасын береді.

Қызыр жолға құлынды бие мініп шығады. Бұлар ұзақ жүріп, шөл далаға тап болады. Шөл қысып, қарындары қатты ашады. Сол кезде Қызыр биенің сүтін сауып, Ескендір мен Ұлықпанға береді. Бәрі саумал ішіп, ес жиып, әлденеді. Ескендір Қызырға қатты риза болады. Биенің сүті Қап тауына жеткенге дейін бұларға азық болыпты.

Тауға жеткен соң, Қызыр әкесі айтқандай, биенің құлынын үңгірдің аузына байлайды. Үңгірдің ішінен үш тарапқа қарай жол шығады. Үшеуі әр тарапқа бөлініп, әбілхаяттың суын іздейді.

Қызыр үңгірдің ішімен келе жатып, бір бұлақты көреді. Шөлдеп келіп, бұлаққа бас қояды. Мейірін қандырып, қасындағы достарын іздейді. Оларды шақырып, әлгі бұлақ аққан жерге әкеледі. Қараса жаңа ғана ағып жатқан мөлдір бұлақ лезде тартылып қалыпты. Ескендір әбілхаят суының өзіне нәсіп болмағанын бірден біледі де шарасыз халде сұлқ етіп отыра кетеді. Алланың ісіне шара жоғын білген соң:

- Құдайдың жазуы солай шығар. Саған бұйырыпты, Қызыр. Енді қияметке дейін тірі жүру бақыты саған ғана нәсіп болады, - дейді.

Үңгірден шығатын кезде жолды таппай үшеуі адасады. Сол кезде Қызыр атының басын жібергенде, бие өзінің құлынын тауып шыққан екен.

Үшеуі кері қарай елге қайтады. Жолда келе жатып құмырсқаның патшасына кезігеді. Ол Ескендірді қонақ етіп күтеді. Зұлқарнайын оған әбілхаят суын іздеп шыққанын, бірақ судың бұйырмағанын айтады. Құмырсқаның патшасы оны аяп:

- Ұзақ жолкезіп, біраз жерді шарлапсың. Еңбегің еш кетпесін. Менде Сүлеймен пайғамбардан алған бір уыс ұн бар. соны пісіріп же. Ұзақ ғұмыр кешпесең де, мың жасайтын хакім боласың, - дейді.

Ескендір ұнды орамалға түйіп алып, аспазшы Ұлықпанға беріп:

- Нанның еш жерін күйдірмей пісір. Мен сәл мызғып алайын, - деп ұйқыға кетеді.

Ұлықпан нанды пісіріп жатып, астын күйдіріп алады. Патшаға күйген нанды жегізуге ұялып, күйген нанды өзі жеп қояды. Оның орнына басқа ұннан қайтадан нан пісіреді.

Ескендір ұйқыдан тұрып, қасиетті нанды сұрайды. Ұлықпан әкеліп береді. Патша нанды жеп отырып:

- Мынау мен әкелген ұн емес қой, - дейді. Ұлықпан:

- Иә, ол емес. Ол нанды күйдіріп алдым. Күйген нанды сізге беруге ұялып, оны өзім жеп қойдым. Мынаны басқа ұннан пісірдім, - ейді. Ескендір бұл жолы да аһ ұрып өкінеді:

- Менің бұл сапарым Қызырдың әулие, Ұлықпанның хакім болуына себеп болған екен. Біріңнің атың, біріңнің затың ұзақ жасайды. Құдай маған патшалықты берді. Соған шүкіршілік етуім керек екен. Қуған жетпес, бұйырған кетпес деген. Кең Құдай сендерді молынан жарылқапты. Сапарда адал серік болдыңдар. Қиындықтан қашпадыңдар, мен сендерге ризамын, - деп, Тәңірдің қалауына мойын ұсыныпты.

Осыдан бастап, Ұлықпан хакім атаныпты. Мың жасап, елге қайырлы іс қылыпты. Мың бір ауруға шипа тауыпты. Қызыр әбілхаяттың суын ішіп, мәңгі жасайтын адамға айналыпты. Оның назары түскен момындар міндетті түрде бақытты да берекелі тұрмыс кешеді екен деседі.

Қызыр пайғамбар туралы ел арасында «қырықтың бірі – Қызыр, мыңның бірі – Уәли», «қыздың жақсы болғаны, Қызыр шалды десеңші, қыздың жаман болғаны, қырсық шалды десеңші», «Қызыр назар салмаса, есек базарына делдал болмассың», «періште ұяласын, Қызыр қияласын» деген мақал-мәтелдер бар.

Бата-тілектерде де қызыр ата туралы «бөденедей жорғалап, қырғауылдай қорғалап, Қызыр келсін қасыңа» деген тіркестер өте көп кездеседі. «Қыз Жібек» жырында Сансызбай ағасы Төлегенді іздеп жолға шыққалы жатқанда шешесі:

Сәтті болсын асапарың,

Жақсымен болсын қатарың.

Қызыр, Ілияс пайғамбар,

Жолдасың болсын, Сақаным, - деп бата береді.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 3 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: