| 19/01/2026, 22:50 | |
ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР Мифке сүйеніп, прагматикалық жобаларды эүзеге асыруға әсте болмайды. Оның соңы апатқа әкеп соқтырады. Карен Армстронг кітабында осы пікірін нықтай түсу үшін мынадай фактіні келтіреді. 1005 жылы папа Урбан ІІ бірінші Крест жорығын мифке емес, логосқа сүйеніп ойлап табады. Ол кезде Еуропада бір-бірімен қырқысып жатқан рыцарьлар папа үшін бас ауру болатын. Өзін өзі құртуға айналған христиан әлемін ішкі соғыстан құтқару үшін, әрі иелігіндегі жерді кеңейту үшін папа әскери күш-қуатын Таяу Шығысқа қарай бұрудың амалын жасайды. Есеппен ашылған бұл майдан юасында папа үшін жемісті болды. Рыцарьлар Таяу Шығыстағы бірнеше қамалды сәтімен басып алды. Олар әскер санын толтырып, азық-түлігін реттеп, аймақты барлап алып, содан кейін соғысқа кіретін. Бірақ көп ұзамай бұл жорық христиандардың басына бәле боп жабысты. Себебі дінбасылар соғысқа жұртты жаппай тарту үшін жаңадан өтірік мифтер ойлап тауып, оларды отқа айдап салды. «Құдай үшін соғысқандарды періште желеп-жебеп тұрады» деген өтірік аңызға бәрі сенді. Сау ақылға жүгініп, әрбір қимылын аңдап басатын қасиетінен жұрдай болған христиандар әскери жағынан, қала берді, моральдық тұрғыдан да кері кетіп, соғыста масқара боп жеңілді. Тап осылай миф пен логосты шатастырудың кесірінен апатқа ұшыраған оқиғалар қазақ тарихында да көп кездеседі. 19-ғасырда Ресей әскері Орта Азияны жаулап келе жатып, 1864 жылы Түркістан шаһарына келіп тіреледі. Қаруы басым орыс әскері қаланы оп-оңай қоршап алады. Сол кезде қоқандық діндарлар бастаған қожа-молдалар Яссауи кесенесіне барып тығылады. Олар: «Біз әулиенің басында жатырмыз. Әулиенің кереметі бізге кәпірдің оғын дарытпайды. Берілуге негіз жоқ» деп қарсыласады. Әскерді бастап келген Веревкин ғажайып атқылауға қимай тұрған кезде, қашып келген тұтқыннан әулиенің оқ дарытпас қасиеті жайында әңгіме тарап, ол әңгіме қоқандықтарға жігер беріп тұрғанын естиді. Бұдан соң Веревкин кесенеге зеңбіректен 12 рет оқ атуға бұйырады. Снаряд тиген асхана бөлмесінің күмбезі мен қабырғасы қирайды. Қоқан діндарлары Ташкентке қарай қашып кетеді. Біздің заманда да мифтік таным мен логосты шатыстырып, тұйыққа тірелетін жағдайлар жиі кездеседі. Миф пен логосқа қатысты ойымыз анық бола түсу үшін тағы да мынадай қарапайым түсіндіру фактіні келтіре кетелік. 5-7 жасар баланы сүндеттеу дәстүрін логспен түсіндіру мүмкін емес. Бұл дәстүрдің негізгі мағынасын ұмытып қалғандықтан, қазіргі адамдар оны барынша логосқа сүйеніп, ғылыммен түсіндіргісі келеді. яғни, «Бұл баланың денсаулығына пайдалы. Микробтың жиналуына жол бермейді. Бұл гигиеналық мақсатты көздегеннен шыққан» деген сыңайда кете береді. Бірақ бұған осылайша таза ақылмен жауап берілсе, онда «сүндеттеу адам үшін соншалықты пайдалы болса, Құдай барша адам баласын неге бірден сүндеттеп туғыза салмайды?» деген тағы бір логикалық сұрақ шыға келеді, не болмаса, «сүндеттеу дәстүрін қолданбайтын бөтен халықтар одан айтарлықтай зардап шекпей-ақ мұсылмандармен бірге өсіп-өніп келе жатыр емес пе?» деген сұрақ туады. Сондықтан, сүндеттеу салтын тек миф арқылы ғана терең түсіндіре аласыз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 12 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
